Ақан серінің суреті табылды

 Арқаның кең сахарасы өркениеттердің бастауы, мәдениеттердің тал бесігіне айналған құтты мекен. Адамзат тарихында алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, қымыз ішіп, сал-серіліктің бастауына айналғанына ешкімнің дауы болмас. Кербез сұлу Көкшенің көкорай даласы Ақан сері сынды өнердің шыңына шыққан тұлғасын тербеткен бесігі еді. Өмірі сұлулық пен жұмбаққа толы серінің ғұмырнамасына байланысты кім қалам сілтеп жазбады дерсіз. Көзін көріп, құнды дерек қалдырғандардың қатарында: Сәбит Мұқанов, Хамит Тілеубаев, Қасым Жандосұлы,  Доскей, Мәшһүр Жүсіп Көпеев сияқты көзі ашық, оқыған азаматтар болса, ал енді серінің өлеңдерін зерттеп өшпес мұра қалдырғандар қатарында: Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, Есмағамбет Ысмайылов, Шахмет Хұсайынов, Ахмет Жұбанов, Сәкен сері Жүнісов, Кәкімбек Салықов, тағы басқа таутұлғаларды атап кетсек болады. Бұл ғалымдар, сөз зергерлері көптеген мағлұматтар қалдырып, есімін мәңгі қазақ көгіне жұлдыздай етіп қадап кетсе де, серінің көптеген сырын әлі күнге дейін аша алмай келеміз. Әндері күнделікті айтылып, құлағымызда тұрғаннан кейін Ақан тұлғасы да қасымызда жүріп, бірге өмір сүріп жатқандай көрінетін сияқты. Әлде өмірі толық зерттеліп, хатталды деп есептейміз бе, білмеймін, бірақ, құпия көп екені белгілі.

Тарих ғылымы барынша ақиқатқа жетуге тырысатын ғылым. Дәлдікті жақсы көреді. Әр уақытта шындықты іздейді. Осындай ізденіс Ақан серінің суреті, бейнесі қандай болған деген сұрақ туғызды. Былай ойласақ, Ақан серінің суреті белгілі, барлық жерлерде бейнеленген, мүсіндер жасалып, алаңдар мен далаларда қойылған. Ал ол сері бейнесі қайдан алынған? Жалпы, «Ақан суретке түскен бе?» деген сұрақтар бірден жетелеп отырып, Әлкей Марғұланға әкеледі. Ә.Марғұланнан бұрын Ақан серінің суреті болғандығын Хамит Тілеубаевтан алғаш рет оқып едім: «1906 жылы Жәмшит жездемнің үйіне бардым. Петербургтан Абылайханов Сұлтанғазы әйелімен Мәмбетәлінікіне келіп дем алып, үй тіктіріп жатыр екен. Сұлтанғазы Ақанды шақыртып алдырды. Ақан қазақтың екі зиялысына көсіліп, бірқатар өлеңдерін айтып берді. Сонда киіз үйде Ақанды ортаға алып, Мәмбетәлі мен Сұлтанғазы суретке түсті. Кейін, бертін жиырмасыншы жылға дейін сол суретті көріп жүрдік. Ақырында қайда құрып кеткенін білмеймін. Соңғы екі жыл бойында елге барып іздеп едім, таба алмадым», – дейді. Яғни, Мәмбетәлі Сердалиннің, Сұлтанғазы Абылайханов пен Ақан серінің бірге түскен суреті болған. Екінші және толық зерттеп бейнесін тауып алып, ғылыми айналымға қосқан Әлкей Марғұлан. Әлкей Марғұлан Ақан серінің белгілі екі суретін ұсынған деп келдік.

Келтірілген суреттер жайына ауысайық, 2-сурет жайында пікір білдіре алмаймыз. Ғалымның қайдан алғандығы жайында қолымызда мағлұматтар жоқ. Бірақ, болашақта бұл суреті жайында да зерттеулер жүргізу керек екені анық. Әзірге Әлкей Марғұланның және ел ішінен тапқан деректер негізінде кең тараған 1-сурет туралы сөз етсек. Көрсетіліп отырған сурет байқауымызша, 1993 жылдан бастап Ақан серінің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында айналымға қосылған сияқты. Пайымдауымызша, барлығы хат маркасына шыққан бейнеден бастау алып, дамып бүгінгі күні тарап жүрген суретке ие болдық. Оған қоса, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында көптеген мүсіндер де осы бейне негізінде жасалғанын көруге болады.

Осы жерде «Бұл сурет қайдан шықты?», «Әлкей Марғұлан Ақан сері екенін қайдан білді?»  деген сұрақтың туындауы заңдылық. Әрине, жауапты ғалымның шығармаларынан таптық және Әлкей Марғұланның Ақан серінің бейнесіне байланысты ізденістерінің іздерін Айыртау ауданындағы серінің ағайындарының мұрағаттарынан таптық. Ол – академиктің бұрын-соңды жарияланбаған хаты.

ХХ ғасырдың орта шенінде Ақан сері туралы зерттеген ғалымдардың көбі серіні көрген адамдармен кездесіп, сұхбаттасып, көптеген құнды дүниелер жазып алып қалғандығын жоғарыда айтқан болатынбыз. Мысалы, Мағжан Жұмабаев: «Ақын туралы білгендерін айтып һәм жазып берген Мырзалыұлы Баялы, Шыңғысұлы Қоқыш, Бозайұлы Ысмағұл ақсақалдарға һәм Самыратұлы Қазыға көп рақмет айтамын»,–  дейді.

Қасым Жандосұлы

Әбділдә Тәжібаев: «Осындай тұста Ақанды көзімен көрген, Ақан замандастарының бірсыпырасымен сырлас болған (әсіресе, Ақанның 50 жасынан өлгеніне дейінгі өмірін жақсы білетін) Хамит Тілеубайұлы сияқты әрі білгір, әрі сауатты қарияның табылуы үлкен қуаныш», –  дейді. Әлкей Марғұлан да Ақанды көрген жандар туралы «Ақан серінің өмірін бұрын жүйрік білген Шоқанның інілері Махмет, Қоқыш, Мақы және Үкілі Ыбырай болған. Қоқышты мен студент кезімде Көкшетауда кездестіріп, мұнда айтылған ойлардың көбін сол кісіден естідім. Кейінірек Құлыш Уәлиханов пен Жауардан естідім. Ақан серіні бүгінде жақсы білетін оның жерлестері Әшімғали, Абдулла  Айдарбеков, Разия, Қапар Досмағамбетов, Қасым Жандосов», – деп жазады.

Назарымызды академиктің атап отырған соңғы есімге, Қасым Жандосовқа аударсақ. Ел арасында Қасым молда деген есіммен белгілі ақсақалдың қызымен танысу құрметіне ие болып, көптеген мағлұматтар алған едік. Аталған тұлға жайында Сәкен серінің, Илья Жақановтың, Хамит Тілеубаевтың жазба-естеліктерінен жалпы, серіні зерттеушілердің ол кісіні айналып өте алмайтындығын байқаған едім. Шындығында да Ақан мұраларының сақталып қалуына үлкен еңбек сіңірген жан екен. Қызы Рахима Қасымқызының (1951 жылы  туған) айтуынша, Қасым Жандосұлы руы Малтабар, 1896 жылы Көкшетау қаласында туған. Әкесі Жандос қалада саудамен айналысыпты, ауқатты адам болған. Сондықтан да, әкем «9 жыл медреседе оқыдым» дейтін, Құранды жатқа білетін. Әкем елге 1916 жылдары келіпті, содан молда болып, шәкірт оқытады. Бізге көп ештеңе айтпайтын, әкемнің алғырлығы  сондай  болды, өз бетінше латынша, кириллица әріптерін  үйреніп, кітап, газет-журнал оқып отыратын. 1941-1945 жылдары соғыста болып, Ленинград майданында ұрысқа қатысқан, екі рет ауыр жаралы болған. Құжаты бар. Денемде осколок бар деп айтатын. Соғыстан аман-есен елге оралған соң колхозда, совхозда жұмыс істеді. 1980  жылы 17 қазанда қайтыс болды. Құлпытасына ол кісінің өсиеті бойынша: «Қасым Жандосұлы Ақан серінің шөбересі» деп жаздық. Менің елдегі кіші інімнің де аты Ақжігіт, әкем өмірбақи Ақан серіні пір тұтып өтті, өлеңдерін жинады», – дейді.

Қолымызға Рахима Қасымқызының тапсыруымен бұрын-соңды жарияланбаған Әлкей Марғұланның Қасым молдаға 1970 жылы жазған хаты келіп тиді. Негізгі әңгіме Ақан серінің бейнесі екен. Сонымен хатта:

Қасым ағай!

Жақсы саламатсыз ба? Үй ішіңіз күйлі ме? Өткен мейрам құтты болсын, Өзіңізге мықты денсаулық пен сарқылмас бақыт берсін!

Мен қыс күні Сырымбеттен Көкшетауға қайтып келе жатып, Сізге әдейі сәлем берейін деп соққанмын. Қасымда  көп кісі болған, ұмытқан боларсыз. Атым Әлкей Марғұланұлы, Алматыдағы Ғылым академиясынанмын.

Мұны сізге жазып отырғаным – мынау портрет туралы. Бұл сіздің елдің адамы. Жас кезіңізде осы тәрізді пұшпақ бөрік, қималы қамзол, жылтыр етік киетін кім болушы еді. Бұл өзі өлеңші, ақын кісі, сұңғақ бойлы, ат жақты, сопақ бет, көзін сүзе қарайтын, сырғылттау кісі. Сіздің жас кезіңізде бұл қартайған болу керек. Өйткені, бұл портрет 1868 жылы, бұл Ақанның жас кезінде түскені.

Сіз қадағалап қарап көрсеңіз. Осында Ақан серінің форымы, бет бітімі, көзі, мұрны, еріні ұқсайтын бірі бар ма? Мінезі өте сыпайы кісі тәрізді. Ақан сері болмаса, өзге кімге ұқсар еді? Біржан сал, Тоғжан? Бірақ оларды көрмеген боларсыз. Қысқасы осы портрет Ақан серіге ұқсай ма? Соны жазып жіберіңіз. Кешіктірмеңіз. Тез қарап, тез жіберсеңіз. Саумалкөлде тұратын Абдулла Айдарбековке де көрсетсеңіз Ақан серіні сіз екеуіңізден артық білетін кісі қазір жоқ.

 Әлкей Марғұлан.

Байқағанымыздай бұл суретте 8 адам отыр. «Қайсысы Ақан? Әлкей Марғұлан кімді нұсқап отыр?» деген сұрақтар туындайды. Рахима Қасымқызының естелігіне кезек берейік: «Менің есімде, Әлкей ағай фото салып жібергенде, сурет шамамен 18×20 см, әкем көзіне жас алып, «Айналайын ағам, дәл өзі» дегені, ол суретті музейге керек деп менен Кәрім Ілиясов алып кеткен, тағы біраз қағаздармен, қолжазба, Құранды да сол кісіге беріп едім, – дейді.

Көзі қырағы оқырман бірден Ақан серіні таныған шығар деп ойлаймыз. Үшінші отырған адам, бүгінгі күні біз танып қалған Ақан.

Ал енді Әлкей Марғұланның еңбектеріне келейік. Әлкей Марғұлан Қасым молдадан жауап алса керек. Аталған суретті талдап, тарихын, нақты кімнің-кім екенін жазып қалдырады. Академик: «Жұрттың айтуынша Ақан сері жас күнінде фотоға талай рет түскен, әсіресе, Шоқанның ауылында оның інілерімен бірге түскенін жұрт есінде берік ұстаған. Бірақ, ондай фото сақталды ма, оны ешкім білмейді. Тек терең зерттеу соңында біз Ақан серінің бір ғана фотосын таптық. Ол фото 1868 жылы Владимир князьдің қазақ сахарасына келуіне орай түсірілген», – дейді. Шынымен Ақан серінің суреттері болғандығын Хамит Тілеубаев та жазғандығын жоғарыда келтірдік. Бірақ сақталмағанын, іздеп таппағанын өкінішпен айтады. Кім біледі, әлі де табылып қалар деген үмітіміз де жоқ емес. Сонымен, бұл фото 1868 жылы түсірілген, яғни, Ақан сері шамамен 23-25 жаста.

Негізгі сұраққа жауап берсек, Қасым молда «Айналайын, ағам дәл өзі» деп қай бейнені көріп, көзіне жас алды? Ә.Марғұлан: «пұшпақ бөрік, қималы қамзол, жылтыр етік киетін… сұңғақ бойлы, ат жақты, сопақ бет, көзін сүзе қарайтын, сырғылттау кісі» деп кімді айтты?

Академик: Бұл тойда Ақан сері «Певцы и музыканты» деген топта, оңнан солға қарай ТӨРТІНШІ болып түскен. Барлығы оншақты ақын-жыраулар, әнші-күйшілер, олардың ішінде скрипка тартып отырған Жаяу Мұса, қобыз тартып отырған жыршы кім? Домбыра шертіп отырған әнші Ақан сері, – дейді.

Байқасақ бүгінгі күні Ақан деп келген адам 1. Ғалымның есебі бойынша оңнан солға қарай отырғанда үшінші болып отыр. 2. Домбыра шертіп отырған Ақан десе, бұл адамның қолында ешбір аспап жоқ. 3. Қасым молдаға жазғанда «жылтыр етік» кигендігін байқау мүмкін емес, себебі, жүрелеп отыр.

Фотода төртінші отырған, домбыра ұстаған, пұшпақ бөрік, жылтыр етігі де көрініп, сопақ бет адам біреу ғана екенін көреміз.

Яғни, Қасым молданың «Айналайын ағам, дәл өзі» деп көзіне жас алып, таныған адам осы.  Академик Әлкей Марғұланның да сипаттап беріп, сұраған адамы фотода үшінші емес, төртінші отыр. 30 жыл бойы Ақан сері бейнесі деп келген адам тоқсаныншы жылдары қате көрсетіліп, басқа адам бейнеленіп келген.

Адамның байқаусызда жіберген бір қателігі, өткен аталарымыздың шынайы бейнесін елестетуден алыстатып келгені өкінішті. Бірақ, жоқты түгендер ғылымымыз дамыса, әлі талай тарихи әділеттілік орнарына сенімдіміз.

Ақан өмірі жайында әлі де талай сыр шертуге болады. Әлі талай жылдар бойы айтылып, зерттелетініне сеніміміз мол. Ғұмыры жұмбаққа, сұлулыққа толы тұлағаларымыз ұлттық тарихымыздың беттерінде алтын әріптермен жазылып, мәңгі сақталуы керек.

Саят БАЙМҰРАТҰЛЫ,
тарихшы.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар