Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ақкөл қаласына жұмыс сапары барысында облысымыздың орман шаруашылығы қызметкерлеріне 9 бес орындық Mitsubishi L200 орман патрульдік кешенінің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.
Іс-шара 5 маусымда аталып өткен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орайластырылды. Қазақстанда бұл күн Эколог күні ретінде аталып өтеді.
Ақмола облысы республикада бірінші болып облыстық бюджет есебінен 200 миллион теңгеден астам сомаға өртті жедел сөндіру үшін арнайы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған заманауи жүрдек көліктерін сатып алды.
– Өңіріміздің экологиялық жағдайын жақсартуға 13 мамандандырылған орман шаруашылығы ұйымының 500-ден астам мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері орасан зор үлес қосуда. Сіздердің әрқайсыңыз өз ісіңіздің маманысыздар. Біздің өңір ерекше табиғат пен жануарлар дүниесіне бай. Осы байлықты сақтау үшін орманшыларымыз ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тәулік бойы кезекшілікте жүреді. Ақмолалықтардың болашақ ұрпақтары үшін орман қорын сақтау және қорғау – орман шаруашылығы қызметкерлерінің алдында тұрған басты міндет әрі жауапты жұмыс. Мемлекет орман шаруашылығы ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және орман шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге тиісті қаражат бөлуде. Өңірімізде мемлекеттік орман қорын молайту және қорғау бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Орман шаруашылығы ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Өткен жылы орман күзеті қызметкерлерінің киім-кешектері жаңартылды, өртке қарсы киім-кешектер де сатып алынды. Соңғы үш жылда бұл мақсаттарға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, – деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақ басшысы өткен жылы орман сақшылары ірі орман өрттерінің алдын алғанын ерекше атап өтті. Орман өрттерінің 53 оқиғасының 70 пайызы 1 гектардан аз аумақта орын алған.
– Алда атқарылатын жұмыстар көп. Облыстың орман қоры 2,6 пайызды ғана құрайды, сондықтан, жыл сайын орман дақылдарын егу алаңдарын ұлғайту қажет. Заңсыз ағаш кесуді азайту шаралары қабылдануы керек, ормандарды қоқыстан тазарту және өрттен қорғау жұмыстарын жүргізу қажет, – деп түйіндеді Марат Ахметжанов.
– Кіші орман патрульдік кешендерінде орман өртін тез сөндіруге арналған 18 литр су сыйымдылығы бар жел бүріккіштермен жабдықталғаны біздің жұмысымыз үшін үлкен жетістік, – дейді «Кеңес» орман шаруашылығы мекемесі директорының орынбасары Вячеслав Газетов.
Сол күні облыс әкімі бірнеше орман шаруашылығы қызметкерлерін «Экология саласының үздігі» төсбелгілерімен және Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың арасында Отрадный орман шаруашылығы мекемесінің орман қорғау инженері Тихон Каламин, Ақкөл орман шаруашылығы мекемесінің орманды қалпына келтіру жөніндегі инженері Вера Макасеева және тағы басқалары бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021-2023 жылдарға арналған Ақмола облысында еліміздің қалалары мен ауылдарының орман қорын ауқымды абаттандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 40 миллионнан астам қылқан жапырақты және 6 мыңнан астам жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Оған қоса, биылғы көктемде 12,5 миллион түп көшет отырғызылды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы бірнеше күн бұрын Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы және Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткіші орнатылған алаңды аралап көріп, қала тұрғындарымен әңгімелесті. Балалар мен олардың ата-аналары бірнеше сапалы әткеншектермен жабдықталған жайлы демалыс орны үшін облыс басшысына алғыстарын білдірді.
Вероника БУРДА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.
Ақкөл ауданы.
***
Талапкер: жаңа мектеп қуантады, арық құрылысы мұңайтады
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында Талапкер ауылында бой көтеріп жатқан 1200 орындық мектеп құрылысы жұмысымен танысты, сондай-ақ, он жылға созылған арық құрылысын барып көрді.
Құрылыс «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Целиноград ауданында 7 мектеп салынады. Талапкер ауылында екі білім нысанының – гимназия мектебі мен IT мектеп-лицейінің құрылысы жүргізілуде. «К.G.S. SАudА» ЖШС мердігерлік ұйымы жұмысты белгіленген кестеден оза атқаруда.
– Талапкер ауылында екі мектептің құрылысы бірден 2400 оқушы орынмен қамтамасыз етеді. Олардың ауданы стандарттан 20 пайызға үлкен, орналасуы жақсартылған, жайлы, заманауи технологиялармен жабдықталған, материалдық-техникалық базасы мықты, жақсы спорттық базасы бар, коммуникация желілері мен жолдардың құрылысына 6,8 миллиард теңге бөлінді, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов, – Ең бастысы, жас талапкерліктер туған ауылында білім алады. Ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары пайда болатынын да жеткізді.
«К.G.S. SаudА»ЖШС төрағасы, жоба жетекшісі Жәнібек Ғалиасқаров атқарылған жұмыстарға оптимистік көзқараспен қарай отырып, кәсіби сүйіспеншілікпен кәсіпорынның жаңа тәжірибесі туралы айтты.
– Бұл ауданда әрқайсысы 1200 орындық үш мектеп бар, екі білім нысаны Талапкер ауылында, бір мектеп Қараөткелде орналасқан. Қазір Талапкердегі мектептің құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Қасбеті 90 пайызға бітсе, ішкі әрлеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Құрылыста біз Қазақстанда өндірілген материалдарды пайдаланамыз. Біз күндіз 180 адам, түнде 60 адамжұмыс істейтін екі ауысымға жергілікті жұмысшыларды тартамыз. Бұл нысандар сырттай және жабдықталуы жағынан кәдімгі орта мектептен айтарлықтай ерекшеленетін болады. Ол ашық түстермен және жайлылығымен оқушылар мен ата-аналардың назарын аударып, көздерін қуантады деп сенеміз. Біздің компания үшін бұл үлкен жобада жұмыс істеудің жаңа тәжірибесі, біз балалардың болашағы үшін жақсы нәрсе жасап жатырмыз деп есептейміз, – деп атап өтті құрылысшы.
Вероника БУРДА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.
Целиноград ауданы.