Көзделген жобалар көңілге қонады, тек нақты іске асырылсын дейік  

Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов  Ақмола облысында болып, Көкшетау қаласы тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді, сондай-ақ, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Кездесу  барысында электр станцияларын жаңғырту, газбен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылып, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берілді.  Жалпы, отырыс еркін форматта өтті.

−Бүгінгі таңда өңірдің электр энергиясын тұтынуы 1,9 миллиард кВт сағатты құрайды. Степногорск қаласының жылу электр орталығының негізгі энергия көзі 180 МВт-қа тең. Сондай-ақ, облысты жылумен қамтамасыз ететін негізгі көздер Степногорск жылу-электр орталығы және «Көкшетау Жылу» серіктестігінің  қазандықтары. Бүгінгі таңда қолда бар осы жылу көздерінің тозу деңгейі жоғары. Қала белсенді дамып келе жатқанын ескере отырып, бұл қазандықтардың жылу қуаты жеткіліксіз екендігін айтқан жөн. Осыған байланысты, Көкшетау қаласына қосымша жылу энергиясы қажет. Оның орнын толтыру үшін  жылу-электр орталығының  құрылысы қарастырылуда, –деді өз сөзінде Әлібек Жамауов.

Сондай-ақ, Вице-министрдің айтуынша,  ағымдағы  жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 942 миллион теңгенің екі жобасын іске асыру, соның ішінде энергетикалық объектілерді жаңғыртуды аяқтау және Атбасар қаласындағы орталық қазандықты қайта жаңарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, Ақмола облысында жалпы қуаттылығы 541,35 МВт  жаңартылатын энергия көзінің   жұмыс істеп тұрған 19  нысаны бар. Қосымша жалпы қуаты шамамен 4,95 МВт жаңартылатын энергия көзінің 1 объектісін де іске қосу жоспарлануда.

Вице-министр тағы бір маңызды бағыт – көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс барысы жөнінде  айтып берді.

−Еліміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тоннасы 250 мың теңгеден 340,3 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді. Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері  үшін 82,6 мың тонна дизель отыны көзделген. Бүгінде оның 12 мың тоннасы немесе жалпы көлемнің 14,5 пайызы  жөнелтілді, – деп баяндады Вице министр.

Әлібек Жамауов Ақмола облысына газ тарту мәселесіне де тоқталды.  Бұл мәселені шешу үшін  «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 2,3 кезеңін салу көзделген.  Аталмыш жобаны іске асыру үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» және «Сарыарқа» газ құбырларының қуатын арттыру талап етіледі, өйткені, орталық өңірлердің көгілдір отынға қажеттілігі артуда. Вице-министр бұл бағытта «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының  4-кезеңін және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының  2-ші тізбегін салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Бұдан басқа, қуаттылығы жылына 40 миллиард текше метр «Ресей Федерациясы – Қазақстан Республикасы – Қытай Халық Республикасы» газ құбырын салу мәселесін пысықтау шеңберінде «Газпром» акционерлік қоғамымен бірлесіп, өңірге газ тарту мүмкіндігі зерттелуде. Бүгінгі таңда солтүстік-шығыс өңірлерге транзиттік газ құбырын салу шарттарын талқылау бойынша келіссөздер процесі басталды. Оған қол жеткізілгеннен кейін оңтайлы нұсқа әзірленетін болады.

Есепті кездесуден кейін Вице-министр азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Көп жағдайда тұрғындар газ бағасы, қаладағы жылу электр орталығын салу мерзімі, сырттан газ жеткізу, электр қуаты бағасының қымбаттауы  сияқты  мәселелерді  көтерді.  Әлібек Жамауов тұрғындардың мәселелерін тиісті сала мамандарымен бірге қарап, заң аясында шешу бойынша шаралар қарастырылатынын айтты.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар