Көктем келер тасқынды алып…

Көктем мезгілі жақындаған сайын су басу қауіпі бар аймақтардағы ағайынның көңіліалаң-елең болатыны бар.Айтып келмес апатты ауыздықтау да оңай-оспақ шаруа емес. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы Қанат Доспаев жылдағы күрмеуі қиын осы мәселеге тоқталды.

Қанат Доспаев алдымен, жылыту маусымына байланысты ақпараттарды алға тартты.

–Жыл сайын жылыту маусымында республикамызда, оның ішінде біздің облыс аумағында да тұрғын үй секторында өрттердің саны бірнеше есеге өседі, олардың себебі, пештерді және электрмен жылыту аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау болып табылады. Сонымен қатар, адамдар улы газбен уланудан жарақат алады. Мәселен, 2023-2024 жылдардағы жылыту кезеңінде облыс аумағында 254 өрт сөндірілді, өрт орынынан құтқарушылардың күшімен 20 адам құтқарылды, оның 5-еуі бала.Сонымен қатар, өрт кезінде 11 адам қаза тапты, оның 4-еуі ішімдік ішкен, 1-еуі ұйықтап жатқанда және 6 адам басқа себептерден қаза тапты, 9 адам жарақат алды, оның ішінде көміртегі газынан 3адам уланды.Өрттің негізгі себептері пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудан болуда. Осындай олқылықтардың салдарынан орны толмас қайғылы оқиғалар орын алып отырғандығын да жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Атбасар ауданының Сочинское ауылында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандықтан, жылыту пешін орнату кезінде үш адамнан тұратын бүкіл отбасы қаза тапты. Осыған ұқсас себептермен тағы бір қайғылы оқиға Щучинск қаласында орын алды, онда өрт салдарынан екі ересек адам қайтыс болды, – дей келіп, басқарма басшысы өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Бұдан кейін спикер өз баяндамасында су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы баяндады.

– Қызыл су кешпес үшін, тиісті алдын алу шаралары атқарылып жатыр, қазіргі уақытта облыс бойынша гидрометеорологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен, тәуекелдері жоғары өңірлерге Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандары жатады.Облыстық инженерлік қорғау жоспарының орындалуы 127 елді мекеннің 112-сінде су басу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар 10 аудандағы 15 өзен учаскелерінде 20 мың шаршы метрден астам алаңда мұзды әлсірету бойынша жарылыс жұмыстарын жүргізуге шарттар жасады.486,5 мың текше метрден астам қар шығарылды. Өңірлерде 236,4 тонна жанар-жағармай, 21,8 мың тонна инертті материалдар, 81,7 мың қап дайындалды. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасуда.Су тасқынына дайындықты бақылау мақсатында 85 елді мекенде 100-ге жуық рейд ұйымдастырылды. Су тасқынына қарсы шаралар туралы халықты ақпараттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жөндеуге жататын 24 гидротехникалық құрылыста ықтимал тәуекелдерді мониторингтеу мақсатында оларды транзиттік режимге ауыстыру жөнінде шаралар қабылдау үшін тәулік бойы бақылау бекеттерін қою мәселесі қолға алынды. Барлығы осындай 82 бекет қойылмақ, – дейді Қанат Доспаев.

Ол өз сөзінде «Көктем-2024» оқу-жаттығу шеңберінде 8-9 ақпанда азаматтық қорғау кіші жүйесінің күштері мен құралдарының дайындығына 2032 адам, 1005 техника оның ішінде инженерлік – 352 техника, соның ішінде 318 автокран, бульдозер, экскаватор, тиегіш, халықты, малды эвакуациялау, тасымалдау үшін эвакуациялық құралдар тексерістен өткендігін баса айтты.

Төтенше жағдайлар департаменттерінің күштері мен құралдарын топтастыру жеке құрамның 398 адамын, 73 техниканы, 10 жүзу құралдарын, 82 мотопомпаны құрайтындығын да атап өтуге болады. Наурыздың бірінші онкүндігінде облыс әкімдігі мен облыстық төтенше жағдайлар департаментініңбірлескен комиссиясы облыстың аса қауіпті аудандарында су тасқынына дайындық бойынша тексеру жүргізетін болады. Су тасқыны жағдайы қиындаған ауданға облыстың басқа өңірлерінен ТЖД күштері мен құралдарын көшіру жоспарлануда. Су тасқынына дайындық бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда. Тасқын суларды апатсыз өткізу бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар