Дайындық деңгейін уақыт көрсетеді

Жуырда, Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Әділ Шайкенов пен Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жолымбетов өңірлік коммуникациялар қызметіндекөктемгі су тасқыны кезеңіне аудандардың дайындығы туралы брифинг өткізді.

Ақмола облысында Атбасар ауданы жоғары су тасқыны қаупі бар өңірлердің бірі болып табылады. Аудан аумағында су тасқыны қаупіне ұшыраған 16 елді мекен бар. «Қазгидрометтің» мәліметінше, қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдануын, оның қату тереңдігін, қар астында мұз қабығының болуын талдай отырып, ағымдағы жылы ауданда Жабай өзені деңгейінің көтерілу және оның жағалаудан шығу қаупі бар екенін анықтаған. Бұл тұрғын үйлерді су басу қаупін туғызады. 2024 жылғы су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындық шеңберінде тұрғын үйлерді су басуға жол бермеу үшін он бір елді мекенде сақтандыру шаралары жүргізілген. Су тасқынының алдын алу шараларын жүргізуге аудан бюджетінен 106,6 миллион теңге бөлінген. Ауданда бес гидротехникалық құрылыс бар. Олардың төртеуі қанағаттанарлық жағдайда болса, «Сепе-2» бөгеті керісінше жағдайда. 2022 жылғы күзгі тексеру қорытындысы бойынша оны гидротехникалық есептен алып, тиісті материалдарыноблыстық табиғи ресурстар басқармасына жіберген.

– Су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын жүргізуге 136 адам және 45 техникадан тұратын ұйымдар мен кәсіпорындардың арасынан азаматтық қорғау күштері мен құралдары тартылады. Олардың ішінде төрт жедел жасақ құрылды. Жүк және су сору техникасы бекітіле отырып, он кәсіпкермен қар суын соруға арналған меморандум, шарттар жасалды. Жалпы аудан бойынша 375 адам, 122 инженерлік техника дайын. Су тасқынына қарсы жұмыс қиындаған жағдайда техниканы ұсынуға жәрдемдесу бойынша карьерлік техника иелерімен жұмыс кездесулері өткізілді. Келісім бойынша аудан аумағында төрт шынжыр табанды экскаваторға қол жеткізілді, – дейді Әділ Болатұлы.

Сондай-ақ, халықты эвакуациялау жоспары әзірленіп, әрбір үйге азаматтық қорғау күштері бекітілген. Атбасар қаласы мен ауылдық елді мекендерде үйлер есепке алынып, 690 адам эвакуциялау алгоритміне енгізілген. Ауданда мұндай ерекше назар аударылған Жабай өзенінің бойында орналасқан Полтавка, Титовка, Покровка, Садовое, Борисовка қатарлы елді мекендері бар. Ағымдағы жылдың 11 наурызынан бастап аудандық азаматтық қорғау қызметтері, күнделікті қызмет режимінен жоғары дайындық режиміне ауыстырылған. 16 наурыздан бастап, жедел су тасқынына қарсы штаб Жабай, Жыланды, Есіл өзендерінде мұз қабатын ұсақтау және қопсыту бойынша жарылыс жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен бірге, Аршалы ауданының аумағында сегіз гидротехникалық құрылым бар. Оның ішінде республикалық меншікте Жібек жолы ауылындағы «Астана» су қоймасы,Есіл өзеніндегі «Безымянный» бөгеті, Ақбұлақ ауылдық округіндегі Батпакөл көлінің бөгетін атауға болады және де коммуналдық меншіктегі бес бөгет бар. Олар, Бірсуат су қоймасының бөгеттері, Кенетай көлдері, Красное көлі, Анаркөл, «42 разьезд» су қоймалары.

– Ағымдағы жылға арналған аудан бюджетінде қаржы қаражаты бойынша «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою»бағдарламасына жиырма бес миллион теңге бөлінді. Оның ішінде «Төтенше резервке» жиырма сегіз миллион, «Шұғыл шығындарға арналған резервке»жиырма бір миллион теңге және жолдарды тазалауға, қар шығаруға 194 миллион теңге қарастырылған, – деп Ержан Жолымбетов ауданның су тасқынына дайындығын баяндады. Айтылғандарға қоса, аудан әкімдігі 1500 литр бензин сатып алса, қосымша 3000 тонна дизель отынын сатып алу жұмыстары жалғасуда. «1,5 мың тонна инертті материалға меморандум жасалды. Аршалы ауданында көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға қажет болған жағдайда тартылатын барлық меншік нысанындағы күштер мен құралдар 121 адамды, 66 инженерлік арнайы техниканы құрайды».

Естеріңізде болса, Атбасар ауданында бұған дейін 2014, 2017 жылдары су тасқыны болып, үлкен шығынға батқан еді. Көптеген тұрғын үйлер суға кетіп, қиын жағдайлар орын алған. Өткенді қайталамас үшін аудандар барынша дайындалған сияқты. Бұл қаншалықты солай екенін уақыт көрсетеді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар