Жоғары жетістік – лайықты марапат

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Париж қаласында өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары мен ХVІІ жазғы Паралимпиада ойындарына қатысқан жерлес спортшыларға құрмет көрсету салтанатында Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Давид Дегтярев пен күміс жүлде иегері Еркін Ғаббасовқа үш және екі бөлмелі пәтерлердің және ақшалай сыйлықтардың сертификаттарын табыс етті.

Жиын Париж қаласындағы 2024 жылғы жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының қатысушыларын салтанатты түрде қарсы алу рәсімімен басталды.

– Біздің жерлестеріміз бүкіл әлем асыға күткен, төрт жылда бір келетін дүбірлі дода – жазғы Олимпиада мен Паралимпиадаға алты жолдама жеңіп алған болатын. Мұндай жетістік Ақмола спортында бұрын-соңды болмаған. Бұл 2024 жылғы жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындары Ақмола облысы үшін табысты өтті. Біздің спортшыларымыз – боксшы Карина Ибрагимова мен велоспортшы Андрей Чугай жазғы Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысса, Давид Дегтярев, Еркін Ғаббасов және Әмір Мұратбеков Паралимпиада ойындарына қатысушылар қатарында жоғары нәтижелер көрсетті, –дей келе, облыс әкімі әр спортшының спорттағы жетістіктеріне жекелей тоқталып, қошемет білдірді. Соның ішінде Паралимпиада ойындарына қатысқан спортшыларымызды, олардың осы жолғы жетістіктерін ерекше атап өтті.

–Давид Дегтярев 54 келісалмақ дәрежесінде парапауэрлифтингтен екінші мәрте жеңімпаз атанып, еліміздің көк байрағын Париж төрінде желбіретіп, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанып отырған тұңғыш қазақстандық. Біз оның Токиода өткен Паралимпиададағы алғашқы жеңісін де ұмытпаймыз. Ол біздің елімізді осылайша барша әлемге паш етті. Ал, мерген Еркін Ғаббасов бұл дүбірлі додаға бірінші рет қатысып отырса да, пара нысана көздеуден екінші орынды иеленіп, қоржынымызға күміс жүлде салды. Біз осындай жігерлі спортшыларымызбен мақтанамыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл екі спортшымыз мемлекеттік жоғары наградаға ұсынылды, – деп аймақ басшысы Әмір Мұратбековтің де спорттағы жетістігіне ілтипат білдіріп, облыста спорт саласында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды, болашағынан үміт күттіретін спортшыларды тілге тиек етті.

Салтанатты жиында облыс әкімі осы спортшылардың жаттықтырушыларының да ерекше еңбектерін атап өтті. Марапаттау  салтанатында бокстан еңбек сіңірген спорт шебері Карина Ибрагимоважәне оның жеке бапкері,Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Высоцкий, велоспорттан спорт шебері Андрей Чугай, оныңжеке бапкері Иван Гринберг, пара жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әмір Мұратбеков пен жеке бапкері Джанна Зайцева Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен және тұрмыстық техникаға арналған сертификатпен марапатталды.

Ал, Паралимпиадада жеңімпаз және жүлдегер атанып келген Давид Дегтярев пен Еркін Ғаббасовтың жаттықтырушылары – пара пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Колесников 7 миллион теңгенің сертификатына ие болса, пара нысана көздеу бапкері Мүсілім Сәрсембековке 5 миллион теңгенің сертификаты берілді.

Пара нысана көздеуден спорт шебері, Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Еркін Ғаббасовқа 20 миллион теңгесомасындағы ақшалай сыйлықтың және екі бөлмелі пәтердің сертификаттары табыс етілсе, пара пауэрлифтингтен еңбек сіңірген спорт шебері, екі дүркін Паралимпиада ойындарының чемпионы Давид Дегтяревке 25 миллион теңге сомасындағы ақшалай сыйлықтың және 3 бөлмелі пәтердің сертификаттары тапсырылды. Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласып, жиналған қауым естелік суретке түсті.

Елімізді төрткүл дүниеге паш етіп, көк байрағымызды биіктен желбіретіп оралған жерлес спортшыларымыздың бұл жетістіктеріне салтанат барысында біз де сүйсініп, осы жеңіс үшін жылдар бойы төккен маңдай терлерінің есесі осындай абырой-марапатпен қайтып жатқанына қуандық.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Рамиль ДОСУМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар