Бала болашағының негізін қалаймыз

«Бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек» деп бес саусақты санату, таныту, баланы ойната отырып күлдіру, күлдіре отырып өмірге үйрету сияқты аса қажетті дағды-қабілеттерді бүлдіршін бойына сіңіруді мақсат еткен қазіргі мектеп жасына дейінгі білім беру мекемелері жас ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі міндетін жоғары деңгейде атқаруды, халықтық педагогиканың үздік үлгілеріне иек артып, ұл-қыздарымыздың ұлттық тәрбиенің негізінде өсіп жетілуін көздейтіндігі анық.

Балабақша – бала тәрбиесінің негізін қалап дамытушы, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастырушы орда десек, ал, ондағы қызмет жасаушы тәрбиеші-педагогтар, адам жанының нәзік инженерлері, адами қасиеттер мен өнегелі қылықтарды бала бойына сіңіруші айрықша ізгі жандар. Біздің «Сәуле» бөбекжайымыз кәсіби шебер педагогтардан құралған, тәрбиенің ұлы мұратын ұмытпай, қоғамның іргетасын нығайту мақсатында, ең алдымен, балаға адамгершілік, ізгілік, имандылық тәрбиесін беруде аянбай еңбек етіп келе жатқан қастерлі орын. Жеңісгүл Мырзабекқызы, Рабиға Қайырбекқызы, Жәмила Үсенқызы және Айгүл Атымтайқызысияқты білікті де білгір мамандардан құралған бұл бөбекжайдың алға қойған мақсаты да биік, мұраты да асыл. Яғни, баланың бойына ұлттық сананы қалыптастырып, оны әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді білетін, ана тілін қадір тұтатын жан-жақты азамат етіп тәрбиелеп шығару. «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер. Жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» – деп Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқанындай, баламен жұмыс істеп, тіл табысуда біз бала да болып, дана да болып, жүрегіне жол табуға тырысып жатамыз. Иә, тәрбие қиын іс, бірақ, ізгі мақсат жолында еңбек ету, тер төгу – біздің ең басты борыштарымыздың бірі.

Балабақшада осындай асылдарымыздың ұлағатты сөздерін басшылыққа алып, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бала тәрбиесіндегі маңызды міндеттерді әртүрлі жолдармен тиімді жүзеге асырып келеміз. Әсіресе, мереке қарсаңында, айтулы даталарда, таңертеңгіліктерде, спорттық эстафеталық жарыстарда ата-аналар мен балалардың қатысуымен өтетін игілікті іс-шаралардың тартымды, есте қаларлықтай өтіп жатуы қандай керемет. Бұл өз кезегінде балалардың рухани тұрғыда дамуына, ой жүйесінің дұрыс қалыптасуына, дене бітімінің жақсы жетілуіне зор әсер етіп жатады. Осылайша әр баланың тәрбиесі балабақша мен отбасының тығыз байланысы арқылы жүзеге асып жататыны бар. Отбасы баланың өмірінде басты рөл атқаратындығы белгілі ғой. Сондықтан да, балабақшада жұмыс жасау барысында тәрбиеші-педагогтар ата-аналармен жылы қарым-қатынас орнатып, ақыл-кеңестерін айтып, жиналыстар ұйымдастырып, осы бір игі дәстүрді лайықты жалғастырып келеді. Сайып келгенде, балабақшада өсіп-өніп, тәрбиеленіп жүрген мына біздің кішкентай балапандарымыз барынша жетіліп, бойларында ізгі мінез-құлықтарды қалыптастырып, жаны таза, сөзі айқын, адал, еңбекқор болып есейсе екен деп тілейміз. Ал, аталмыш игі мақсатты жүзеге асыруға «Сәуле» бөбекжай ұжымы барынша атсалысып, береке-бірлікпен жемісті жұмыс істей бермекші.

Бибігүл ҚОЖАНОВА,
«Сәуле» бөбекжайының әдіскері.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар