Жуырда Көкшетау қаласының Тәуелсіздік алаңында Халықаралық жастар күнін мерекелеу аясында «Open air» форматында «Жастармен бірге!» іс-шарасы ұйымдастырылды.
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаевпен бірге белсенді қала жастары, волонтерлер, талантты әншілер мен бишілер, жалпы, қала тұрғындары қатысқан шараның мақсаты жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, оларды мәдени құндылықтарға тартып, азаматтық және патриоттық тұрғыдан өзін-өзі тануын ынталандыру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады. Сондай-ақ, іс-шара барысында байқаулар, көрермендермен викториналық ойындар, «Асық ату» және «Арқан тарту» сияқты сайыстар ұйымдастырылып, биылғы жылдың белсенді әрі ерекшеленген жастарын марапаттау рәсімі өткізілді.
– Мереке аясында концерттік бағдарлама ұсынылып, жастар саясатында белсенді жастарға, су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан еріктілерге, ұлттық онкүндік шеңберінде көзге түскен ұл-қыздарға Алғыс хаттары табыс етілді, – дейді бұл орайда, облыстық жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тұжырымдамасына сәйкес, Ақмола облысында Халықаралық жастар күнін мерекелеу «Жастармен бірге!» атты Ұлттық онкүндік аясында өтті. Бұл күнді 1999 жылы 17 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік жастар істері жөніндегі министрлер конференциясында бекіткен. Содан бері 12 тамыз – ресми түрде Жастар күні.
Ақмола облыстық жастар-ресурстық
орталығының баспасөз қызметі.