Ұлттық киім – ұлттық бет-бейнеміз

Ендеше, оны Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті киіп жүруді дәстүрге айналдырайықшы.

Қазақтың ұлттық киімдері өзіндік үлгісімен, ою-өрнегімен халқымыздың дизайнерлік өнерінің биік екендігін әлемдік сән бәсекелерінде мойындатқалы қашан. Тіпті, ұлттық киімдеріміздің кей үлгілері өркениетті елдердің музейлерінде құнды жәдігер ретінде сақталып та тұр. Еш халықтан кем түспейтін ұлттық киімдерімізді тек белгілі бір мейрамда ғана емес, күн сайын киіп жүруді әдетке айналдырсақ, керемет емес пе?! Қазақы костюмдерімізді түгелдей образдық бөліктерімен кимесек те, тым болмағанда, оның бір бөлшегін, мысалы, қыз-келіншектеріміз желеткесін, қажекейін, не қамзолын кисе, ұлттық нақыштағы әшекейлерін тағып жүрсе, ерлеріміз иықтарына шапанын жауып, бастарына тымақ, бөрік, не тақия киіп жүрсе, ол өсіп келе жатқан  жас ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз. Жастар өзінің туған халқының арғы замандарда кім болғанын санасына құйып, ұлттық құндылықтарымыз мен мәдениетімізді ойларына түйіп өспес пе еді?!

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен ауызашарда сөйлеген сөзінде:  «Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі –ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан, ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында, я болмаса басқа мерекелерде киіп жүрсе керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты» деген болатын. Осыдан кейін Наурыз мерекесін атап өтудің тұжырымдамасын өзгертуге тапсырма да берілген еді.

Наурыз мейрамы жақындағалы кейбір мемлекеттік мекемелер ұлттық нақыштағы киімдерді кие бастады. Былтыр 1 желтоқсаннан бастау алған «Ұлттық сезім» флешмобы биыл да жалғасын тауып, қаңтардың 10-ынан бері өңір мектептерінде әр аптаның дүйсенбісі ұлттық нақыштағы желет кию мен қыздарға ұлттық әшекей тағып жүру дәстүрге енгізілді. Көптеген мектептер сынып-сынып болып бір үлгідегі желеттерге тапсырыс беріп, бірдей киіну қолға алынды. Әлеуметтік желілерден байқасаңыздар, әдемі көрініс. Ел байрағы түстес, әрі ұлттық нақыштағы желеттер киген оқушыларды, этно стильдегі қажекей киген қыздарды көргенде ұлтымыздың мәдениеті мен қолөнеріне тәнті боласың, көзің тояды. Облыс орталығындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған облыстық №3 мектеп-интернатында да бұл жоба сәттііске асырылып, ұстаздар мен оқушылар әр дүйсенбі ұлттық киім киюді әдетке айналдырғаны бізді де сүйсінтіп отыр. Білім ордасындағы кез келген сыныпқа кіре қалсаңыз, қазақтың иісі аңқыған бұрынғы ауылдарымызға барғандайкүй кешесіз…

«Ұлттық сезім» жобасы былтыр қолға алынып, еліміздегі ірі компаниялардың қызметкерлері бір күн бойы ұлттық киімдерді киіп, ұлтымыздың сән-салтанатын насихаттаған болатын. Бұл бастама мәдени байлық пен салт-дәстүрге мән беру арқылы ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған.

Осы флешмоб басталғалы әрі Наурыз мейрамына орайластырып ұлттық нақыштағы бір қамзол алмақшы болып сауда үйлерін араладым. Алған соң, дұрысын, сапалысын кигің келеді ғой, әйтпесе, базарда қырғыз ағайындарымыздың қолынан шыққан қазақы киімдер сыңсып тұр. Бір күн аралап жүріп, өзіміздің қазақтың шеберлерінің инесімен бастырылған бір желетке, не бір қамзол таба алмадым. Қазақы нақыштағы киімдер сататын қырғыздардың дүңгіршектеріне баруыма тура келді. Олар былтырдан бері елімізде «Ұлттық сезім» жобасының басталғанын «біліп алған-ау», балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, қарттарымызға дейін киетін ұлттық киімдердің түр-түрін толтырып қойыпты. Ұлттық ою-өрнекпен және этно стильде тігілген қыз-келіншектердің киімдері көздің жауын алады, бағасы да аса қымбат емес, бірақ сапасы сын көтермейді. Мейрамда бір-екі киюге жарап қалар демесең… Дегенмен, ұлттық киімді жиі киіп жүретін келіншектер оларды менсіне бермейді. Сөйтіп, «Ақай» сән үйіне барып, өзім қалаған ұлттық нақыштағықажекей тігіп беруге тапсырыс бермекші болдым. Бағасы да қалтамды біраз қақты. Өзіміздің шеберлер тігетін мұндай ұлттық нақыштағы киімдердің қымбат болуының себебін сән үйінің директоры Ғалия Алдабергеновадан сұрап білдім.

