Батырлық ата-баба салтында бар

«Көкшетау» мәдениет сарайының ұйымдастыруымен Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына және Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған «Жас батыр – 2024» байқауы болып өтті. Байқауға облысымыздың Аршалы, Атбасар, Зеренді, Сандықтау, Бұланды, Бурабай аудандары мен Қосшы және Көкшетау қалаларынан оқушы балалар қатысты.        

Алдымен дүбірлі байқаудың мерейлі мақсаты туралы бір ауыз сөз айта кетсек дейміз. Басты мақсат – жастардың бойына ұлттық тәрбие құндылықтарын сіңіріп, ұлтжандылық сезімін ұштап, өр рухтың өршіл мінезін қалыптастыру. Ежелден қазақ халқы ер азаматтың тәрбиесіне  айрықша назар аударған. Ат жалын тартып мінісімен, адамгершілікке, батылдыққа, шапшаңдық пен ептілікке, ең бастысы, имандылыққа баулыған. Бұл жолғы «Жас батыр» байқауы барысында өңірдің бірнеше аудандарынан келген оқушы балалардың бойындағы өміршең өнері ортаға салынды. Ұлттық тәрбиеге уызынан жарыған жеткіншектер, бір-бірінен өткен өнерлерін көрермен назарына ұсынды.

Бір жақсысы, байқауға қатысушы балалар бойларына рухани байлық жинаған, төңірегін сол бір шуақты өнермен көрікті еткен көкөрім балғындар екен. Бірі сахна төрінде әуелете ән шырқаса, енді бірі актерлік шеберлігін паш етіп, ұлы тұлғалардың өмірінен хабардар етер көрініс қойды, енді бірі қазақтың кестелі сөз өнерінің бар мәйегін көрсете білді. Бірінен бірі озатын кіл жүйріктің ішіндегі топтан озған тұлпарды анықтау да оңай болмағаны анық.

Дегенмен де, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда…» демекші, тіл жанашыры Қаратай Бәйкенов  бастаған қазылар алқасының ұйғарымымен жүлделі ІІІ-ші орыннан Көкшетау қаласындағы №21 мектеп-лицейінің оқушысы Алдияр Балташ, Бурабай ауданының абыройын асқақтатқан Фархат Жабағин, Сандықтау ауданының Қызыл Қазақстан ауылы орта мектебінің оқушысы Ашкен Нұрсаят көрінсе, жүлделі  ІІ-ші  орынды Бұланды ауданы Никольск ауылының орта мектеп оқушысы Нұрсұлтан Хұмархан мен Краснояр ауылындағы №3 орта мектебінің оқушысы Абдукахор Нұрислам өзара бөлісті. Зеренді ауданының Ақадыр ауылындағы орта мектеп оқушысы Зибат Данияр жүлделі І-ші орынмен марапатталды. Ал, бас жүлдеге – Қосшы қаласындағы Р.Қошқарбай атындағы №1 жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Болат Жеңіс ие болды.

Байқауға қатысқан барша жас дарын иелері ұйымдастыру алқасының арнайы естелік сыйлықтарымен және дипломдарымен марапатталды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар