– Ақмола облысында 29 жастағы әйел із-түсіз жоғалып кетті.
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 наурызда Көкшетау қалалық полиция басқармасына Зеренді ауданының тұрғыны хабарласып, әйелі Гүлдана Мақсұтқызы Жүсіпованы іздеуге көмек сұраған. Ер адамның сөзінше, әйелі 27 наурызда Ортақ ауылынан Көкшетау қаласына кеткен. Содан бері одан еш хабар жоқ.
«Қазіргі кезде жоғалған әйелді іздестіру шаралары жүргізілуде. Барлық полиция бөлімшелеріне бағдарлау жіберілді. Сонымен бірге, қаланың барлық бейнебақылау камераларындағы жазбалар тексеріліп жатыр», – деді ведомстводан.
Жоғалған әйелдің бойы 170-175 см, дене бітімі орташа, көздері қоңыр. Басына ашық түсті бас киім, үстіне жасыл күртеше, сұр түсті шалбар киген.
Гүлдана Мақсұтқызының орналасқан жері туралы қандай да бір ақпаратқа ие адамдар болса, дереу 8 (716-2) 25-78-05 немесе 102 телефон нөмірлері бойынша хабарласуға болады.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда із-түзсіз жоғалған тағы бір әйелге іздеу жарияланғанын жазған едік.
Дереккөз: kaz.inform.kz