–Ұлттық киімдерге тапсырыс, әсіресе, ақпан мен наурыз айларында, яғни «Ұлыстың ұлы күніне» орай көбейеді. Ал, жазда үйлену тойлары басталғанда, қыз ұзатуға, басқа да отбасылық мерекелерде ұлттық үлгідегі киімдерге сұраныс артады. Басқа уақыттарда ұлттық киімге аса тапсырыс берілмейді, сұраныс жоқ, тек мәдениет үйлерінің ұжымдары тарапынан болмаса. Ал, енді неге қымбат деген сауалыңызға келсем, иә қырғыздардың тіккен бұйымдары арзан. Себебі, олар шикізатты Дордой сияқты матаның мың сан түрі сатылатын ең үлкен көтерме сауда орындарынан алады және бір киім түрін, мысалы қазақша қамзолды біз сияқты 10-20 данадан ғана емес, сұранысқа байланысты мыңдап, он мыңдап тігеді. Олар сол тіккен заттарын Қытай және басқа да алып-сатарлар арқылы жүзеге асырады. Мың даналап тіккеннен кейін, оның матасы мен сапасына кім көңіл аударып жатады? Әрі Қырғызстанда жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпкерлер салықтан босатылған, олар біздер сияқты тапқан табысының 20 пайызын мемлекетке қайтармайды. Ал, бізде қалай?  Біз матаны Қытай, Түркия елдерінен және Дубайдан сатып аламыз. Оның үстіне, біздің елде мемлекеттік сатып алу деген кәсіпкерлердің ісін дөңгелетуге мұрша бермейтінзаң бар, соның шеңберінде біз секілді тігін қызметін көрсететін шағын кәсіпорындарға үлкен тапсырыс алуға мүмкіндік жоқтың қасы. Тіпті, ұлттық киім болсын, басқа да кәсіби форма болсын, тігуге келісіп қойған мекемелер де біздің жұмысымызды қымбатсынып, сол мемлекеттік тапсырыспен арзан бағаға басқа жақтан сапасы белгісіз костюм сатып алады, кейін оның сапасы мен тігісіне көңілдері толмай, бәрібір бізге сол сатып алған затын қайта өңдеп тіккізуге әкеліп жатады. Кейде мемлекеттік мекемелер өңірге келген сыйлы қонақтарға бағалы шапандар мен қамзолдар тіккізеді, бірақ, кейін оның ақысын төлеуге келгенде,заң шеңберінде қиналады, себебі, ақша сол мемлекеттік мекеменің тапсырысы бойынша мемлекеттік сатып алу базасынан өтуі керек, ал, олар біздің тіккенімізді қалап, тіктіріп қойды делік, біз дайындап, тігіп бердік, енді сатып алуға шығарса, оны оңтүстік аймақтар алып қоюы әбден мүмкін. Қазір, тіпті сондай белгілі бір тұлғаға шапан тіккізіп, оның ақысын заң шеңберінде қалай төлейтін жолын таба алмай жүрген мекемелер бар. Мұндай жағдайлар өте жиі орын алып жатады. Сондықтан, біздің өңірде ұлттық киімді тапсырыспен тікпесек, басқа жағдайда тігу тиімсіз. Көбірек тігіп қойсақ өтпейді. Ал, тапсырыспен тігілген бұйымдарымыз барлық жұмысы мен шығындарын есептей келгенде, қымбатқа түсетініосыдан, –деп түсіндірді Ғалия Серікқызы.

Жалпы, ұлттық киімдерді біздің облысқа жақын орналасқан Астана қаласында да тігіп, сауда орындарында сататын дизайнер-кәсіпкерлер жетерлік. Бірақ, олар киімнің негізгі шикізатын – матасын, әшекейлік бұйымдарын Түркия сияқты жеңіл өнеркәсібі дамыған елдерден алдырып, Қазақстанда тігеді. Сондықтан, олардың да бағасы шарықтап тұр. Мәселен, әйелдердің ұлттық нақышта жасалған жаздық жібек көйлектері оларда 30 мың теңгеден басталса, зерлі тастармен өрнектеліп жасалатын дизайнерлік түрлері 100 мың теңгенің үстіне шығады. Ал, қырғыздардың дәл сондай көйлегі 10-15 мың теңге аралығында. Жаздық шапандардың ең арзаны отандық кәсіпкерлерде 50 мың теңгеден, қыстық шапандары 80 мың теңгеден басталады. Бұл айтып отырғанымыз дайын киімдері, ал тапсырыспен тіккізетін болсаңыз, онда бір бешпент-күртешенің өзі 100-150 мың теңгеден артып түседі. Бір еңбекақыға қарап отырған қарапайым халық сол себепті отандық өндірістен гөрі, қырғыз ағайындардың бір киер киімін алуға мәжбүр.

Біздің өңірде ұлттық киімдерге деген сұраныс Наурыз мейрамынан басқа уақыттарда аз екені рас. Себебі, біздер ұлттық нақыштағы киімдерді тек сол Наурыз мейрамы таяғанда, немесе отбасында мерекелер болып, салт-дәстүрлеріміздің рәсімдері орындалатын болса, киіт кигізуге, құдалыққа жолдау сияқты жағдайларда ғана іздейміз. Ал, басқа жағдайда, күнделікті жүріп тұруға, жұмысқа ұлттық киімдерімізді кие бермейтініміз рас. Кей кезде көшеде әжелеріміздің өзі шалбар киіп, заманауи шаш үлгісін қойып, шашын бояп кетіп бара жатқанда, «шіркін-ай, осы кісі жастарға еліктегенше, әже болып көйлек киіп, кимешек жабынса, қандай тамаша болар еді» деп ойлайсың. Аталарымыз да көшеде шапан киіп, қыста тымақ, жазда бөрік не тақиямен жүрсе,ұрпаққа үлгі әрі өзіне де жарасымды болар еді.

–Мен кіші қызымның балабақшадағы ертеңгілігіне қазақша көйлекті көп іздеген жоқпын. Базардағы қырғыз саудагерлерінен арзан бағаға сатып алдым. Қазір көбі сол жерден алады. Алған көйлекті өзім қайта тігіп шығамын. Себебі, ою-өрнектері желіммен жапсырылатындықтан, ол лезде түсіп қалады, сондықтан, қайта басып, тігісін жатқызамын. Кіші балама алған ұлттық желет те сондай. Тігіншілерге тапсырыспен тіккізейін десем, оларға матасын сатып алып беруің керек, оған уақыт та қажет, жұмысына да біраз ақша алады. Одан да сол ақшаға екеуін сатып алғаным дұрыс емес пе, кейін өзім реттеп аламын, –дейді Сара есімді көпбалалы ана.

Иә, біздің айтып отырғанымыз да осы ғой…

Ұлттық киімдерімізді белгілі бір той-томалақ пен Наурызда ғана емес, сариін үстінен тастамайтын үндістер тәрізді, қыздары басынан орамалын шешпейтін тау халқы сияқты бір ұлттық белгісі бар киімді үнемі киіп жүруді әдет қылайықшы. Қазақтың иісін аңқытып, сыртқы келбетімізден-ақ осы елдің иесі біз екенімізді көрсетіп жүрейікші. Еуропаның киімі ыңғайлы шығар, бірақ, біздің оюы ойылып, өрнектермен көмкерілген, маржанмен апталып, түрлі-түсті әсем тастармен қапталған киімдеріміз олардан мың есе артық қой, мың есе сәнді ғой. Ұлттық болмысымыз бен мәдениетімізді, әсіресе осы ұлттық киімдерімізді өзіміз насихаттаудан жалықпайық, шын ниетпен, ықыласпен киюді бастайық!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар