Биылғы көктемгі су тасқынынан алатын сабақ көп

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында 2025 жылғы көктемгі су тасқыны мен 2024-2025 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық мәселелері пысықталып, аудандар мен қалалардың басшыларына нақтылы тапсырмалар берілді.

Әкімдік отырысынаоблыстық мәслихаттың төрағасы, облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аудан, қала әкімдеріжәне басқармалар мен департаменттердің, кәсіпорындардың басшылары қатысты. Аймақ басшысы жиналған қауымға кадрлық ауыс-түйісті таныстырған соң, өңірдегі егін ору науқаны бойынша қазіргі жағдай туралы айтып өтті.

–Осы күнге дейін облыс бойынша егілген бидайдың 73 пайызы жиналып, 4 миллион 400 мың тонна астық бастырылды. Бидай гектарынан орта есеппен 13 центнерден айналуда. Қалған егінді ауа райының ашықтығына байланысты тезірек ұйымдастырып, күш-жігерімізді салып, жылдам жинап алуымыз қажет, –деп атап өтті облыс әкімі.

Маңызды мәселе – Ақмола облысында су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асырудың барысы туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Доспаев баяндама жасады.  Биылғы су тасқыны жалғыз біздің облысқа ғана емес, барша Қазақстан жұртшылығына сабақ болғаны белгілі. Облыс орталығынан бастап, Атбасар, Бұланды, Жарқайың, Есіл, Астрахан, Целиноград аудандарында болған су тасқынының зардабымен әлі күнге күресіп жатқанымыз тағы бар. Ендігі арада мұндай табиғи апатқа жол бермес үшін, қауіпті саналатын әр елді мекеннің әкімінен бастап, аудан, қала, облыс басшылары дайындыққа әлден кірісіп, ықтимал күрделі жағдайларға тас-түйін дайын болулары тиіс. Осы себепті, облыс әкімі бұл мәселеге ерте қамдануды міндеттеп отыр.

Департамент бастығы өз құзыреттеріне тиісті Жол карталарына сәйкес су тасқынын алдын алу бойынша облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқтала келе, алдағы көктемгі су тасқыны биылғы жағдайды қайталауы мүмкіндігін ескертті. Жаздың соңғы айлары және қыркүйектің де жауын-шашынды болуы, топырақтың ылғалын мөлшерден тыс молайта түскен. Ертеңгі қатты суықтарда ол қатып қалып, көктемгі су тасқыны кезінде тағы да судың топыраққа сіңіп кетуіне мүмкіндік бермей, жағдайды қиындата түсетінін түсіндірді. Осы орайда, аудан-қалалардың маңындағы елді мекендер арқылы өтетін арықтар мен көпір асты шлюздерін, бөгеттерді, су өткізгіштерді уақытылы тазартып, жөндеп, ретке келтіру, су қоймаларындағы жағдайды бақылауда ұстауға арналған құралдарды сатып алу, гидротехникалық нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайын жергілікті жерлердің басшылары уақытылы атқару қажеттігіне тоқталды. Көктемгі су тасқынына қажетті техникалық құрал-жабдықтарды жыл соңына дейін толық сатып алу мәселесі қауіптілігі жоғары аудандардың басшыларына тағы айтылды. Жалпы, облыстың техникалық құралдарды 75 пайызға дайын көрінеді.

–10 қыркүйектен бастап, барлық аудандарға кешенді жоспар аясында арнайы жұмыс тобы шығып, көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын тексереді, – деп сөзін аяқтады Қанат Доспаев.

– Жауын-шашынның қазіргі күйіне қарап, ендігі жылғы су тасқыны тағы да осылай болуы мүмкін. Оны болдырмас үшін барлық алдын алу шараларын қолданғанымыз жөн. Су тасқынына қарсы шараларды уақытында атқару аудан-қала әкімдеріне тікелей байланысты. Былтырғы Аршалы ауданында су тасқынына дайындық бойынша өткен оқыту сабақтарын тағы да қайталау керек. Соның арқасында Жібек жолы ауылында болатын қауіптің алдын алдық, – деді аймақ басшысы. – Жыл соңына дейін бірнеше мотопомпа сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сол техникаларды тиісінше қажет аумақтарға орналастыруымыз керек. Біреуін облыс орталығына, екіншісін Астана агломерациясының аумағына және біреуін Атбасар ауданына бөлу қажет. Осы негізгі үш нүктеде мотопомпалар болуы керек.

Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Мақышевтің гидротехникалық нысандар бойынша баяндаған есебінен кейін аймақ басшысы су тасқыны қаупі жоғары аудан басшыларын орындарынан тұрғызып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың жайын сұрап, нақтылы міндеттер жүктеді.

–Биылғы көктемгі су тасқынының зардабын жоюға Үкімет тарапынан қаншама қыруар қаржы бөлінді. Келесі жылы бұл апатты жағдай қайталанатын болса, енді олар ақша бөлмейді, сондықтан, аудан, қала әкімдері өздеріңіз тікелей жауапты боласыздар, мәселені өз қаржыларыңызбен шешесіздер, – деді әкім.

2024-2025 жылдарға арналған жылыту маусымынадайындық жұмыстары туралы Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақжол Қылышбаев баяндады.

–Ағымдағы жылы жылыту маусымына дайындық үшін 39,9 миллиард теңге бөлінді. Оның 7,2 миллиард теңгесі Үкімет резервінен Степногорск ТЭЦ-іне және жылу желілеріне 2,9 миллиард теңге қарастырылған болса, Көкшетау қаласының жылу желілері мен қазандықтарының жөндеу жұмыстарына 3,7 миллиард теңге бағытталды. Облыс орталығындағы аудандық қазандықтарда жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, облыс бойынша жылу беру нысандары 95 пайыз дайын болды, – дей келе, басқарма басшысы екі-үш ауданда аяқталмай қалған қазандық жөндеу жұмыстарын атап өтті. Облыс әкімі Есіл, Сандықтау аудандары мен Көкшетау қаласындағы жылу берілмеген әлеуметтік нысандардың себебін сұрап біліп, жуық арада мәселені шешуді тапсырды.

Облыс әкімі жиынды қорытындылай келе, аудан, қала, мүдделі кәсіпорын басшыларына көктемгі су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыруға жауапкершілікпен қарап, алдын алу жұмыстарын сапалы атқаруды, жылыту маусымы кезінде де апатты жағдайларды болдырмас үшін  барынша күш салуды тапсырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар