Тіл саясатын жүзеге асыруда басқармалардың жөні бөлек еді

Жуырда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ақмола облысы әкімдігімен бірлесіп, Көкшетау қаласында «Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу мәселелері тақырыбында республикалық семинар өткізді. Семинар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында берген тапсырмасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 3.2 тармағын орындауға бағытталды.

Аталған семинарға тіл мәселесіне жауапты басқармалардың қызметкерлері, тілдерді оқыту орталықтарының директорлары мен әдіскерлері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, ұлттық компаниялардың өкілдері, қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдері қатысты. Осы орайда, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың атынан құттықтау сөзді өңір басшысының орынбасары Алтынай Әміренова жеткізді. «Тіл – ұлтымыздың ұлы қазынасы. Халқымыздың рухани қуатының белгісі. Ғасырлар бойы талай қиындықтарды басынан кешірген халқымызға өз қасиетін жоғалтпай, ұлттық болмысын сақтап қалуына тіліміз тірек болды» деді ол. Сондай-ақ, семинарда мемлекеттік тілді ғылым тілі ретінде дамыту, қазақ тілінде сөйлейтін жасанды интеллект, музыкалық туындылар – қазақ тілін насихаттау құралы, креативті индустрия және қазақ тілін цифрландыру тақырыптарында ұшқыр ой, құнды пікірлер айтылып, баяндамалар жасалды.

– Биылғы жылы біз бірінші рет іс-шарамызға еліміздің ұлттық компанияларының өкілдерін қоса шақырып отырмыз. Әрине, бүгінгі шараның орны ерекше. Мемлекет басшысының тапсырмасы және Қазақстан Республикасы Ғылымжәне жоғары білім минстрлігінің қолдауымен бірқатар жұмыстар іске асырылып жатыр. Солардың бірі ұзақ мерзімге арналған Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың тұжырымдамасы. Қазіргі таңда осы салада Тіл саясаты комитеті барлық мүдделі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, ұлттық компаниялармен тығыз қарым қатынаста жұмыс жүргізіп келеді. Өздеріңізге мәлім, 27 мамыр күні 2015 жылы өзінің жұмысын тоқтатқан Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы мемлекеттік тіл саясатын жүргізу жөніндегі комиссия өз жұмысын қайта жандандырып, бірінші отырысын өткізді, дей келе Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рақымжанов осы отырыста қаралған мәселелерді айтып өтті. Оның ішінде тағы да бірнеше жыл бұрын жұмысын тоқтатқан өңірлердегі тілдерді дамыту жөніндегі дербес басқармаларды қайта құру туралы құжаттық хаттамада толтырылған. Естеріңізде болса, осы дербес басқарма әр түрлі басқармалар қосылып, таратылуының салдары тіл саясаты саласына пәрменді жұмыстардың жүргізілмеуіне алып келді. Қайыржан Алдашұлының айтуынша, 15 тамызға дейін бұл жұмыстардың алғашқы есебі беріліп, қай өңірлерде тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың ашылу-ашылмауы белгілі болады.

Сонымен бірге, семинар аясында ойталқы жасаған спикерлер мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін өздігінен оқып үйренуге арналған IT өнімдерін қолданысқа енгізу мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Бұл туралы сөз өрбіткен «Ақпараттық және есептеу технологиялары институты» республикалық  мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Өркен Мамырбаев:

–Жасанды интеллект бағытында өзіміздің тілдік корпустарымызды құрып жатырмыз. Әртүрлі ұйымдарды автоматтандыруға кірістік. Ең бірінші біздің жаңалығымыз қазақ тілінде жауап беретін, синтездейтін чат боттар болды. Осы жүйелерді жасау үшін үлкен ғылыми-зерттеулер мен еңбектер жазылды. Агроөнеркәсіп және медицина саласымен де тығыз байланыс орнаттық. Бүгінде, бұл бағытта біздің институтта 100-ден аса маман жұмыс істейді, – деді.

Ал, Қазақ тілі және креативті индустрия тақырыбында баяндама жасаған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының бас директоры Мақпал Жұмабай қазақ тілінсіз өнерде танылу, сахнаны бағындыру мүмкін емес дейді. Мақпал Құрманжанқызының бастамасымен тек қазақ тілінде ән салып, өлең оқитын жастардың жолын ашуды көздеген «Ozge Epic» шығармашылық  орталығы  жұмыс істейді. Бүгінгі таңда ол Астана, Алматы және Түркістан қалаларын қамтыса, алдағы уақытта Орал қаласында өз жұмысын бастағалы жатыр.

–Бізде дәстүрлі қазақ музыкасын насихаттайтын «Жауһар» жобасы бар. Бұл жоба бойынша Қазақстандағы дәстүрлі ән, жыр, күй мектептерінің бәрі цифрланады. Дәл қазіргі кезде Маңғыстау өңірінің жыршыларының 10 альбомы жарық көрген. Бұл ретте, біздің мақсатымыз – қазіргі заманға сай сапалы түсірілім элементтері – дыбыс, аудио, видеоны пайдалана отырып, жастардың дәстүрлі ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру. Мұқағали Мақатаев айтқанындай, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтару», заманауи келбетке келтіру. Біздің тіліміз – жастардың тілі. Жастар бізді көреді. Сондықтанда, біздің тәжірибемізді қолдана отырып, дәстүрлі қазақ мәдениетін дамыту оңтайлы жол деп санаймыз, деген Мақпал Жұмабай өз сөзінде жоба ерекшеліктерін жеткізді.

Шара қорытындысы бойынша, қатысушылардың баяндамасы, ұсыныстары мен пікірлері ескеріле отырып, семинар қарар қабылдады.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар