Халықтың жағдайын жақсарту басты бағыт

Кеше сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті тоғызыншы сессиясында Ақмола облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі тыңдалды. Сессияға облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жүсіпов төрағалық етіп, жүргізіп отырды.

Сессияға облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудан, қала әкімдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

–Сессияның күн тәртібіне сәйкес облыс әкімінің өзіне жүктелген міндеттері мен функцияларын орындауы туралы» есепті облыс әкімінің міндетін атқарушы Елдос Рамазанов баяндады. Ол есебінде өңірдегі ағымдағы ахуал және облыстың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына тоқталды.

–Ел Президенті Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан дамуының жаңа деңгейге көшу бағытын айқындап берді.Айтылған міндеттердің барлығы, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылық, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін нақтылы бағдар болып табылады, –дей келе, Елдос Мұратұлы өткен жылдықорытындылап, өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын тілге тиек етті. Баяндамашының мәлімдеуінше, даму көрсеткіштерінің төмен нәтижелері тек құрылыс жұмыстары мен ауыл шаруашылығы саласында орын алыпты.

–Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жаңа экономикалық модельге көшу және 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру жөнінде нақты міндет қойған болатын. Біздің міндетіміз – жалпы өңірлік өнім көлемін жыл сайын 6 пайыздық өсіммен 7 триллион теңгеге дейін жеткізу.Ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындарының тұрақты жұмысын, астық жинайтын комбайндар өндірісінің көлемін 13 пайызға, тракторларды өндіру көлемін 6 пайыздан астам, ұнды – 10 пайызға, ет пен қосалқы өнімдерді өндіру көлемін 20 пайызға ұлғайту есебінен биыл өнеркәсіп өнімінің көлемін 1,9 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Оның ішінде өңдеуді – 1,5 триллион теңгеге дейін жеткізу көзделуде, – деп атап өтті Е.Рамазанов.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру үшін егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары басталыпты. Бұл майлы және жемшөп дақылдарының аумағын екі және одан да көп есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өнімділікті арттырудың маңызды факторы минералды тыңайтқыштарды қолдану болып табылады. Осы жылдың өзінде алға қойылған мақсаттарға жету үшін бұл көрсеткіш 2,3 есеге ұлғайтылып, 260 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланыпты.

Негізгі міндеттерге тоқтала келе, баяндамашы облыс орталығын жылумен қамтудың өзекті мәселесін алға тартты. Өткен жылдың соңында Қазақстан Үкіметі мен Ресей Федерациясы арасында үш Жылу электр орталығын салу, оның ішінде Ақмола облысы бойынша Көкшетау қаласында бұл әлеуметтік нысанның құрылысын бастаужөнінде меморандум жасалғаны айтылды. Жылдар бойы өзектілігін жоймай келе жатқан жылумен қамту мәселесі жақын жылдары шешілсе, халықтың көңілі орнығар еді. Оның іске қосылғаны қаланы қосымша электр және жылу энергиясымен қамтып қоймай, кәсіпорындардың өндірісіне де пайдасын тигізері анық. Сонымен бірге, 15 жыл бойы жыр болған су тазарту құрылғыларын қайта жаңғырту жобасы бойынша былтырдан бері сең орнынан қозғалды. Биыл созбалаңға салынған бұл жобаны аяқтау мақсатында қазынадан 4 миллиард теңге қарастырылып, жұмыс қызу жүріп жатқан көрінеді. Сонымен бірге, облыс орталығындағы сонау 90-шы жылдары салынған кәріз жүйесін тазарту құрылғылары да әбден тозығы жетіп, шіруге таяп қалғаны көпшілікке мәлім жағдай. Бүгінде бұл мәселені шешу үшін арабтың «Метито» компаниясымен меморандум жасалып, 2026 жылға дейін оның құрылысын аяқтау жоспарланыпты.

Егіндікөл мен Қорғалжын аудандары бойынша аты шулы мәселеге айналған халықты үздіксіз ауызсумен қамту жайы да есепте қамтылды. Астана агломерациясын дамытудың Кешенді жоспары шеңберінде 2024-2028 жылдарға құрылыс жұмыстарын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ, экологиялық тұрақтылықты, қауіпсіздікті және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жалпы сомасы 1 триллион теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген.

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Елдос Мұратұлы баяндамасын аяқтай келе, өңір тұрғындары әр бастамадан нәтиже күтетіндігін алға тартты және халық қалаулыларына алдағы уақытта да ел игілігі үшін бірлесе еңбек ететіндіктеріне сенім білдірді. Есепті талқылау бойынша жарыссөзде Қосшы қаласы мәслихатының төрағасы Әлихан Қуатбеков, облыстық мәслихат депутаттары Умар Шоназаров пен  Владимир Камышанский сөз сөйледі.

Сессия барысында «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы»,«Ақмола облысын басқару сұлбасын бекіту туралы» шешімдерге өзгерістер енгізілді. Аталған мәселелер бойынша ақпаратты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шұғырмақова жеткізді.

Сондай-ақ, депутаттар «Ақмола облысында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы» шешім қабылдап,  Ақмола облысы әкімдігінің, бюджеттік және жер комиссияларының дербес құрамдарын бекітті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар