Көшпенділер ойындарына лайықты үлесімізді қостық

Ағымағы жылы әлемнің назарын аударған айтулы оқиғаның бірі біздің елімізде өтті. Ол Елорда төрінде он күн бойы жалғасқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары.

Астана қаласында ұйымдастырылған мәдени-рухани іс-шарадан ақмолалық өнерпаздар да қалыс қалған жоқ. Оған сәндік-қолданбалы қолөнердің үздік 10 шебері, 700-ден астам өнерпаз бен 500 жас домбырашы қатысты. Қазақстандық өнерпаздар әлем жұртшылығына көшпенділердің озық үрдісін паш етті. 10 күн бойы 30 мыңнан астам шетелдік қонақтарға қазақ халқының салт-дәстүрлері үздіксіз көрсетілді.Өткен аптада осы дүбірлі додаға қатысқан жерлестеріміз ұйымдастырушылар және бейінді министрлік пен облыс әкімдігі тарапынан марапаттарға ие болды. Аталған іс-шарада Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова жеткізді.

–Сіздер бәріңізбесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ат салыстыңыздар. Ұйымдастыру комитеті Ақмола облысына жоғары баға береді, – дей келе, Алтынай Байқадамқызы барлық қатысушы өнерпаздарға алғысын білдірді. Әрі қарай марапаттау рәсімі жалғасты. Онда ұйымдастыру комитетінің  Алғыс хаты және естелік бұйымымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында «Үздік көрме экспозициясын» ұсынғаны үшін облыстық тарихи-өлкетану музейі жәнедиректоры Құдайберлі Мырзабек марапатталса, «Үздік режиссерлік шешім және композициясы» үшін «Көкшетау» мәдениет сарайының ұжымы және директоры Алия Құрманова, «Үздік концерттік бағдарлама» дайындағаны үшін Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының ұжымы және директоры Нұргүл Шәйкенова, қазақтың бай мәдени мұрасын шетелдік қонақтарға паш етіп «Үздік театрландырылған қойылым» үшін Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұжымы және директоры Жарас Қалдаров, үздік фольклорлық ансамбльдердің қатысуымен «Үздік мәдени бағдарлама» дайындағаны үшін облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұжымы және директорының міндетін атқарушы Асхат Магавин, «Көшпенділер»этно ауылында Ақмола облысының атынан барлық іс-шараларды сәтті ұйымдастырғаны үшін Ақмола облыстық мәдениет басқармасының ұжымы мен басшысы Айгүл Сәбитова марапатталды.

Сондай-ақ, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жоғары деңгейде өтуіне белсенді қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің, Ақмола облысы әкімінің және облысы әкімі орынбасарының Алғыс хаттарымен 50-ге жуық өңірлік өнерпаздар марапатталды.

Айта кетейік, осы жолғы көшпенділер ойынының бағдарламасы тек мемлекеттік тілде өтіп, қосымша ағылшын тілі арқылы жүргізілді. 10 күндік бәсекеде еліміздің спортшылары барлығынан оза шапқан еді. Сан ғасырлық тарихы бар мәдени мұраларымызбен төл өнеріміз, ұлттық құндылықтарымызбен әлем елінің назарын аудардық. Ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, төл өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп, халқымыздың рухани дамуына үлес қосып келе жатқан өнерпаздар барлық құрметке лайықты.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар