Жомарт күз берекесі – дастархан ырыздығы

Жаз өтіп, күз маусымы да келіп қалды. Бұл уақыт – көкөністің нағыз молаятын шағы. Бау-бақшаларда құлпынай, бүлдірген, шие теру науқаны аяқталған. Осы ретте, біз қаламыздағы базарларды аралап, өзімізде өсетін және сырттан әкелінген жемістердің бағасына зер салған едік.

Орталық базарда  жеміс-жидек бағасы қымбат. Өткен жылдармен салыстырғанда биылғы жылы жеміс-жидектің де, көкөністің де бағасы едәуір көтерілген. Бір келі өрік шамамен 1000, алма – 800-850, алмұрт – 1200, жүзім – 1000, шабдалы –  900, алхоры – 700, қауын – 500, қарбыз – 150 теңге тұрады. Бірақ, бұл тұрақты баға емес, күн сайын өзгереді деуге болады.

Алдымен біз Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне бас сұқтық. Аталған мекеменің бас маманы Айдар Мерекеевтің айтуынша, жеміс-жидек бағасын облыстық не қалалық кәсіпкерлік бөлімдері қадағаламайды.

–Қаламыздағы сауда орындарындағы жеміс-жидек бағасын біздер бақылап, қадағаламаймыз. Себебі, біріншіден, жеміс-жидек түрлері Үкіметтің Қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар тауарлар тобына кірмейді. Екіншіден, олар тек жаз айларында ғана науқандық түрде сатылады. Ал, көкөніс өнімдерінің бағасына апта сайын, ай сайын мониторинг жүргізіледі. Олар – картоп, сарымсақ, сәбіз, қырыққабат. Яғни, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін біздер үнемі назарымызда ұстаймыз, – дейді ол.

Айдар Мерекеевтің айтуынша, күз мезгілі басталғаннан бері облыс орталығындағы «Алтын ғасыр» сауда орталығының алдында екі апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. Жәрмеңкеде жергілікті жерде өсірілген картоп, пияз, қияр, қызанақсияқты көкөніс өнімдері сатылады.

Сатушылардың айтуынша, биылғы жылы баға арзандамай тұр, себебі, біріншіден, қалаға тауардың өзі қымбат болып келеді, екіншіден, біздің өңірімізге келіп жатқан жеміс-жидектің кейбір түрлерінің қоры аз.

– Біздер барлық тауарды қала сыртындағы «Хасенов» көтерме базарынан алып келеміз. Көп болса, сатып отырған жеміс-жидегімізге 200-300 теңгеден қосамыз. Биыл жеміс-жидек көтерме базарға да қымбат келіп жатыр. Жаздай еліміздің оңтүстік аймақтарында күн салқын, жауын-шашынды болды, сондықтан, кейбір жеміс-жидек, көкөніс түрлері аз өнім берді дейді. Сондықтан, көбіне жеміс-жидек әкеліп, көтерме бағамен сатушылар өз шығындарының орнын толтыру үшін қымбатқа сатады, – дейді сатушы Гүлмира Аманжолова.

Гүлмираның айтуынша, жеміс-жидек бағасына келіспей, наразылығын айтып кететін адамдар аз емес екен. Әсіресе, зейнеткерлер мен көп балалы, жағдайы төмен отбасыларының мүшелері бағаны арзандатуларын сұрайды. Алайда, қарапайым халықтың «қалтасына» қарауға мүмкіндік жоқ. Себебі, сауда иесі өз шығындарын өтеп, салығын төлеп, оның үстіне барынша пайда көргісі келеді.

Ал,жеміс-жидек шаруашылығымен жиырма жылдай айналысатын шаңтөбелік жеке кәсіпкер Александр Гладышев өз өнімдерін Орталық базардың жанында, халыққа тиімді бағамен сатып, көптің алғысына бөленуде.

–Біз облысымызға қарасты Шаңтөбе кентінде тұрамыз. Әйелім екеуміз осы кәсіппен айналысқанымызға жиырма жылдай болды. Балаларым, немерелерім көмектесіп тұрады. Таңқурай, құлпынай, қарақат өсіреміз. Біздің Шаңтөбеде жарты гектар жеріміз, жеке шаруашылығымыз бар. Салықты уақытында төлеп тұрамыз. Мемлекетімізді қолдаймыз, ол өз кезегінде бізді қолдайды. Мәселен, бізге осы жерде саудамызды жүргізуге тегін орын берген. Жергілікті халық табиғи жеміс-жидектен нәр алсын деп күнара тауар әкелеміз. Жақында үй жағдайында өсірілген картоп, қияр, қызанақта өз бақшамыздан әкелініп, сатылатын болады. Қазір міне, таңқурайдың бағасы кішкене қымбаттады, себебі, оның маусымы бітіп қалды. Бағасы келісіне 3000 теңге, бұрын 2000-2500-ге алуға болатын. Қарақаттың бағасыкелісіне 2000-2400 теңге, мұнда қанша келі алатынына байланысты. Ранетканың шелегі 1500 теңге, сарымсақтың келісі 150 теңге. Қазір базарда көтере сататындар көбейді, бір жерден алып,бір жерге сатады. Ал, біз барлығын өз қолымызбен өсіріп, жергілікті халыққа ұсынған жағдайымыз бар. Мүмкін естіген боларсыз, «Шаңтөбенің шиесі» деген сөзді. Ол біз туралы, – дейді өз сөзінде жеке кәсіпкер.

Тағы бір ерлі-зайыпты кәсіпкер Жанна Шамиғанованың жеміс-жидек өнімдерін сатумен айналысқанына 27 жыл болыпты. Сонау 1996-ыншы жылдан бастап шұғылданып келеді екен. Өзі көршілес Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Мәдениет ауылының тумасы көрінеді. Кезінде балы жетпей, оқуға түсе алмағаннан кейін, ауылына оралуға ұялып, бар өмірін осы жеміс-жидек саудасымен байланыстырып кеткен. Бұл жерде өзінің болашақ жарын кездестіріп, бір қыз тәрбиелеп отырған жайы бар.

–Бұрын жеміс-жидек, көкөніссатумен айналысып, сауда жасайтын адамдар аз болатын. Қазіргі кезде бәсеке артты. Менің негізінде, бұл салада көп жыл істеп келе жатқандықтан, өзімнің сенімді әрі жиі келіп тұратын сатып алушыларым бар. Оларға жақсы жеңілдіктер жасаймын. Мемлекеттік қызметте істеп жүрген клиенттерім бар, өзім білетін зейнеткерлер де аз емес, оларға жалақылары мен зейнетақылары түскенге дейін қарызға да беремін. Содан кейін той-домалақ, дұғаларға жақсы-жақсы жеңілдіктер жасаймыз. Өйткені, күнкөрісі әлі күнге қиын халықтың да жағдайын түсінбесек болмайды. Барлығы бір тіршіліктің амалы ғой. Тауардың сатылмай бүлініп жатқанынан гөрі, осылай адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасап, сол жеміс-жидекті өткізгенің пайдалы емес пе. Жалпы, кез-келген адамға жылы сөйлеп, қажетті затын ұсынсаң, ол кісі келесі жолы да саған келеді. Өйткені, адам психологиясы деген бар. Сауда жасаған осы жылдарда бәрін де үйреніп, көрдік қой. Бұрын тұрмысқа шықпаған кезімде тауарды сонау Ташкенттен, Шымкенттен әкелетінмін. Кейін олардың жартысын, әсіресе, күз мезгілінде, жергілікті жердегі картоп, қырыққабат, сарымсақ, пиязбен алмастырып сатқан да кездерім болды. Қазіргі кезде, жергілікті ауылдармен жұмыс жасаймыз. Мысалы, көршілес Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Большой Изюм елді мекенінен картоп, қияр, қырыққабат, қызылша, Тайынша қаласының өзінен тікелей жеткізу арқылы қияр келеді. Сол сияқты, сол облыстағы Келлеровка, Саумалкөлден де көкөністер келіп жатады. Неге маған әкеледі дейсіз ғой? Себебі, менің сауда жүргізуде үлкен тәжірибем бар. Бірдеңені алып, сату үшін талант та керек деп ойлаймын. Мен көлеміне қарамаймын, КамАЗ ба, сол КамАЗ-бен әкеле бер деймін. Барлығы Алланың қалауымен ғой. Тек қана тырысу керек, нан тауып отырған ісіңе адал болу керек деп ойлаймын. Сосын тағы бір айтатыным, біздің облысқа қарағанда, мына көршілес Солтүстік Қазақстан облысында осы көкөніс, картоп шаруашылығымен жақсырақ айналысатын сияқты. Өйткені, сататын жергілікті өніміміздің көбін солардан аламыз. Бұл жағынан біздің фермерлердің құлағына алтын сырға, – дейді ол.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар