Таяуда аудан орталығында «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ашылу салтанаты болып өтті.
Іс-шараға Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, облыстық оқу-әдістемелік орталығы басшысының міндетін атқарушы Кәкімбек Ысқақов, аудан әкімі Юрий Курушин және аудан әкімінің орынбасарлары Нұржан Кобатуров пен Қайыргелді Әбіш және аудандық мәслихат төрағасы Қабыкен Шынтеміров, аудандық «Алтын астық» газетінің басшысы Светлана Гурбанова мен тіл жанашырлары қатысты.
Құрметті қонақтар алдымен Егіндікөл ауданының орталықтандырылған кітапханасы мен мәдениет үйі дайындаған көрмені тамашалап, тұсаукесер кесу рәсімі болды. Бұдан кейін аудандық мәдениет үйінің «Сазды әуен» фольклорлық ансамблі әннен шашу шашып, жиналған қауымның көңілін бір серпілтіп тастады.
Салтанатты шара барысында Алмас Алин сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, аудан әкімі жиналған қауымға ақжарма тілегін арнап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарын да тілге тиек етті. Біз де өз кезегімізде осы игі іс-шараға атсалысқан облыс және аудан басшылығына ризашылығымызды білдірдік.
Ерекше екпін түсіре атап өтерлігі, жаңадан ашылған тілдерді оқыту орталығы компьютерлермен және заманауи жиһаздармен жабдықталған. 2024-2025 оқу жылында орталықта 80 тыңдаушы мемлекеттік тілді оқиды деп жоспарланып отыр.
Тілдерді оқыту орталығының тыңдаушылары мекеме басшылары мен мемлекеттік және азаматтық қызметшілер «Қазтест» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауға арналған байқау тестілеуін тапсыратын болады. Орталық тек дәріс берумен ғана емес, сонымен қатар, оны дәріптеу мен насихаттау мақсатында түрлі байқаулар мен ашық сабақтар, әдеби-танымдық кештер ұйымдастырады. Жоспарланған іс-шаралардың алғашқысы Абай күніне арналған апталықпен басталып отыр.
Қайрат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ,
аудандық тілдерді оқыту орталығының басшысы.
Егіндікөл ауданы.