Қалпына келтіру жұмыстары қолға алынуда

Ақмола облысының БАҚ өкілдері су тасқынына байланысты  жағдайды көру үшін  баспасөз турымен Бұланды ауданында болды.  

 Бүгінгі таңда бұл ауданда су тасқыны жағдайы тұрақтанып келеді.

Табиғат апатынан кейін жергілікті билік бірден ауылдарды қалпына келтіру жұмыстарына  кірісті. Сондай-ақ, елді мекендердегі зардап шеккен мүліктің есебі жүргізіліп, келтірілген шығын өтелетін болады. Өткен аптада Боқсұқ өзеніне еріген қар суының көп түсуіне байланысты өзен тасып, бірнеше ауылды су басқан және осыған байланысты 12 сәуірде төтенше жағдай жарияланған болатын. Бұланды ауданы әкімінің орынбасары Ораз Смағұлов соңғы күндері шынымен де күрделі жағдай қалыптасқанын айтып өтті.

―Су тасқынының зардаптарын жою бойынша штаб құрылды. Қазір зардап шеккен ауылдардың барлығында келтірілген залал есептелуде. Осыдан кейін барлық шығын міндетті түрде  өтеледі. Сондай-ақ, эпидемиялық жағдайды болдырмау үшін біз өлген жануарларды жинап, көмудеміз. Бүгінгі таңда ауылдарға гуманитарлық көмек те таратылып отыр. Ауданға Біржан сал, Бурабай аудандарының әкімшілігі мен тұрғындары да көмектесуде. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары техникамен қамтамасыз етті, – деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары.

«АМАНАТ» партиясы Бұланды аудандық филиалының төрағасы Қожабай Раушанның айтуынша, бүгінде ауданда су тасқынынан келген шығынды анықтау үшін комиссия жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендерден көмек көрсету туралы өтініштер қабылдануда.

–Аудан әкімінің шешімі бойынша мен Вознесенка ауылына жауапты болдым. Жалпы, 26 үйді су басты.  Үйлерден  су кеткеннен кейін біз әрбір үйге кіріп, жағдайды көріп қайттық және зардап шеккендермен сөйлестік.  Оларға мемлекет тарапынан 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы төленеді. Ертең лицензиясы бар бағалаушылар келіп, шығындарды есептейді.  Сондай-ақ, бүгінгі таңда  жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың басшыларынан, облыстық және аудандық мәслихат депутаттарынан, учаскелік полиция инспекторларынан, ауыл тұрғындарынан, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының басшыларынан, бағалаушылардан құрылған комиссия мүшелері жергілікті халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бағалаушылар үйлерден бөлек, бүлінген мүлікті мұқият тексеріп, түгендеу жұмыстарын жүргізеді, – деп баса айтты Қожабай Раушан.

Капитоновка ауылдық округінің әкімі Зарина Янкова Капитоновка ауылында 28 үйді су басқанын, оның ішінде бір үй жарамсыз болып қалғанын айтты. Ауылда жарық бар, бірақ, су жоқ. Ауыз суды Журавлевка ауылынан жеткізу  қолға алынған.

–Су тасқынынан айырылған Балуан Шолақ, Пушкин ауылдарының тұрғындарына көмек көрсетілуде.  Азық-түлік пен қажеттінің бәрі қайықпен жеткізіліп жатыр. Айтпақшы, бұл ауылдарда әзірге электр жарығы жоқ, өйткені, 11 бағананы мұз қиратып кеткен.  Ауыл тұрғындарына Бурабай және Бұланды аудандарының құтқарушылары көмекке келуде, – деді Зарина Янкова.

Сонымен бірге, Вознесенка ауылының тұрғыны Олеся Лузгина үйі су тасқынынан зардап шеккендігін айтты. Үйді шынымен  қатты су  басып кеткен.  Су басылғаннан кейін  комиссия келіп, келтірілген шығынды анықтап үлгерген.

– Біз  терезе арқылы балаларды төтенше жағдай  қызметкерлеріне тапсырдық. Күйеуім екеуміз белімізге дейін суда жүрдік. Біздің барлық жабдықтарымыз енді жарамсыз болып қалды. Жергілікті атқарушы органдарға, еріктілерге төсек-орын, азық-түлік, ауыз су және қажетті заттарды әкелген қамқор жандарға алғыс айтамыз, – дейді Олеся Лузгина. Бұланды ауданы әкімдігіне қарасты «Макинск жылу қоймасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Азамат Алдабергеновтің айтуынша,  ең ірі су тасқынынан үш ауылдық округ зардап шеккені. Олар Купчановка, Вознесенка және Иванковка. Барлық учаскелерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

–Купчановка ауылында жолды қалпына келтіру жұмыстарының 70 пайызы орындалды. Оған 23 техника мен 30-дан астам адам жұмылдырылды. Одан кейін Вознесенка ауылындағы жолдар қалпына келтіріліп, су құбырлары тартылады. Иванкова ауылында екі учаскедегі жол мен көпірді су шайып кеткен, қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, – деді өз сөзінде Азамат Алдабергенов.

Жалпы, баспасөз туры барысында аудандағы жағдайдың қалыпқа келе бастағанын байқағанымызбен, басқа өңірлерде мәселен, еліміздің батыс және солтүстік өңірлерінде су тасқынынан орын алған жағдайдың өте қиын екендігін  ұмытпаған жөн. Осыны да ойлағнада, ел бетпе-бет келіп жатқан бұл қиыншылықтардың бәрі тезірек артта қалса екен дейсің.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар