Тыңдармандар көңілінен шыққан «Мегаполис FM»

1 қазан – Радио күні

Радио деген үлкен сала. Ол Интернет пен әлеуметтік желі жоқ кезден-ақ ақпарат таратудағы ең жылдам құрал болатын. Радионың шығу тарихы ғасырдан асып кетсе де, әлі күнге дейін сол қызметін мүлтіксіз атқарып келеді.

Қазіргі уақытта жолаушылап, жолға шыға қалсақ, жаңалықтарды радио арқылы тыңдап, ақпарат алып отыратынымыз бар. Елімізде танымал көптеген радиолар әлі күнге дейін жұмыс істеп, халықтың арасында үлкен сұранысқа ие болуда. Ал, жарқайыңдықтар «Қазақ», «Шалқар», «Жұлдыз FM» секілді танымал радиолармен қатар, өздерінің аудандық  «Мегаполис FM» радиосын да тыңдап, сүйсініп отырады.

Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев 2021 жылы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау барысында Қазақ радиосының 100 жылдығын мерекелеу аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп жариялауды ұсынған болатын. Бұл бастама бірден қолға алынып, отандық радионы одан әрі дамытуға зор мүмкіндік берді. Ақмола облысының Жарқайың ауданында бүгінде «Мегаполис FM» радиосы жұмыс істеп, аудан тұрғындарына аймақтың, елдің жағымды жаңалықтарын тәулік бойы қазақ және орыс тілдерінде таратуда.

Аудандағы «Мириад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты бұл «Мегаполис FM» радиосы 2008 жылы білікті де іскер басшы Еркен Сыздықовтың бастамасымен құрылған. Радио Жарқайың ауданының орталығы Державинск қаласының тұрғындары мен тыңдаушыларына жаңалықтар, ақпараттық-талдамалық және ойын-сауық сипатындағы хабарларды ұсынып, мемлекеттікжәнежекеақпараттыорналастыруқұралы ретінде қызмет етуде. Бүгінде бұл радио 100,8 толқынында аудан тұрғындарын елдің және өңірдің жағымды жаңалықтарынан хабардар етуде.

–Жарқайың ауданының «Мегаполис FM» радиосында мен 2018 жылдан хабар жүргізушісіболып жұмыс істеймін. Күніне қазақ тілінде  аудан, облыс және ел жаңалықтарымен 6 сағат шығамын. Сонымен қатар, мерекелік шығарылымдарды дайындаймын. Бұдан бөлек, айына екі рет шығатын «Ел және қоғам» бағдарламасын жүргіземін. Ол бағдарламада ауданымыздағы әр қилы салаларда туындаған мәселелер мен жаңашылдықтарды талқылаймыз. Көбінде білім саласы мен төтенше жағдайлар бөлімінің маусымдық жұмыстары туралы талқылаулар жүргізіледі. Атап айтқанда, мектептерде білім сапасы, балалардың қауіпсіздігі, білім беру жүйесіндегі мұғалімдердің жаңа техналогияларды меңгеруі сынды өзекті сұрақтар көтеріледі. Сенбі- жексенбі күндері аудан халқын аптаның қорытынды жаңалықтарымен құлақтандырамыз. Сонымен бірге, аудан тұрғындары біздің радио арқылы өздерінің жақындарын туған күн, басқа да мерейтой секілді елеулі мерекелерімен құттықтай алады, – дейді журналист әріптесіміз Оразхан Зейнолла. – Қызметіміз ауыр емес. Бас кезінде халық аудандық «Сарыарқа» арнасының тележүргізушісі ретінде ғана танитын, қазір ауданымыздың әр бөлігінде «Мегаполис» радиосы хабар беріп жататындықтан, дауысымнан да жиі танып, ыстық лебіздерін білдіріп жатады. Өзіміз де алысқа жол жүрсек, «Мегаполис» радиосын қосып қоямыз. Кейбір тыңдармандарым эфир барысында аз-кем кемшіліктерімізді байқап қалса, бірден жеке телефон нөміріме хабарласып, жанашырлық танытып жатады. Сол себепті тыңдармандарымызбен бізде кері байланыс өте жақсы дамыған

Қазіргі уақытта радиода басшылықтан бөлек, екі адам еңбек етуде. Бірі қазақ тіліндегі бағдарламаларды жүргізетін осы Оразхан Зейнолла болса, екіншісі орыс тіліндегі хабарлар мен бағдарламаларды тарататын Лилия Пашкевич.

Радио күн сайын таңертеңгі 9-дан түнгі 00.00-ге дейін жұмыс істеп, өңір тұрғындарына жақсы көңіл-күй сыйлайды. Ақпарат құралында жоғарыда айтылғанындай,«Ел және қоғам», «Ақпараттар қызметі», «Сазды сәлем», «Мерейлі мереке» секілді бағдарламалар мен жарнамалық хабарландырулар, сайлауалды науқандық ақпараттар, жұлдыз-жорамал мен құттықтауларлар да беріледі.

Ғасырлар өтсе де, өз құндылығын жоғалтпай келе жатқан және жоғалтпайтын да радио – халықтың  дауысы. Айтары бар радиоларымызды тыңдар құлақ көп болсын.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар