Үкіметтің қолдауымен орақ науқаны жинақы өткізілуде

Ақмола облысының аграршылары бейнеконференц байланыс режимінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен кездесуге қатысып, егін жинау науқаны мәселелерін талқылады.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Аймақ басшысының айтуынша, облыста жаппай егін жинау науқаны қызу қарқын алған. Бастырылған астық көлемі – шамамен 4 миллион тонна, астықтың орташа өнімділігі гектарына – 13 центнерден. Биыл ақмолалық  шаруалар минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін және элиталық тұқымдарды себу үлесін екі есе арттырды, бұл жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға ықпал етті.

– Соңғы үш айда жеңілдетілген лизинг аясында 245 техника сатып алынғанын атап өткім келеді. Күзгі дала жұмыстарына фермерлерге 80 мың тоннадан астам жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Егінді сақтау үшін жалпы сақтау сыйымдылығы 7,2 миллион тоннаны құрайтын 66 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары мен астық қоймалары жұмылдырылды. Көктемгі егін жинау жұмыстарында «Кең Дала» және «Кең Дала-2» бағдарламалары аясында жеңілдетілген несиелеу облыстың 563 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне айтарлықтай қолдау көрсетті. Бұдан басқа әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 11 миллиард теңгені қорландыру есебінен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдікпен несие беру арналары кеңейтілді, – деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кетсек, осы жылы облыста 5,4 миллион гектар алқапта егіс жұмыстары жүргізілді, оның ішінде дәнді дақылдар 4,7 миллион, майлы дақылдар – 269 мың, жемшөп – 421 мың, картоп – 7,8 мың және көкөністер – 1,4 мың гектар алқапқа орналастырылды. Қазір осы алқаптардан тәуір өнім алынып, маңдай тер нәтижесін беруде.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар