Жұмысшы мамандықтарын жаңа деңгейге көтерудеміз

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау туралы тапсырма берді.

«Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деп атап өтті Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Бұл бізді ағымдағы оқу жылында халықаралық стандарттарға сай келетін инженер, техник мамандарды даярлауға бағыттайды. Студенттердің бойында кәсіби білімді, еңбекқорлық пен жауапкершілікті қалыптастыруды оқу-тәрбие процесінің негізгі бағыты деп санаймыз. Халықаралық аккредитация алу – білім беру сапасын арттыру және колледжіміздің бәсекеге қабілеттілігін жақсарту үшін маңызды қадам. Біліктілікті арттыру және басқару әдістерін енгізу, инфрақұрылымды жақсарту және оқу-өндірістік шеберханаларды халықаралық талаптарға сай ету, жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықтау – ел экономикасы үшін жас кадрлардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру және дамытудың басты жолдары. Түлектеріміздің еңбек нарығындағы табыстары жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынасқа, студенттердің практикалық тәжірибелерін ұйымдастыруға және түлектерді жұмысқа орналастыру бағдарламасын әзірлеуге негізделген.

Біз халықаралық білім беру жобалары мен алмасуларға белсенді түрде қатысамыз. Сондай-ақ, шетелдік оқу орындарымен және салалық ұйымдармен серіктестік орнатудамыз. Халықаралық аккредиттеуден өту біз үшін техникалық және кәсіптік білім беру сапасын жақсартуға көмектеседі және колледжіміздің беделінде арттырады. Осы міндеттер бойынша жемісті жұмыс жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, кәсіби білім беруді жақсартуға ұмтылысымызды растайды. Мемлекет басшысы Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін  жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет» деген салмақты, сара ойын жеткізді. Біздің колледждің білім алушылары да еңбек жолын студент кезінен бастайды деп айта аламыз. Практикалық оқыту кезінде дуальді оқытуда көмекке келген кәсіпорындар студенттеріміздің болашақ жұмыс орны болып табылады. Бұл ретте, оқу орнымыздағы 43 оқу-өндірістік шеберхана мен 16 құзыреттілік орталықты айтып өткім келеді. Себебі, студенттер білімін теориялық деңгейде ғана емес, таңдау пәні бойынша аталған шеберханаларда іс жүзінде сынап көріп, тәжірибе жинайды. Осылайша, инженер, техника саласында білікті мамандар қалыптасады. Бүгінде колледж 23 мамандық және 41 біліктілік бойынша қолданбалы бакалаврларды, оған қоса, орта буын мамандарды, кәсіби жұмысшыларды дайындайды. Қазіргі таңда колледж қабырғасында аталған оқу бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам студент білім алуда.

Сонымен бірге, түлектеріміздің бәсекелестік артықшылықтары бар. Бұлда Президентіміз Қ.Тоқаевтың«Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды.Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет» деген тапсырмасына сай келеді. Мысалға, колледжде тегін оқудан бастап, кепілдендірілген шәкіртақы, практикалық бағытталған оқыту, шетелдерге практика немесе тағылымдама, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында қысқартылған  бағдарлама бойынша білім алу, түрлі санаттағы жүргізуші куәлігін алу, жол шығындарының өтемақысы, әлеуметтік жеңілдіктер, ыңғайлы жатақхана тағы басқа да оқуға ынталандыру мақсатындағы ерекшеліктер қарастырылған.

Қорыта айтқанда, студенттерге біліктілік тәжірибесі және еңбегі мен табысын оқу орнында жүріп алуына жағдай жасау білім беру сапасын арттырудағы бір артықшылығымыз. Және де Жолдауда жарияланған жұмысшы мамандарды даярлаудың кепілі дей аламын. Президентіміз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаларына колледж түлектері сай келіп, елімізді дамыған мемлекетке айналдыру ісіне өз үлестерін қосады деп сенеміз.

Ақнұр ЕСЛӘМОВА,
Көкшетау жоғары техникалық колледжінің директоры,
«Құрмет» орденінің, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің  иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар