Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел қамбасын толтыруда Ақмола астығының орны да бөлек міндет те зор! - АРҚА АЖАРЫ

Ел қамбасын толтыруда Ақмола астығының орны да бөлек міндет те зор!

Өткен сәрсенбі күні Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрғалығымен 2024 жылғы күзгі орақ науқанын ұйымшылдықпен, уақытында және сапалы өткізу жөнінде облыс ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің дәстүрлі агрокеңесі болып өтті. Кеңес жұмысына мемлекеттік органдардың, аудандар мен қалалардың әкімдері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының, астықты сақтау және өңдеу кәсіпорындарының жетекшілері, ғалымдар мен басқа да сала мамандары қатысты.

Аталған кеңесті аша отырып, облыс әкімі бүгінгі таңда ең маңызды міндет егін жинауды тиісті деңгейде жүргізу екендігін, облыс пен жалпы ел халқының азық-түлік қауіпсіздігі мен әл-ауқаты тікелей осыған байланысты екенін атап өтті.

– Алдын ала ауылдық елді мекендерді аралап, ауыл шаруашылығы мамандарымен кездескен кезде олардың тарапынан біраз ұсыныстар болған. Соның бәрін жүйелі түрде Үкіметке жеткіздім. Үкіметте осы мақсатқа арналған отырыс болды. Сонда қойылған сол талаптар ескеріліп, қосымша 20 мың тонна жанар және жағар май, 5 пайыздық жеңілдікпен ауыл шаруашылығы техникаларын алуға 5 миллиард теңге қаржы беріліп отыр. Қазірдің өзінде 260 техника алдық. Жаңа техникалар орақ кезінде өз септігін тигізеді. Биылғы егінде ауа райына байланысты ерекшеліктер баршылық. Сондықтан, тиісті мамандарды, ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерін шақырып, шығынды азайту, неғұрлым сапасын сақтап қалу үшін қандайтәсілдер керек, қай жерде қалай егісті ұйымдастыру қажет деген сұрақтар төңірегінде тәжірибе,  пікір алмасу бұл. Олда өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада ғана Мемлекет басшысы біздің өңірге жұмыс сапарымен келіп, ауыл шаруашылығы құрылымдарына барды. Сол кезде де нақты тапсырмалар берілді. Біздің Ақмола облысы – ауыл шаруашылығының өзіндік бір жүрегі. Мемлекет бойынша негізгі астық өндірушілер болып келе жатырмыз. Сол атты сақтап қалу, астығымыздың мол, сапалы болу мәселесі өте маңызды. Қалай жиналып, қалай тасымалданады, қалай сақтаймыз, қалай оны құрғатамыз, қанша техника жұмылдырамыз дегенді пысықтаумыз керек. Мемлекет тарапынан үлкен көмек бар. Енді соны тиімді пайдалану, дұрыс ұйымдастыру және бақылау керек. Былтыр, ауа райының қолайсыздығынан аузымыз күйіп қалды. Сондықтан, ол кемшіліктерден қорытынды шығарып, алдын ала іс-жоспарларын жасап жатырмыз, – деді өз сөзінде облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Агрокеңесте сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан ауыл шаруашылығы құрылымдарының егін жинау науқанына дайындығы туралы баяндады. «Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруді тапсырды. Оның аясында, жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөнінде нақты міндеттер қойылды. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенінің әрбір бағытын қамтитын Жол картасын әзірледі», – дей келе, ол жоспарлы жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, ағымдағы жылы облыста дәнді және бұршақ дақылдарды 4,7 миллион гектар алаңда жинап алу жоспарланған. Егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша майлы дақылдар алқабы 268,6, жемшөп алқаптары 421 мың гектарға дейін ұлғайтылған. Егін жинауға барлығы 8,9 мың астық комбайны, 2,6 мың жатқа және 4,8 мың жүк автомобилі тартылатын болады. Жалпы сыйымдылығы 4,3 миллион тонна болатын 65 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары астық қабылдаса, ауыл шаруашылығы өндірушілерінде де 2,8 миллион тонналық өз астық қоймалары бар. Егін жинау жұмыстарын жүргізуге 83 мың тонна дизель отынының кепілдендірілген көлемі бөлінген.

Сонымен бірге, агрокеңес барысында өңірге беделді ірі шаруашылықтардың басшылары сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті. Бұл ретте, Шортанды ауданына қарасты «А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ҒӨО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқарма төрағасының орынбасары Юрий Долинный егін жинауды ұйымдастыру, оның әділ-тәсілдері туралы ұсыныстарын ортаға салды. Аталмыш ғылыми-өндірістік орталықта егіс дақылдарының 100-ден астам түрі сынақтан өткізіледі. Орталық «Технологияларды коммерцияландыру бағдарламасымен екі комбайн сатып алған.

Осы ретте, «Агрофирма «Родина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр егістік алқаптарын әртараптандыру тәжірибесінің оң тұстарын атады. «Бізге жақын көрші, ең ірі астық экспорттаушы ел – Ресей. Оның астық өнімдері бізден үш есе артық. Мемлекет тарапынан да үлкен қолдауға ие. Бірақ біздің одан да үлкен екінші көршіміз бар. Ол – Қытай Халық Республикасы. Ол жақта жағдай басқаша. Оларға қарағанда, бізде өсімдік шаруашылығын жүргізуге және дамытуға жағдай жақсырақ. Сондықтан, біз әртараптандырумен міндетті түрде айналысуымыз керек», – деді ол.

Осы бағыттардағы өз тәжірибесін «Логос Грейн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Арман Құдайбергеновте айтып берді. Оған қоса, егін жинау науқаны кезеңіндегі ауа райы болжамдары туралы «Агрофирма» ТНК» серіктестігінің бас агрономы Григорий Седов, «Қазгидромет» РМК Ақмола филиалының директоры Бақыт Мақажанова баяндамалар жасады. Бақыт Рысбекқызы келтірген мәліметте алдағы күндері жауын-шашын жалғасады деген болжам бар. Алайда, өңір диқандары мүмкіндігінше орақ науқанын бастай береді. Бәрі оңына басса, 5 миллион тонна астық бастырылады деп күтілуде.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов агрокеңесті қорытындылай келе, мемлекет бөлетін қаражаттың нысаналы мақсатта жұмсалу, егістіктің әрбір гектарына салық жүктемесін ұлғайту қажеттігін жәнетиісті тапсырмаларды орындамаған жағдайда әкімдердің ерекше жауапкершілікке тартылатынын тілге тиек етті. «Судыңда сұрауы бар ғой. Бұл текке беріліп жатқан қаражат емес. Ол тиімді пайдаланыла отырып, сіздердің өндірістеріңізді қолдауға, жұмыс орындарын, салықты көбейтуге, ауылдағы тұрғындардың жағдайын жақсартуға беріліп жатыр.  Соны ұмытпауымыз керек. Бұл халықтың қаражаты. Сондықтан оны тұрғындардың пайдасы, игілігі үшін жұмсауымыз қажет. Әрбір берілген субсидияның тиімділігі болмаса, қосымша жұмыс орындары құрылмаса, жұмыскерлердің жалақысы көбейтілмесе, сұрау қатаң болады. Мен сіздерге осыны тағы бір ескерткім келеді, – деп Марат Мұратұлы көрсетілген мемлекеттік қолдауға сәйкес, талаптыңда қатаң екенін еске салды.

Кеңестің қорытынды бөлігінде  аймақ басшысының тапсырмасы бойынша облыстық жедел штаб құрылды. Осындай штабтар жергілікті жерлерде де жұмыс істейтін болады. Және де, штаб жанынан үйлестіру кеңесі құрылмақшы. Ол, орақ науқанының соңында жұмыс қорытындысын және аудан, шаруашылықтар бойынша үздіктерді анықтайды. Егін орағының нәтижесі Ауыл шаруашылығы қызметкері күніне орай шығарылады.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар