Тұтынушылардың құқықтары белсенді қорғала бастады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция Министрлігінің Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерлан Әубәкіров «Сапалы өнім» тұжырымдамасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі оның сапасына тікелей байланысты.   Президент Қасым Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына  Жолдауында ішкі нарық пен отандық өндірушілерді қорғауды ұдайы тапсырып келеді. Осыған байланысты Ақмола облысында «Сапалы өнім» тұжырымдамасының жобасы жүзеге асырылуда. Азық-түлік бағасы реттеліп, тауардың сапасына бақылау күшейтіліп жатыр.

Алайда, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінде тұтынушылардың құқығы жиі бұзылып жатады. Азық-түлік дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар тауардың көтерме бағасына қосылатын 15 пайыз саудалық үстеме бағаның орнына 50 пайыз  не одан көп сома қосып жатқан саудагерлер баршылық. Оған қоса, дүкен сөрелерінен өнімнің сақтау мерзімі өтіп кеткен тауарды да кезіктіруге болады. Департамент басшысы сатушылардың мұндай әрекеттеріне қарсы тұру үшін тұтынушылардың құқығын қорғау  бойынша арнайы штаб құрылғанын атап өтті.

–Қоғамдық бірлестіктер қызметін неғұрлым тиімді интеграциялау үшін ахуалдық штаб құрылып, жұмыс істеуде. Оның құрамына бейінді мемлекеттік органдар мен тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері кірді. Мәселен, ахуалдық штабтың бірлескен жұмысының нәтижелері бойынша импорттық өнімнің шамамен 14 түрі зерттелді. Соның 10 түрі бойынша бұзушылықтар анықталды. Өнімнің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, мәлімделген сипаттамалар мен құрамына, сондай-ақ, таңбалау талаптарына сәйкес келмеуі сынды факторлар көптеп  кездеседі,–деді өз сөзінде Ерлан Әубәкіров.

Биыл тауар сапасына шағым түсірген қала тұрғындары бірен-саран. Десе де, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік азық-түлік сатушы субьектілеріне қатысты 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, хаттама толтырылды. Оның үшеуі тауар сапасына сай келмегені үшін декларациясынан айрылды.

Облыс аумағында «Сапалы өнім» қоғамдық қоры құрылған. Ол қор азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетеді.

Брифинг соңында Ерлан Әубәкіров қордың жұмысына ақмолалықтардың  белсене араласып, қолдау білдіре алатынын жеткізді.

–Әрине, көмектесуге ниетті адамдардың  бар екендігі өте қатты қуантады. Егер тұрғындар сапасыз өнімді кездестірсе, «Тұтынушыларды қорғау» қоғамдық бірлестігіне хабарласа алады немесе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің атына шағым түсіруге құқылы,–деп қорытындылады өз сөзін департамент басшысы.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар