Ветеринария саласындағы жағдай күрделі күйінде қалуда

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповтің төрағалығымен өткен сезгізінші шақырылымның кезекті он үшінші сессиясында өңірде ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланып, 2024-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы шешімге өзгерістер енгізу жайы қарастырылды.  

Сессияға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, аудан және қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде бекітілгендей, ең алдымен облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов баяндама жасады. «Баяғы жартас, сол жартас» демекші, бұған дейін жыл басында да айтылғанындай ветеринария саласындағы маман тапшылығы бұл жерде де қозғалды. Қала-аудандарды ветеринариямамандарымен қамту жайы 82 пайызға жетіп отыр. Дегенмен, Степногорск қаласы мен Жарқайың, Целиноград, Астрахан, Егіндікөл, Шортанды аудандарында бұл көрсеткіш облыстық деңгейден әлдеқайда төмен көрінеді. Сол сияқты, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бойынша біріктірілген деректер қоры мен статистикалық мәліметтер арасында мал басының санында айырмашылықтың орасан зор екендігі де сөз болды. Бір ғана ірі қара малды алсақ, екі дереккөздегі мәліметтер арасында 25 мың басқа дейін айырмашылық бар. Осы тәрізді бірқатар мәліметтерді айта келе, баяндамашы мал қорымдарына кеңінен тоқталды. Ақмола облысының елді мекендерінде 202 мал қорымы бар, оның 8-і типтік және 194-іқарапайым мал қорымдары.

–Қарапайым мал қорымдары қауіпті, ал, типтік түрлерін тұрғызу үшін біреуіне кемінде 800 миллион теңгеден астам қаржы қажет. Облыстық бюджет ондай типтік қорымды әр ауданға салуға қаржы бөле алмайтыны белгілі, сондықтан, бірнеше ауданды қамтуға болатындай үлкен мал сыятын инсиниратор алғанымыз жөн болар. Бастапқыда 3 инсиниратор алсақ, кейін ақырындап реті табылар. Мұндай бір құрылғы 80-85 миллион теңге шамасында, – деп басқарма басшысы қазіргі уақытта облыстық бюджетке осы орайда өтінім дайындап жатқандарын атап өтті.

Айта кетер болсақ, облыстың елді мекендерін жануарлардың өлекселерін жою үшін үлгілік мал қорымдарымен қамтамасыз ету жөніндегі проблемаларды шешу үшін облыс әкімдігі «Облыс аумағында қолда бар мал қорымдарын сәйкестендіру және жаңа үлгілік мал қорымдарын кезең-кезеңімен салу жөніндегі 2019-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекіткен болатын. Соған сәйкес 108 жер учаскесі ресімделіп, 2020-2021 жылдары Біржан сал ауданында жалпы сомасы 70 миллион теңгеге 5 типтік мал қорымы салынған еді.

Талғат Тоқбайұлы өз саласы бойынша көптеген күрмеулі мәселелерді көтергенімен, барлығы облыс бюджетіндегі қаржыға келіп тірелетіні анық. Саладағы кадр тапшылығын жою бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі, бірақ, жастардың бұл мамандыққа құлықсыз екенін де айтпай кете алмаймыз. Облыс әкімі осы салаға маман оқыту бойынша грант та бөліп отыр, алайда, оны пайдаланушылар жоқтың қасы.

Басқарма басшысының баяндамасы мен ветеринария саласындағы шешімін күткен күрделі мәселелер бойынша сөз сөйлеуге шыққан облыстық мәслихаттың депутаттарыӘбілқайыр Ошақбаев пен Анар Аяпбергенова кадр тапшылығын жою, ветеринарлардың еңбекақысын арттыру, ветстанцияларды жабдықтау бойынша облыстық бюджеттен қаржы бөлуге қолдау көрсету қажеттігін, аталған мәселелерді шешуге атсалысу керектігін айтып, өздерінің ұсыныстарын жеткізді.

Бұдан басқа сессияда Ақмола облыстық мәслихатының экономика және бюджет сұрақтары жөніндегі тұрақты комиссиясының жұмысы  туралы есеп тыңдалып, оның төрағасы Марат Қойшыбаев біраз мәселені алға тартты. Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова «Ақмола облыстық мәслихатының «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасаса, облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныстарын жеткізіп, депутаттар тарапынан ол қолдауға ие болды.

Сессияда жалпы саны жиырмаға жуық шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, келесі сессияның күн тәртібі бекітілді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар