Қамбаға 6 миллион тоннадан астам Ақмола астығы құйылды

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, облыстық әкімдікте аймақ басшысы Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен егін науқаны жөніндегі кеңеске қатысты.

Кеңесте егін ору науқаны барысында туындап жатқан мәселелер мен қаржы институттарының алдындағы шарттық міндеттемелер бойынша қайтару жөнінде қабылданып жатқан іс-шаралар,агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды және өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерінің тарапынан туындаған бірқатар сауалдарға жауап берілді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, аудан-қала әкімдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының, мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Ақмола облысы еліміздегі басты аграрлық аймақтардың бірі. Республикада өсіріліп жатқан астықтың төрттен бірі біздің өңірдің үлесінде. Сондықтан, егін жинау науқаны аймақ үшін аса маңызды мәселе. Еліміздің ең ірі астықты аймағы екенін дәлелдеп, өңір диқандары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге тырысып бағуда.

–Қазіргі уақытта егін ору науқаны Ақмола облысы үшін аса маңызды, –деп облыс әкімі күзгі жиын-терін бойыншаөңірде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды атап өтті. –Ақмола облысында күзгі егін орағы аяқталуға жақын. Бүгінге дейін 4,5 миллион гектар алқаптағы астық орылды, бұл негізгі жоспардың 96,1 пайызы. Бидайдың шығымдығылы орта есеппен гектарынан 13,3 центнерден айналуда. Шамамен 6 миллион тоннадан астам астық бастырылды. Тәуелсіздік жылдары мұндай көрсеткіш тек 2011 жылы ғана болды, биылғы жетістік астықтың шығымы бойынша соңғы жылдар ішіндегі ең жоғары нәтиже болып табылады. Өңірдегі кейбір фермерлер агрокешендерін дамытып, заманауи технологияларды қолданып, көктемде еккен егінін гектарынан 60 центнерге дейін айналдырып алып жатыр. Қазіргі уақытта аймақтың бірқатар ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері,  атап айтқанда, «Агрофирма» Родина», «Максимовское»«Дихан Плюс» және «Журавлевка-1» секілді ірі серіктестіктер егін жинау науқанын сәтті аяқтады, ал таяу күндері бұл жұмыс облыс бойынша да толық бітеді, –дей келе облыс әкімі өңір диқандары үшін жасалып жатқан мемлекеттік қолдаудың маңызына тоқталды. Жалпы, өңірде күзгі дала жұмыстарын үйлестіретін штаб та жұмыс істеп жатқан көрінеді. Оның аграршылар мен мемлекеттің іс-қимылын үйлестірудегі маңызды қадам екендігін атап өтті аймақ басшысы өз сөзінде.

–Бұл егін жинау науқанын сәтті аяқтап қана қоймай, ұзақ мерзімді перспективада өңірдің ауыл шаруашылығы секторын дамытуды жалғастыруға мүмкіндік берері сөзсіз, –деді Марат Мұратұлы.

–Бүгін Ақмола облысында егіннің 96 пайызы жиналды. Бұл біріншіден, қаржыландыру мәселелерінің уақытында шешілуінің арқасында. Бұрын мұндай қаржыландыру болған емес. Осы уақытқа дейін жыл сайын егін науқанына бөлінетін қаржы 140 миллиард теңгеден аспайтын, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 580 миллиард теңге бөлінді. Бұл бұрынғы көрсеткіштерге қарағанда 3 есе көп. Бөлінген қаржының барлығы аграршыларды қолдауға ғана емес, өнімділікті арттыру мақсатына да бағытталып отыр. Әрі осы қаржыны фермерлерге субсидиясыз 5 пайызбен беріп отырмыз. Соның арқасында қаржы мәселесі оң шешіліп, сапалы тұқым мен тыңайтқыш алуға, техника жаңартуға біраз мүмкіндік болды. Нәтижесінде бүгін осындай өнімге қол жеткізіліп отыр. Осыны әрі қарай келесі жылдары да жалғастыруымыз қажет. Ендігі жылы Үкіметтен 900 миллиард теңге сома бөлінеді деп жоспарлануда, –деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзінде.

Кеңес барысында айтылғандай, облыстың 200-ден астам диқаншысы «Кең Дала-2»  бағдарламасы аясында қаржы алып, уақытылы қажетті техника сатып алыпты. Осылайша, биыл өңір қожалықтары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіпті.

Жалпы, биыл өңірде 5,4 миллион гектар жерге дәнді және бұршақты дақылдар себілген. Оның басым бөлігі бидай. Қазір аймақта 65 элеватор тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Күзгі орақ науқанына 9 мыңға жуық астық техникасы тартылған, оның 4,8 мыңы комбайн, 2 мыңнан астамы дестелегіш және 5 мыңға жуығы КамАЗ бен жүк көліктері .

–Бидайдың сапасына келсек, 60 пайызы 3 класты өнім.Бізде 4-5 класты да бидай бар. Ауа райының қолайлы сәтін пайдаланып, уақытында бәрін жинап алуға тырысып жатырмыз. Бүгіннен бастап, азық-түлік корпорациясы 3 класты бидайдың бағасын жариялады. Ол 85 мың теңгеден басталады. Биыл астық өте ылғалды екені белгілі. Уақытында атқарып жатқан шаралардың арқасында қазір ылғалдылық дәрежесі қалыпқа келтірілуде, –деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов.

Кеңес барысында өңір аграршылары Ауыл шаруашылығы министріне өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, кейбір жағдайда көмек көрсетулерін сұрады. Мәселен, өңір аграршылары 4-5 класты бидайдың көптігін айтып, оны азық-түлік корпорациясы 3 кластың бағасымен алса деген ұсыныстарын жеткізіп, элеваторлардың жұмысын ширату, мемлекеттен қаржылай қолдау алған фермерлердің бидайын қабылдау үшін элеваторларға жасыл дәліз ашу, дизель отынын жақын облыстардан жеткізу, мемлекеттік қаржылай қолдауды тек аграршыларға ғана емес, мал шаруашылығымен де айналысатын қожалықтарға жеңілдетілген пайызбен беру секілді бірқатар мәселелерді көтерді.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі өңір аграршыларына күннің ашықтығын пайдаланып, қалған егінді төкпей-шашпай жинап алуға бар мүмкіндікті салу қажеттігін айтып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қаржылық қолдау көрсетуге септігін тигізіп жатқаны үшін алғысын білдірді.

Жалпы, орақ науқаны облыста осы аптаның соңында аяқталады деген болжам бар.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар