Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Семей полигонының зардаптары әлі де жүректерді сыздатуда - АРҚА АЖАРЫ

Семей полигонының зардаптары әлі де жүректерді сыздатуда

 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні

 Бұл айтулы күн 2010 жылы Қазақстан мемлекетінің бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілді. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Семей полигоны – КСРО-ның радиоактивті мұрасының жабылғаны белгілі. Семей полигонының тарихы 1947 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен құрылған кезде басталады. 1949 жылы 29 тамызда полигонда алғаш рет ядролық жарылыс болды. Небәрі 40 жыл ішінде мұнда 473 ядролық сынақ жүргізілді. Полигон қызметі экологиялық апатқа әкеліп, адам денсаулығына орны толмас зиян келтірді. Сынақ алаңын жабудың негізгі бастамашыларының бірі, Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Бозтаев кезінде былай деп жазды: «Сынақтардың зардаптарынан ондаған мың адам зардап шекті, олар полигон маңында тұратын жергілікті тұрғындар мен сынақтарға қатысқан әскери қызметкерлер».

Семей полигоны ардагерлерінің арасында полигонда әскери борышын өтеген ақмолалықтар аз емес. Мәселен, Мұратбек Егімбайұлы Балғабаев 1982 жылы Семей полигонына әскери борышын өтеуге жіберілді. Осы уақытқа дейін бірнеше жұмысшы мамандықтарды игерген ол «Семей-22» арнайы тәуекел бөлімінде болды. Ол екі жыл полигонның дәл орталығында – кеңестік атом бомбасын жасаушының атымен аталған Курчатов қаласында қызмет етті. Ардагердің айтуынша, онда қызмет еткен көптеген сарбаздар радиациялық әсер ету қаупі жоғары, аса қауіпті нысанда әскери борыштарын өтеп жүргендерін білмеген. Олардың көбі радиациядан қорғайтын арнайы киіммен қамтамасыз етілмеген. Соның салдарынан алдында ғана әскери қызметке жарамды деп танылған сарбаздар аз уақыттың ішінде денсаулықтары сыр беріп, ауырып қалды.

Әскери қызметкерлер полигонда түрлі тапсырмаларды орындады. Бөлу кезінде слесарь, электрик, монтаждаушы сияқты бірнеше техникалық мамандықтары бар әскерге шақырылушыларды осы полигонға жіберуге тырысты. Көбінесе олар түнде жұмыс істеді. Күндіз ұйықтап, дем алатын. Дегенмен, әскери қызметкерлердің ұйықтап, дем алуы үшін уақыт жеткілікті болғанына қарамастан, олар үнемі өздерін шаршаған күйде сезінді. Көбі жиі ауыра бастады. Біреуінің іші ауырса, екіншісінің көзі нашар көре бастайды, ал, кейбіреулерін бас ауруы мазалаған. Радиацияның әсері сарбаздарға осылай білінді.

Сол жаққа мүлде сау барып, көбі әскери қызметке ғана емес, жалпы, толыққанды өмір сүруге де жарамсыз болып, мерзімінен бұрын үйлеріне оралды. Олардың денсаулығының күрт нашарлауының себебін олардың өздеріне де, туыстарына да ешкім түсіндірмеді. Сол жылдары полигонға барған әрбір адам өз денсаулығына ядролық сынақтардың жағымсыз салдарын бастан кешірді.

Семей полигонының қызметі ұзақ уақыт бойы қатаң құпияда сақталды. Әскери қызметшілер бөлімге келгеннен кейін бірден 25 жыл мерзімге жария етпеу туралы келісімге қол қойды. Тіпті, бірге тұратын сарбаздарға да бұл туралы бір-бірімен сөйлесуге тыйым салынды, олардың атқарып жатқан жұмысы туралы айтуға болмайтын. Үй іші мен туған-туыстарына жазылған хаттар да үнемі тексеріліп отырды.

1984 жылдың күзінде М.Балғабаевтың әскери қызметі аяқталды, бірақ, ол бірден үйіне бара алмады. Соңғы қызметінде ядролық жарылыстан жарақат алады. Тек жарылыс кезінде жарқ-жұрқ еткен жарықты көріп, бірден есінен танып қалғаны ғана есінде. Ол бірнеше ай госпитальда жатып, Жаңа жылға қарай ғана еліне оралады.

2020 жылы Мұратбек Балғабаевтың бастамасымен Ақмола облысында «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бүгінде бірлестік құрамында 80-ге жуық адам бар, олардың барлығы дерлік мүгедектер. Алайда, полигонның өз кезіндегі жасырын, жабық жұмысына байланысты олардың жартысының арнайы тәуекел бөлімшесінің ардагері мәртебесін растайтын құжаттары жоқ. Солай бола тұра, қазір бұл ардагерлердің өздерінің ғана емес, балаларының да денсаулықтарында түрлі ауыр проблемалар бар. Сондықтан, бірлестіктің негізгі міндеттерінің бірі – осы адамдардың жәрдемақылар мен шипажайларға жолдама алуларына көмектесу.

Байтас Әжіметұлы Жүнісов 1974-1976 жылдары Көкшетау облыстық әскери комиссариатынан Семей полигонында Отан алдындағы борышын өтеп, арасында Жамбыл облысы Отар стансасы жанындағы Гвардейский әскери қалашығында әскери қызметте болды. Ол жерде оқу-жаттығу базасы орналасқандықтан, алты ай бойы химиялық қорғаныс взводында әскери дайындықтан өтеді. Бұдан соң Аягөз қаласына жіберілді. Бұл жерде полигонның үлкен сынақ алаңы – Балапан-2 орналасқан еді, онда ғалымдар ядролық жарылыстың жануарларға әсерін зерттеді.

Байтас Жүнісов басқарған взвод полигоннан 50-70 шақырым қашықтықта орналасты. Жарылыстан кейін сарбаздар өлген жануарлардың денелерін жинап, кейін сол аумақты химиялық өңдеуден өткізді. Мұның барлығы белгілі бір шектеулі уақыт ішінде қорғаныс костюмдерін киюмен атқарылды. Ондай кездерде жас жігіттер шыдай алмай, амалсыздан противогаздарын шешіп, радиациямен ластанған ауаны жұтатын. Осыдан кейін радиация бүкіл денеге таралып, сарбаздар госпитальға түсіп, дәрігерлік комиссияның шешімімен сол жерден үйлеріне оралды. Мұның бәрі нақты жағдайды және денсаулыққа ықтимал теріс салдарларды білмеудің әрі түсінбеудің салдарынан болды. Полигонның қызметі құпия болғандықтан, сарбаздарға көп нәрсе айтылмайтын әрі оны өздері де біле бермейтін.

Байтас Жүнісов 36 сарбаздан тұратын взвод командирі болды. Тек осы взводтан ғана жоғары радиациядан қатты зардап шеккен 9 адам комиссияға легіп, үйлеріне жіберілді. Ардагердің өзі де сол жақта екі рет емдеу орнына түскен.

Абай Оразұлы Бакубаев та Көкшетау облыстық комиссариаты тарапынан 1977 жылы Володар ауданы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы) Тереңкөл ауылынан әскер қатарына шақырылып, Аягөз қаласында екі жыл қызмет етті. Ол жүргізуші болып, ТРМ-131 жүк көлігі мен ПУ-60 бронетранспортеріне отырған.

Балалары кәмелет жасына толған ардагер отбасы әлі күнге дейін радиацияның зардабын шегуде. Бір ұлы бір бүйрекпен өмір сүрсе, екінші ұлы неврологиялық дертке шалдыққан. Дегенмен, соған қарамастан, еңбек етіп, ел қатарлы күндерін көруде.

Балташ Жұмажанұлы Мәдиев 1952 жылы Омбы облысында дүниеге келген. 1970 жылы әскер қатарына шақырылып, алғашқы жылы Семейде өтті. Сол мерзімнің өзі денсаулығының сыр беруіне жеткілікті болды. Өйткені, ұдайы ядролық сынақ жүргізілетін полигон ешкімді аямайтын.

Полигонның құпия қызметі оның ұзақ уақыт бойы – 1949 жылдан 1991 жылға дейін белсенді сынақ алаңына айналуын қамтамасыз етті. Кеңес үкіметі 42 жыл мұндай ядролық сынақтарды еш кедергісіз жүргізді. Тек жылдар өткеннен кейін ғана адамдар әртүрлі денсаулық кінәратын, соның ішінде генетикалық мутацияларды полигон қызметімен байланыстыра бастады. Тіпті, Курчатов қаласы мен «Балапан» сияқты сынақ полигонының ең маңызды және қауіпті учаскелерінде әскери қызметте болған сарбаздардың өзі радиацияның ағзаға тигізетін кері әсері туралы тақа хабардар болған жоқ.

Семей полигонын жабу туралы шешім еліміздің тарихындағы маңызды және күрделі кезең болды. Бұл шешімді мемлекетіміздің жаңадан құрылуы кезеңінде әлемдік қауымдастық жоғары бағалады. Қазақстан бүкіл әлемге ядролық қарудан бас тартқан, сыртқы саясаты дәйекті, бейбітсүйгіш мемлекет екендігін көрсетті. Өкінішке орай, адамдар Семей полигонының зардаптарын әлі де бастан кешуде.

Әйгерім САТЫБАЕВА,
Көкшетау қаласының тарихи музейінің ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар