Бірлік, ынтымақ пен береке – қоғам игілігі

Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алиннің қатысуымен «Қоғамдық келісім» мекемесінде еліміздің ұлттық мейрамы – Республика күні қарсаңында қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері бас қосқан мерекелік іс-шара болып өтті.

– Республика күні – біздің көпұлтты халқымыздың бірлігі мен татулығын, азаматтық бірегейлікті, туған жерге деген сүйіспеншілікті айқындайтын, біздің тарихи қауымдастығымызды бейнелейтін және әрбір қазақстандықтың өмірінде ерекше орын алатын айтулы мереке. Бүгін біздің алдымызда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты жаңа әділ қоғам құру міндеті тұр. Қажырлы еңбек пен патриотизм, достық пен татулық, толеранттылық пен өзара түсіністік бізге осы жолда табысқа жетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деп атап өтті облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Шараға қатысушылар өз сөздерінде Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы тарихи даму кезеңінде үлкен және күрделі жолдан өтіп, әлем елдері қауымдастықтары арасында лайықты орын алғанын, бұл жетістікте әрбір қазақстандықтың қосқан үлесі зор екендігін тілге тиек етті.

Айталық, жиында сөз алған Степногорск қаласының Достық және шығармашылық үйінің директоры Қоблан Кенжин өзі басқарып отырған мекеменің жұмысы мен болашақ жоспары туралы кеңінен айтып берді.

–Келесі 2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады әрі алдағы жыл мемлекеттік тілді дамытуға арналады. Жалпы, Степногорск қаласында 88 этнос өкілі тұрады, Достық үйінде тілдерді оқытудың оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істейді. Қала тұрғындары, әсіресе, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген ынта артып, қосымша курстарға жазылу жағы өріс алып келеді, – деді бұл ретте, мекеме басшысы.

Бұл күні өңіріміздің қоғам қайраткерлері мен белсенділері Мемлекет басшысының, облыс әкімінің және Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен бірге, республикалық референдумның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына және өткізілуіне қосқан үлесі үшін бес ақмолалық ел Президентінің Алғыс хатын алды. Олардың арасында Ақмола облысының «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы және «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы филиалының басшысы  Ерлан Закирьянов та бар.

– Жалпы, облыс мектептерінде 50 «Әкелер одағы» клубы жұмыс істейді. Осы бағытта бес жыл бойы жастармен белсенді жұмыс істеп келеміз. Аналар кеңесімен бірлесіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде әкенің рөлін көтеру бағытында семинарлар мен тренингтер өткізіп жүрміз, – дейді өз сөзінде қоғам белсендісі.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар