Ауа райының соңғы ашық күндері жұмысқа қарқын қосты

Бүгінгі таңда елімізде күн тәртібіндегі басты  мәселенің бірі – орақ науқаны. Жауапты науқанды сәтті, сапалы өткізіп, қамбаны астыққа толтырсақ деген диқандарымыздың күндері қарбаласпен өтуде. Кейде еселі еңбекті түнге де жалғауға тура келеді. Дәл осы жағдайларды көзбен көру, жалпы күзгі орақ науқанының барысымен танысу мақсатында бірнеше ауданға баспасөз туры ұйымдастырылған еді. Бізді сапарда Ақмола облыстық ауыл шауашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов өзі бастап жүріп, жағдаймен таныстырды.

Сапар барысында, Бұланды, Ақкөл, Шортанды аудандарына қарасты ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жеке қожалықтар мен серіктестіктерге барып, астықты жинау, тасып, өңдеу және кептіру кезеңдерімен таныс болдық. Алғашқы нысан – Макинск қаласындағы жалпы сыйымдылығы 120 мың тонна «Арна»астық қабылдау пункті тәулік бойы жұмыс істеп, Бұланды, Ақкөл, Зеренді және Шортанды аудандарының диқандарының дәнді жәнемайлы дақылдарын қабылдайды.

– Бүгінде жаңа егіннің 35 мың тонна астығын жинап алдық. Ылғалдылығы 25 пайызүшінші, төртінші сыныпқа жатады. Тәулігіне 2,5 мың тоннаға дейін астық қабылдаймыз. Жүкті түсіру шамамен 5 минутты алады. Түгелдей өңделеді. Соңғы күндері ылғалдылығы16-19 пайызға түсті. Зертханалық талдаудан кейін бірден кептіруге кірісеміз. Кептіргіштер күні-түні жұмыс істейді. Жұмысшылар саны 90 адам.Кепілдендірілген дизельдік отынның тамыз айындағы көлемі толық алынды.Қазір қоймада 2,8 тонна жанармай бар, бұл жағынан еш қиындық жоқ, – дейді астық өндірісінің басшысы Клара Меңдібаева. Осы кәсіпорынға жақын жерде «Бота-2015» серіктестігінің мұнай өңдеу зауытының шикізат базасы бар. Шикі мұнайдан су гидратациясымен тәулігіне 600 тонна шикізат өндіреді. Қазақстанға, Ресей Федерациясы, Қытай, Тәжікстан, Италияға экспорттайды. Компания ағымдағы режимде жұмыс істейді. Жұмыс күші 82 адам. Мұнда Макинск құс фабрикасы да астық сақтайды.

Капитоновка ауылындағы ірі ауылшаруашылығыкәсіпорындарының бірі «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024 жылға дәнді дақылдармен бірге, бұршақ және майлы дақылдар, сондай-ақ, мал азықтық дақылдар мен көкөністер еккен. Бүгінгі таңда барлығы 116 мың гектар алқаптың үштен бір бөлігі бастырылған. Егіс алқаптарының 40 пайызын майлы дақылдар алып жатыр.750-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестіктің әлеуеті айтарлықтай жоғары.

– Астықты бастыруда 50 пайыздық көрсеткішке жақындадық. Ауа райы қолайлы болып тұрғанда асығып отырмыз. Сапасы әртүрлі, бір жерде үшінші, бір жерде төртінші класқа жатады. Соңғы жауындардан сапасы аздап жоғалды. Бірақ, шаруашылықта орташа түсім гектарына 30 центнерді құрайды. Кейбір тәжірибелік алқаптарда өнімділік 50 центнерге жетеді. Біздің аудан үшін бұлда аз емес. Мұның бәрі құрғақ тыңайтқыштарды сұйық тыңайтқышқа айналдыратындықтан.Ылғалмол болды. Маусым ішінде 400-ден 500 миллиметрге дейін жауын-шашын түсті, – деп серіктестіктің бас директоры Ерлан Тоқанов жұмыс барысымен таныстырды. Оның айтуынша, егін жинауға 100-ге жуық комбайн жұмылдырылған. Олардың ішінде астық жинау сапасы, өнімділігі және жайлылығы жағынан «Джон Дирдің» үлесі басым. «Таңғы шықтан комбайндар сағат 9-10-дарда ғана алқапқа шығады. Жұмыс кешке де жалғасады. Соның нәтижесінде әр комбайн шамамен 40 гектардың астығын жинайды. Осылайша әр сағатын тиімді пайдалануға тырысамыз, –  дейді ол.

Аталған серіктестік алынған астықты Макинскідегі астық өңдеу пунктіне жеткізеді. Тасымалдауда уақыт пен жанар-жағар майды ысырап етпеу үшін өнімнің бір бөлігі сыйымдылығы 200 тонна болатын үлкен полиэтиленді жеңдерге салынған. Ылғалдылығы 20 пайыз астықты оларда алты айға дейін сақтауға болады. Бұл жеңдерде уақытша 20 мың тоннаға жуық өнімді сақтау көзделіп отыр. Содан кейін жағдайға қарай әрекет етіледі. «60 мың тонна осындай полиэтилен жеңдер сатып алынды. Пайдаланып көріп едік, сыйымдылығы ұнады. Ылғалдылығы төмен болса, астықты элеватордағыдай сапасын жоғалтпай, қапшықта қыс бойы сақтауға болады. Бірақ, бізге мұның қажеті жоқ. Суық ауа райының басталуымен жеңдерден шығарып, бірден қоймаға көшіреміз» деген шаруа қожалығының агрономы Николай Тертов дәнді дақылдарды сақтаудың бұл әдісін алғаш рет шамамен жеті жыл бұрын қолданғандарын айтты.

«Журавлевка-1» серіктестігінде картоп та өнеркәсіптік ауқымда өсіріледі. Оған 230 гектардан астам суармалы жер бөлінген. Соңғы үш жылда картоп егістігінің көлемі кезең-кезеңмен ұлғайтылуда. 8 мың тонна көкөніс сақтайтын 8 қойма бар. Байқағанымыздай, картоптың сапасы жақсы. Көкөністің бір бөлігі еліміздің оңтүстік облыстарына, Өзбекстанға жеткізіледі. Күніне жүз тоннаға дейін көкөніс жөнелтілсе, қалғаны қоймаға кіргізіледі. Картоп жинау толықтай дерлік механикаландырылған. Алқапта үш комбайн жұмыс істейді. Бір жүріп өткенде әр комбайн бірден картоптың төрт қатарын жинайды екен. «Биыл гектарына 32 тоннадан 45 тоннаға дейін өнім алынуда. Ең өнімді «Гала», «Аризона» және «Алауетта» сорттары» дейді №3 өндірістік учаске бастығының орынбасары Николай Черненков.

Сонымен бірге, баспасөз туры аясында Ақкөл ауданындағы «Урюпин и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де бардық. Егістік жері 10 мың гектардан астам. Бүгінде егіннің 40 пайызы жиналған. «Қолайлы ауа райының орнауымен астықтың ылғалдылығы 14-15 пайызға дейін төмендеді. Алғашқы кезде 22 пайызға жеткен. Егін жақсы. Осы кезеңде гектарына шамамен 17 центнерден айналуда. Барлық 16 комбайн ауарайы қолайлы болса, күн сайын жұмысқа кіріседі. Қыркүйек айының соңына дейін күн осылай ашық болса, бәрін үлгерер едік» дейді шаруашылықтың бас инженері Рамиль Фатхиев.  Ал, осы аудандағы «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестінде орақ жұмыстары 10 күн бұрын басталып, қарқын жоғарылай түсуде. Бас агроном Андрей Зинченконың мәліметіне сүйенсек, таңертеңгі астық ылғалдылығы 20 пайызға дейін болса, түскі уақытта ол шамамен 16 пайызға түседі. «Қоймалар мен кептіргіштердің бар болғаны жақсы. Әзірге әр гектардан орта есеппен 20 центнерден өнім алынуда. 9 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар егіліп еді, соның үшінші бөлігі жиналды. Біз көп нәрсені істей алар едік, бірақ, ауарайы оған мүмкіндік бермейді. Таңертең ылғал жоғары, кешкі сегізден кейін де жұмыс істей алмаймыз. Бірақ, барынша тырысудамыз» деп Андрей Зинченко бәрі ауарайына байланысты екенін алға тартты.

Сапар соңында журналистер Шортандыдағы А.И.Бараев атындағы Ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында болды. Орталық директоры Тимур Савин 6 мыңға жуық гектар алқапқа дән егіліп, бүгінде орақ жұмыстарының қызу жалғасып жатқанын тілге тиек етті. Бұл ретте, түнгі уақытта егін алқабында жұмыс істеп жатқан жұмысшыларға куә болдық. «Ашық ауарайына қарай, жұмыс өнімді. Уақыт тығыз болса да үлгеріп жатырмыз. Өткен апталарда жаңбырдан біраз тұрып қалдық. Таңертеңгі 9-дан түнгі 12-ге дейін жұмыс істеудеміз. Түнгі уақытта жұмыс істеудің еш қиындығы жоқ. Техникалық қызмет, бәрі бар. Биыл егіншығымы үшін қолайлы жыл болды» дейді диқандар.

Өз кезегінде облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановта сұхбат бере отырып, ауарайының қолайлы жағдайында күнделікті жұмыс өнімділігі 200 мың гектарға жететінін айтты. «Бұл қарқынмен әлі 2-3 апта қажет болады. Синоптиктердің болжауынша, 25 қыркүйекке дейін жаңбыр жаумауы тиіс. Шынында, науқан басында элеваторларға қатысты бірқатар мәселелер болған. Қазір ол сұрақтың барлығы шешілді. 66 элеватор тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Әзірге болжам толығымен расталды. Сондықтан, егіс алқаптарынан мүмкіндігінше астықты шығарып үлгеру үшін тоқтаусыз, екі ауысымда жұмыс істеу маңызды»- дейді Кенеш Ғалибекұлы. Басқарма басшысы айтып өткеніндей, астықты кептіру үшін Ақмола облысына 22 мың тоннадан астам дизель отыны мен 2 мың тоннаға жуық сұйытылған газ бөлінген. Қазан айында дизель отыны тағы да келеді деп күтілуде.

Шынында, орақ жұмысын көзбен көру әсерлі. Мұның астарында үлкен төзімділік пен еңбек жатыр. Жалпы, диқандарғасиноптиктердің жедел әрі шынайы ақпараты бағалы болады. Ауарайының болжауынсыз бір қадам да алға жылжу қиын болатынын осы сапар барысында анық аңғарғандаймыз. Мысалы, апта басынан бері орнаған шуақты ауарайы ауылшаруашылығықұрылымдарына жоғалтқан уақыттың орнын толтыруға мүмкіндік беруде. Дегенмен, астықтың ылғалдылығы жоғары болғандықтан, егіс алқаптарында ғана емес, астық өңдеу пункттері мен астық қабылдау кәсіпорындарында да жұмыс қызу. Осындай өнімді жұмыстардың арқасында облыста дәнді және бұршақ дақылдарының 50 пайызы орылып, жиналған. 2,6 миллион тоннадан астам астық бастырылып, орташа түсім гектарына 13 центнерді құрап отыр.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Бұланды – Ақкөл – Шортанды аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар