Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Халқымызға еркін, бейбіт өмір оңайлықпен келе қойған жоқ. Бүгінгі ұлы күніміз өлмеген жігердің отымен келген.
Демек, ата-бабамыздан қалған баға жетпес зор мұраны, кең байтақ жер мен тыныш өмірді сақтап қалу ендігі кезекте өскелең жас ұрпақтың мақсатына айналуы тиіс деп білемін. Тарихымыз бен ел есінде мәңгілікке қалған ұлы тұлғалардың сыйлаған тәуелсіздігі, қазіргі жастар мен елдің жарқын болашағына жол ашып беріп жатқаны сөзсіз.
Шынымен, тыныш өмір мен тәтті жеңіс үшін талай ащы жас пен қан төгілді. Тәуелсіздік үшін күрестің алғашқы кезеңі сонау қазақ хандығынан бастау алатыны бәрімізге мәлім. Үш жүздің басын біріктіріп, жерімізді көздеп тұрған дұшпандарға тойтарыс беріп, қазақ халқының негізі мен дербестігін қалаған хандарымыздың еңбегі тарих сахнасында мәңгілікке қалды. Тәуелсіздік үшін күрестің екінші қиын кезеңі Ресей отарында болған уақыт аралығы. Бұл кезеңде қазақ елі қандай азап көрмеді десеңізші. Халқымыз азат ой, сөз бен әрекет ету еркіндігінен айырылды, шындықты айтудан қорықпаған зиялыларымыз репрессияға ұшырады, өзінің ата қонысынан, жері мен тілінен айырылып, 20-шы ғасырдың басында ашаршылық пен жұтқа ұшыраған қайғы-қасірет пен қысымға толы кезеңге душар болды.
Әділетсіздікпен күресу жолында құрбан болған А.Байтұрсынов, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, М.Дулатов және басқа да құрбан болған тұрғаларымыз қанша… Олардың ерліктері мәңгі ел есінде қалып, жасаған азат әрекеттері тарихымыздан ерекше орын алды. Осы себептен, Жәнібек пен Керейді хан етіп көтерген алғашқы елдік қасиетімізді қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Әрісі қазақ хандығынан бастап, берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді ортасы жоқ ұлттың азат өмір кешуі мүмкін емес. Бұл ойды айналамдағы қоғамыма насихаттау үшін және өзіме деген уәждемелік сөз негізінде келесі өлең шумақтарың қағазға бастырдым.
Тыныш, азат өмір оңайлықпен келді ме?
Көп жатыр ғой тәуелсіздік сөзінде…
Қанша еңбек, қаншама тер төгілді,
Сақтаймын бұны мәңгі есімде.
Тарихым, тегім осы жерде болғанда,
Өз еліме өзім өгей болам ба?!
Еңбек етіп, халқыма пайдам тисе
Өмірімде одан артық бақыт табам ба?!
Ел болашағы өз қолымызда,
Адаспайық біз өмір жолымызда.
Ұлы Абай айтқандай кірпіш болып
Қаланайық керекті боп орнымызға!
Уақыты келген сәтте, әділеттілік орнығып, еліміз ұзақ аңсаған тәуелсіздікті 1991 жылдың 16 желтоқсан күні алу бұйырыпты. Бақытыңда шегі жоқ халқымыздың алдында орындар мақсаттары мен іске асырар армандар көп. Экономика, ішкі, сыртқы саясат сияқты көп бағыттарда аяққа тұру қиын болса да, оның барлығын еркіндік сезімімен іске асыру ғажап бақыт емес пе?! Сөйтіп, 30 жыл көлемінде еліміз бой көтеріп, тұғырын биік қалап, көп жетістіктерге қол жеткізе алды деп күмәнсіз айта аламын. Еліміз өз рухани құндылықтарын, дәстүрі мен тілін қалпына келтіруге, оны барша жас ұрпаққа еш қысымсыз насихаттауға мүмкіндік алды. Қазақстан да өзге тәуелсіз мемлекеттер сияқты ұлттық рәміздерін ойлап шығарды. Күрделі әрі әсем дизайны бар Елтаңба, терең мән-мағынасы бар Ту мен Әнұран енді мемлекетіміздің мәңгілік бет-бейнесі. Міне, бүгін тағы да Рәміздер күнін тойлау бұйырыпты. Бұдан басқа, еліміз білім, медицина, спорт, мәдениет, өнер, құрылыс, халықаралық қатынас және тағы да басқа көптеген салаларда үлкен қадам жасауда. «Жаңа Қазақстан» идеясымен еркін және бақытты өмір сүрудің мәні тек Тәуелсіздікте жатыр.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде, ендігі кезекте бұл құндылығымызды жоғалтып алмай, әрдайым қозғалыста болып, елдің дамуын одан әрі жетілдіру жастардың да қолында деп айтқым келеді. Біздің тарапымыздан білімқұмарлылық, еңбекке деген құлшыныс пен пайда әкелу деген ниет бар болса, елдің іргетасын биік қалап, атын барша әлемге танытып, дамыған елдер қатарына қоса алатынымыз айдан анық.Тәуелсіз елімнің ертеңін жарқын деп білемін және өз болашағымды осы лектен көремін. Барлық мүмкіндіктерді пайдаланып өз кәсібімнің озық, талпынысы мол маман иесі болып, керекті орныма кірпіш болып қалануым үшін барымды саламын!
Сабина ТАСБОЛАТ.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика
және саясаттану факультетінің 2-ші курс студенті.