Әлеуметтік қорғау жүйесінде жұмысшы мамандықтарына басымдылық берілуде

Жуырда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып,  әртүрлі бағдарламалар арқылы қаржылай қолдау көрсетілген шағын кәсіпорындардың жұмысымен танысты және тұрғындармен кездесу өткізіп, сауалдарына жауап берді.  

Әуелі вице-министр  Бурабай ауданындағы кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша түрлі бағдарламаларға қатысушылардың жұмысымен танысты. Қатаркөл ауылындағы «Соколов» жеке кәсіпкерлігі 30 түрлі ірімшік және ашытылған сүт өнімдерін өндіреді. Өндірілетін ірімшікке тек жергілікті тұрғындар арасында ғана емес, еліміз бойынша сұраныс жоғары. 2018 жылы жеке кәсібін ашқан Руслан Соколов «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының арқасында кәсібін дамытып келеді. Бүгінде субсидия көлемі 8,6 миллион теңгені құрап, тұрақты үш адамды жұмыспен қамтуда. Кәсіпкердің айтуынша, бұл бағдарлама өнімнің сапасын жақсартып қана қоймай, өнімділігін де арттырып, жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік беріп отыр. Дәнекерлеу жұмысымен айналысатын «Сағындық» жеке кәсіпорынына келсек, бұл ретте, Щучинск қаласының тұрғыны, көп балалы ана Сара Тайжанова «Бастау бизнес» жобасы аясында оқу курсынан өтіп, грант ұтып алған.

– «Бастау бизнестен» 2023 жылы 1,3 миллион теңге ұтып алғанбыз. Содан бастаған жұмыстарымыз осы. Жұбайым екеуіміз жұмыс жасаймыз. Өтінімдерді қабылдап, оған беріп отырамын, әрі қарай өзі айналысады. Кез-келген қаладан Ақтау, Атырау, Алматы, Қостанай, өз облысымыздан, осы Бурабай ауданынан, Астанадан тапсырыстар аламыз, – дейді жеке кәсіпкер Сара Қалибекқызы.

Олар бөлінген гранттық қаражатқа дәнекерлеу жұмыстарына арналған жабдық сатып алған. Қазіргі уақытта жаз мезгілінде жекеменшік үйдің алдында демалатын шағын орын, есік, дуал, тағы басқа заттар дайындауға тапсырыстар қабылдайды. Сара Тайжанова кездесуді пайдаланып, вице-министрге кәсіпорнын кеңейту үшін қолдау шараларының қажет екенін жеткізді. Алдағы уақытта қолдау көрсетілсе, шағын бизнесін үлкейтпекші. Өз кезегінде вице-министр кәсіпкерлердің жетістіктерін жоғары бағалап, мұндай бастамалар ауылдың әл-ауқаты артып, экономикасының дамуына ықпал ететінін атап өтті.

Былтыр аймақта «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 200-ге жуық шағын несие берілген. Байқағанымыздай, бағдарлама ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыру мақсатында жеке кәсіп ашуға немесе бастаған ісін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беруде.

Әрі қарай Асқар Биахметов Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовпен бірге Көкшетау қаласында облыс тұрғындарын жеке қабылдап, Достық үйінде кездесу өткізді.

– Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп: экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік қорғау мен еңбек бағыты бойынша бірқатар шаралар айтылды. 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Жолдауды іске асыру үшін жалпы ұлттық жоспар қабылданды. Жоспар шеңберінде оқушылар арасында кәсіптік білімге бағдар беру жұмысын қайта қарау, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын трансформациялау, материалдық-техникалық жарақтандыру, білім беру сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар, жұмысшы мәртебесі мен беделін арттырудың да шаралары жоспарлануда, – деп вице-министр Жолдау төңірегінде атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Талдау көрсеткеніндей, республика бойынша жұмыспен қамтылғандардың арасында соңғы он жылда кәсіптік-техникалық білімі барлардың үлесі 49 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш экономика саласында сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік бағыттарында басым болып, жұмысшылардың жалпы саны 2,5 милллион адамға жетіп отыр. Ең көп сұранысқа ие жұмысшы кәсіптерінің қатарына дәнекерлеушілер, электро-механиктер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, сумен, жылумен және электрмен жабдықтау саласындағы қызметкерлер жатады.

–Жолдауда атап көрсетілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында жұмыс орындарын құрудың цифрлық платформасы іске асырылуда. Сондай-ақ, тұрақты негізде жұмысшы кәсіптерінің басымдығын қалыптастыру қамтамасыз етіледі. Ол білім беру жүйесінде кадрларды даярлау бағдары ретінде пайдаланылады. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында «Әлеуметтік әмиян» жобасын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жүйелерді біріктіру болашақта әлеуметтік көмекке аса мұқтаж отбасыларды анықтауға және оларға мемлекеттік қолдау шараларын уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді, – деп толықтырды өз сөзін Асқар Биахметов.

Кездесу соңында ашық микрофон өткізіліп, қатысушылар вице-министрге көкейлеріндегі сауалдарын қойып, кейбір мәселерді жеткізді. Онда халықты әлеуметтік қорғау саласына қатысты көп балалы аналарға төленетін әлеуметтік төлемдердің, соғыс және еңбек ардагерлеріне берілетін әлеуметтік көмектердің кейбір жұмыссыз отбасылар үшін аздығы айтылса, өңірге көшіп келген қандастардың да көбі әлеуметтік көмекпен қамтылмай жатқаны белгілі болды. Өз тараптарынан вице-министр мен жауапты орган қызметкерлері жауап беріп, кейбір мәселердің алдағы уақытта қаралатынына сендірді.

Сондай-ақ, халықпен кездесуден кейін вице-министр Асқар Биахметов Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданында орналасқан «Аяла» арнайы балабақшасымен танысты. Бүгінгі таңда 166 балаға арналған балабақшада 8 топ ашылған. Жоспар бойынша ашылуы тиіс 12 топтың төртеуіне қабылдау әлі де жүргізілуде. Онда ерекше балаларға дәрігер, дефеколог, психолог, логопед кәбинеттері мен оқу-дене шынықтыру алаңдары жұмыс істейді. Балабақшамен танысқан вице-министр ерекше балалар үшін инклюзивті білім беру, оларға жағдай жасау халықты әлеуметтік қорғау тетігінің бір көрінісі екенін атап көрсетті.

Сонымен бірге, сапар соңында Асқар Сақтағанұлы кәсіптік-техникалық білім беруде өңірдің алдыңғы қатарлы оқу орны саналатын Көкшетау жоғары техникалық колледжіне барды. Қазіргі уақытта 2 мыңнан астам студент білім алып жатқан оқу орнының әлеуеті біршама жоғары. 4 оқу корпусы арқылы оқу жоспары жүзеге асырылса, 500 студент қамтылған 2 жатақханасы бар. Ал, колледж құрылымындағы 43 оқу-өндірістік шеберхана мен 10 құзыреттілік орталық ерекше назар аудартады. Олардың әрқайсысы студенттердің білімін теориялық деңгейде ғана емес, таңдау пәні бойынша іс жүзінде сынап көріп, тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Вице-министр бірқатар өндірістік шеберханалармен танысып, болашақ жұмысшы мамандардың тәжірибе жинау процесіне қанықты.

– Қазіргі таңда осы тігін өндірісінің орталығында 250-ден астам студент білім алды. Өндірісте олар барлық заманауи техникалық тігін машиналарын толық меңгереді. Осы кезде қаланың өндірістік орталықтарымен тікелей жұмыс істейміз. Студенттер колледжде ғана емес, сол кәсіпорындарда да іс-тәжірибеден өтеді. Диплом алғаннан кейін қалаған орындарына жұмысқа орналаса алады, – дейді тігін өндірісінің шебері Фариза Жарқынбекқызы.

Айта кетерлігі, әр өндіріс орталығында жауапты маман студентті кірген кезінен барлық процестермен таныстырып, оның қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Өндірістердің материалдық-техникалық жарақтануы да көңіл қуантарлықтай. Барлығы автоматты технологияның көмегімен жүргізіледі. Осылайша инженерлік-техникалық салада білікті мамандар қалыптастырылуда. Бүгінде колледж 23 мамандық және 41 біліктілік бойынша қолданбалы бакалаврларды, оған қоса, орта буын мамандарды, кәсіби жұмысшыларды даярлайды.

Осының бәрін көзбен көрген вице-министр оқу орнының бұл бағыттағы жұмысын оң бағалап, жалпы, сапар өзі үшін пайдалы болғанын атап өте келе, жергілікті жерлерде көтерілген мәселелер Үкімет назарында болатындығына сендірді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар