Жол туралы сауал көп, кейбіріне жауап жоқ…

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халыққа ақпарат беру деңгейін арттыру, атқарушы органдардың халық алдында есеп беруі және жауапкершілігін нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев облыс тұрғындарымен кездесу өткізді.

Достық үйінде өткен жиында министрмен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова бірге болды. Сөз басында Көлік министрі өткен жылғы халықпен кездесуде көтерілген жол мәселелерін айтып, осы кезге дейін жүзеге асқандарына тоқталып өтті. Олардың қатарында «Көкшетау-Омбы» жолы көтерілген болатын. Бұл жолдың жоспарлы жұмыстары жалғасып, келесі жылы толығымен жөндеуден өтеді. Және детұрғындар көтерген 946 шақырымдық «Петропавл-Жезқазған» жолының орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау 2025 жылы жоспарланған. Ал, «Ақсу-Торғайлы»жолында жөндеу жұмыстары енді басталады. Бүгінде, мердігер компания анықталып, керекті жол материалдарын дайындау жұмыстары жүргізілген.Бұл жұмыстардың кешігуіне жазғы толассыз жаңбыр әсер еткен. Сондай-ақ, бір жыл бұрын қозғалған «Көкшетау-Зеренді» тас жолын төрт жолақты ету мәселесі де шешімін таппақ. Алайда, ол жұмыстардың көп уақытқа созылу қаупі болғандықтан, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бекітілген. Мердігер компания да анықталған. Жөндеу жұмыстары аясында бір бағытта екі, келесі бағытта бір жолмен  үш жолақты болуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ, жиын тұрғындармен ашық сұрақ-жауап ретінде жалғасты. Бәріміздің көкейіміздегі өзге жолдардың сапасы да айтылмай қалмады.

–  Қостанай, Петропавл облыстарындағы жолдар да әрине, нашар. 70-інші жылғы жолдар. 54 жыл ешкім ақша бөлмеген. Бірде бір күрделі, орташа жөндеуден де өтпеген. Ал, талап бойынша әр бес жылда орташа, он бес жылда күрделі жөндеуден өтуі керек. Жағдайы кезінде қаржы бөлінбегендіктен, осылай болуда. Қаржы не үшін бөлінбеді? Бір кезде, қаржының басым бөлігі республикалық үлкен көлік дәліздерін салуға бағытталды. Сапа жағына келетін болсақ, мәселен, бұрын орташа жөндеуде беткі 5 сантиметр қабатты алып, орнына қайтадан төсейтін-ді. Қазіргі Мемлекет басшысы Жолдауда атап көрсеткен орташа жөндеуден өтетін 10 мың шақырым жолдың жүйесі басқаша. Онда біз үстіңгі қабатты алып, оны белгілі бір қоспалар қосып, қайта өңдеп, орнына төсейміз. Оның үстіне 12 сантиметр екі қабат асфальт төселеді. Ол былайша айтқанда күрделі жөндеу жұмыстарына сәйкестеу келеді. Сапа жақсы болады. Биыл республика бойынша 12 мың шақырым жол жөндеуден өтіп жатыр. Егер Сапа орталығына берілген қорытындысы немесе сапасы сәйкес келмесе, компания өз есебінен оны жойғанша жол қабылданбайды. Және де жолдың сапасын бұзатын ауыр жүк тасымалдайтын көліктер. Өкінішке орай, бір жүк көлігі 47-48 тоннаға дейін жүк тасымалдап жүр. Яғни, шекті салмақтан екі есе жоғары. Бұған қандай шара қолдана аламыз? Мысалы, Астанаға жеті кіре беріс бар. Барлығына автоматтандырылған жүйедегі камера қойылған. Мұндай камераларды республика бойынша тағы 220 жерге орнату жоспарлануда. Алдағы уақыттажүргізушілерге ғана емес, ауыр жүкті тиеген тауардың иелеріне де айыппұл салынады. Егер бұзушылық үш реттен асырылса, карьердің лизенциясы қайтарылып алынады. Оған қоса, қабылдаушы, тапсырыс беруші тараптар да жазадан сырт қалмайды. Осылай алдын алмасақ, басқа жолы жоқ. Жолды сақтаудың бір жолы ауыр жүк көліктерін жүргізбеу болып табылады, – деп Марат Қарабаев  жолдың сапалық маңызы туралы тарқатып айтып берді. Министрдің айтуынша, биыл елімізде тәуелсіздік, тіпті кеңес заманында болмаған көрсеткіште жол жөнделгелі отыр. Сол үшінде жолға деген бақылауды күшейту керек. Бүгінде бұл жұмысқа атқарушы органдар мен қоғам белсенділері, тіпті, қарапайым тұрғындарда ат салыса алады.

Сондай-ақ, «Астана-Алматы» жолының мердігеріне қатысты мәселе биыл алтыншы жылға созылуда. Марат Қарабаев өз кезегінде, бұл жолдағы жұмыстыңда жыл аяғына дейін аяқталатынына сендірді. Осы сияқты, көп шағым түсетін Қосшы қаласының жол инфрақұрылымында сұрап көрдік. Министр тікелей жауап бере алмағандықтан, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков жауап берді.

–Қосшы қаласына жол жөндеуге және салуға төрт жарым миллиард теңге қарастырылуда. Оның 3 миллиардтан астамы Тайтөбе ауылына бөлінді. Бірақ, қаражаттың аздығынан бүкіл жұмыстарды бір жылда аяқтау мүмкін емес. Қосшы өсіп кетті. Онда көшелердің ұзындығы 185 шақырымға жетті, – деді ол.

Сонымен бірге, кездесуде қатысушылардан қойылған әрбір сұраққа жекелей жауап берілді. Қорыта айтқанда, берілген ақпараттардан өткен жылғы кездесуде белгіленген ірі жобалардың толық жүзеге аспағанын, жалғасатынын аңғару қиын болмады. Ал, шағын жобалар, ауылдық жерлердегі жолға деген сұраныс пен шағымды қала іргесінен ұзамай-ақ естіп жатамыз.

Айта кетейік, Ақмола облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу аясында ағымдағы жылы 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, оған 20,4 миллиард теңге қарастырылған. Өңіріміздегі 70-тен астам елді мекенге жол желісін салу және жөндеу жоспарланған. Осы жоспарлы жұмыстар тиісті деңгейде жүзеге асып, халықтың сапалы жолға деген үміті артса, кәнекей.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар