«Қазақстан халқына» қоры жаңа  үйлер тарту етпекші

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысының Бұланды ауданында болып, облыс әкімі Марат Ахметжанов екеуі Журавлевка, Иванковка және Вознесенка ауылдарында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражатына Журавлевка ауылында 42 тұрғын үй, Иванковка ауылында 41 пәтерге арналғанбір қабатты тұрғын үй мен Вознесенка ауылында 16 тұрғын үй салынуда. Әрбір тұрғынға жер телімдері қоса беріледі.

 – Аумағы 80 шаршы метрден асатын бұл жаңа үйлер болашақ ауылдың келбетіне сай келеді. Жобалау және салу кезінде заманауи біріктірілген қасбеттік және интерьер шешімдері пайдаланылады, бұл жеке ас үй және кіріктірілген шкафтары бар толыққанды пәтерлер. Сертификатталған жергілікті құрылыс материалдары, мысалы, Макинск қаласында шығарылатын оқшаулағыш және газ блоктары, Көкшетаудың қаптама кірпіштері пайдаланылады. Әр үйге су құбыры тартылып, жеке септиктер орнатылып, ұзақ уақыт жанатын пештер пайдаланылады, – дейді «Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту» қоғамдық қорының жетекшісі Данияр Нұрпейісов.

– Біз ауылда тұратын адамдар қала өмірінің барлық артықшылықтары мен жайлылықтарына ие болғанын қалаймыз, – деп қосты.

Сондай-ақ, ол құрылыс орындарын жобалағанда, шеттен жеке шағын  аудандар салмай, елді мекендердің орталық бөлігіндегі жерлерді таңдап, бұрыннан бар құрылыстарды нығайта түскендерін  айтты.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев атап өткеніндей, үйлер жақсы типтік жоба бойынша салынған. Қалған 99 үйдің құрылысын тездетіп, қосымша жұмысшылар тарту тапсырылды. Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары облыс әкімдігінің жауапты тұлғаларына және энергиямен қамтамасыз етумен айналысатын облыстық кәсіпорынға орталықтандырылған сумен қамту мәселелерін тез арада шешуді, сондай-ақ, жаңа үйлердің электр қуатымен толық жабдықталуын қатаң тапсырды.

Жалпы, құрылыс аяқталуға жақын, бұл үшін барлық қажетті материалдар мен жұмыс күші бар. Алдағы уақытта көктемгі су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындары қоныс тойын тойламақшы. Сондай-ақ, айналаны абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Вероника БУРДА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар