«Родина» агрофирмасы орақ науқанын бірінші болып аяқтады

«Родина» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2024 жылғы егін жинау науқаны сәтті аяқталды. Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр басқаратын 25 жылдық тарихы бар кәсіпорын елдегі озат шаруашылықтардың қатарынан саналады.

Жауапты науқан барысында 46 мың гектардан астам егіс алқабының астығы жиналды. Ораққа 63 ауыл шаруашылығы техникасы қатысты, оның ішіндезаманауи 35 комбайн мен 9 трактор бар.

Облыстың көптеген өңірлеріндегідей, агрофирма алқаптарындағы орташа өнімділік гектарына 19 центнерді құрады, бірақ, минералды тыңайтқыштар қолданылып, барлық агротехникалық шаралар сақталған жекелеген алқаптарда өнімділік гектарына 27 центнерге жетті.

Бас агроном Қанат Әділбековтің айтуынша, кәсіпорын мамандары салыстырмалы түрде қысқа мерзімде жиын-терім науқанын тиімді ұйымдастырып, ауыз толтырарлық нәтижеге қол жеткізді.

– Егістіктердегі іс-қимылдардың үйлесімділігі мен жеделдігі қойылған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ете отырып, егін ору уақытын қысқартуға көмектесті. Егін жинау жұмыстарының сәтті аяқталуы өндірісті механикаландырудың арқасында мүмкін болды, – дейді Қанат Әділбеков.

Шаруашылықта барлығы 43 мың тоннадан астам астық бастырылды, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен екі есе артық.Агрофирма жыл сайын өндіріс көшбасшыларын ынталандырады. 28 жыл еңбек өтілі бар комбайншы Федор Меркулов 1515 гектар алқапты орып, 3030 тонна астық бастырса, 39 жыл комбайн тізгіндеген Юрий Городецкийде 1475 гектар алқаптан 2950 тонна астық бастырды.

– Биылғы науқанда 1535 гектар алқаптың егінін жинап, 3070 тонна астық бастырдым. Мен мұнда 27 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Биыл орақ кезінде ауа райы қолайлы болғанына ризамыз, – дейді комбайнер Александр Прохоров.

Алқаптағы астықты қырманға тасымалдау бойынша жүк көлігінің жүргізушісі Александр Мюсик топ жарды. Ол науқан басталғалы 10700 тонна астықты қамбаға жеткізді.

Субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау өнімділіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуде ерекше рөл атқарғанын атап өткен жөн. Осының арқасында шаруашылық жанар-жағармай материалдарын, өсімдіктерді қорғау құралдарын және минералды тыңайтқыштарды сатып алу шығындарын едәуір төмендете алды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар