Айға  ілінген  олжа

Қиялшыл-ақ едім. Оған себеп жетінші оқитын тәтемнің жексенбі сайын «Қарадөң батырдың» ұрпақтары деген зілдей қалың кітапты  зырылдатып, дауыстап  оқитыны болса керек. Әжем, апам, мен үшеуіміз тыңдаушымыз. Әкем жұмыста. Бір батырдан бір батыр туып, әкесінің ерлігін жалғастырып, неше түрлі оқиғаларға кез болып, ерлік көрсетіп, жыр жалғаса береді, жалағаса береді. Тәтем көрші ауылдағы мектебінен келесі жексенбі келгенше әлгі кітапты көзім шырадай жанып, құшақтаймын да жүремін. Ішіндегі суреттері қандай шіркін! Алмас қылыштары жарқылдаған, сауыттары саудыраған  батырлар кескініне қарап, қиялға берілемін. Өз ақылым, арман-қиялым жеткенше жырды келген жерінен әрі жалғастыра беремін. Қолымда ағаштан жасаған қайқы қылышым, иығымда жыңғылдан иген садағым. Шиден жасаған жебелерім «жауды» жапырып, жан-жаққа зырылдап ұшып жатады.

«Бүгін ертерек жат, құлыным. Ертең жүгірісің көп болады» деп әжем «биссимилласын»  қайта-қайта айтып, түйежүн көрпемді қымтап-қымтап, жатқызып қойған. Бірақ, бірден  ұйықтай қою оңайға түспеді. «Әкем: Ертең 1 мамыр мерекесіне орай атжарыс, күрес өткіземіз, алтынқабақ атамыз» деген. «Шалдарға бір мылтық атқызып, мәз қылмасам» деп қуақыланып, күліп те жіберген. Осының бәрі ойымда. Көз алдыма тұяқтары жер ойған тұлпарлар , алп-алп басқан алып балуандар келіп жатыр. Алтыбақан атқанды бұрын да көргем. Биі-і-к сырық көтеріліп, оған көлденең бір құлаштай көлденең ағаш бекітіледі. Соған жылқының құйрық қылына әр түрлі күміс ақша, теңгелер ілінеді. Соны жігіттер гүрсілдетіп атып, ұшырып түсіреді. Тигізгені бәйге алады, алғандарын жеңгелеріне, тағы біреулерге тарту етеді…

…Бұл жолғы алтыбақанның жөні басқа еді. Ашулы да, қырсық хан жалғыз қызын ешкімге бергісі жоқ. Бәлкім, еркелетіп өсірген перзентін қимайтын да шығар…Сондықтан да қолқа салып, құда жіберіп, «алам» деушілерге сынақты күшейткен үстіне күшейте берген. Бүгін, міне, қиылып жаңа туған айға оймақтай алтын ділдә  іліпті. Соны атып түсірген батыр, сұрмергенге ғана қызын жасауымен ұзатпақ. Ерекше көркі, ғаламат ақылымен атағы жер жарған аруды алғысы келетіндер көп еді. Хабар ұлы далаға тез тарады. Жігіттер кезек-кезек кезеніп, шіреніп  садақ тартуда. Бірақ, ешкімнің де оғы жететін емес.

Бір уақ алыстан алымды аттың дүбірі естілді. Қара түнді қақ жарып, жал-құйрығы жалындап, мақпал көк тұлпар ағындап келеді. Екпіні тау бұзардай. Үстінде жеңіл сауытының сыртынан жамыла салған жібек жамылғысы желбіреген жас батыр.

Садағын алып, қорамсағына қол салғандай болды. Жиылған қара-құрым жұрт оның айға ілінген алтын ділданы атпақ ойы барын түсініп, кейін серпіле берді. Ол жақындаған сайын бейнесі анық көріне түсті. Жиырмаға толар-толмас жас болғанмен, оның қабағынан осы сыннан өтуге  тас-түйін бекінгені сезілген. Жас та болса, талай жорыққа шығып, талай соғысты басынан өткерген жас батыр, тұлпарының тізгінін тартпастан, атының басын тежеместен жұлдыздай  аққан күйі көпке таяу өте  берді де, садағын шірене керіп, сұр жебесін зырқыратып кеп жіберді! Дүйім жұрт іштен тынып, тым-тырыс қарап қалған. Батырдың жебесі Ай құлағына ілініп, теңселіп тұрған алтын ділдәнің қақ ортасынан тиіп, оны қағып түсті. Көл бетінде шоршыған алтын балықтай Ай жарығына шағылысып, шоршып түскен алтын теңге бауынан үзіліп, жерге қарай құлап келе жатты. Жұрт шу ете түсті. Мен де қосыла айғайлағам. Өз дауысымнан өзім оянып кеттім. Түсім екен.

  • Бисмиллаһи, бисмиллаһи, о не, түс көрдің бе, қарағым? – деп, айналып-толғанып жатыр әжем.
  • Ендеше, тұр. Тамағыңды ішіп, дайындал. Қазір, әкең келеді, алтынқабаққа апарады!

…Ауылдан төрт-бес шақырымдай жердегі төбеге жиналған халық аса көңілді. Бәрі әдемі киініп алған, жүздері жарқын. Ферма басшысы әкем дауысын көтере сөйлеп, жігіттерге тапсырма беріп жүр. Әр жерді нұсқап, машина жіберіп, оларды белгі етті де, жарыс аттары соларды айналып шапты. Жастардың көбі мәшиналардың астауына, тіпті кабиналардың төбесіне дейін шығып алып: «Күрең ат алға шықты!.. Мәссаған, анау көк сурылып оң жақтан озды!.. Ойпырмай, анау құла бір қалыптан жаңылмайды екен! Әй, түбі сол озады-ау!»  деп онсыз да мойнын созып, дегбірі кетіп тұрған жұртты ынтықтыра түседі. Одан күрес өтті. Маған ең қызығы әйелдер күресі мен, «қатын жарыс» деген жарыс болды. Ондай да болады екен-ау!..

  • Енді, былай болады. Келесі кезек Алтыбақан. Былай жүріңіздер!, – әкемнің дауысы.

Шеткерек алтыбақан  құрылып тұр екен. Жылқы қылына әуелі бір теңгелік, екі елу, сосын  жиырма, соңына қарай он теңгелік күміс ілініпті. Алтыбақаннан отыз қадамдай жерге әкем иісі бұрқыраған жас жусанның үстіне кілем төсетіп, ауылдың үш ақсақалын отырғызды. Намазбай, Қазым, Шәкім аталар. Әшейінде көзін алақанымен көлеңкелеп, күннен қорғалап қарайтын олар қалай алтынқабақ атпақ? Мен үшін жұмбақ. Таңдана қараймын.

– Ал, халайық, қазір алтыбақан атуды бастаймыз. Тыңдаңдар, жігіттер! Әуелі ақсақалдар атады. Күлмеңдер! Бұлар да кезінде сендердей жас болған! Тайсойғанның ұшқан құсы, жүгірген аңын аттатпаған сұрмергендер болған, бұлар!Әні, келіп қалды. Намазбай ақсақал өз мылтығыммен атамын дегесін, мылтығын алғыздық!

Кілем үстіндегі ақсақалдар кәдімгідей дайындалып, жеңдерін түріп, етектерін астарына басып, ыңғайлана бастады. Мылтықтарын кезеп, алтыбақанды көздеп-көздеп қояды.

Менің түнде көрген түсім есіме түсіп, жүрегім дүрсілдеп кетті. Анау қырдың астынан құйғытып сол батыр шыға келетін тәрізденді.

Шын қызық енді басталды. Тайсойған құмының  төрінде отырған біздің ауылдың  жігіттері шетінен аңшы еді. Әрқайсының мылтығы бар. Біріншіден, малды ауылдардың, жеке-жеке отырған шопандардың отарларын итқұстан қорғайды.(Біздің ауылда үлкендер қасқыр деп айтқызбайды, «итқұс» дегізеді. «Қасқыр» десең олар естіп қалып, өшігеді). Екіншіден, құм шағылдардың ішінде қоян көп. Қызыл қуырдақты қыс бойы жеп шығамыз. Қыста қалың қармен, жазда аптап ыстық пен жолды бітеп қалатын құммен алысып, әйтеуір совхоздың малын шығынсыз өсіріп келе жатқан, қиындықпен күресіп өскен біздің ауыл жігіттерінің тағы бір қасиеті қызуқандылық пен әзіл-қалжыңға жүйріктік. Тіпті, әрқайсысы батыр десем болар!

Жұрт иін тіресіп, қаумалап тұр. Намазғали атам дара ауызды, ұзын мылтығын кезеніп, алтыбаққанның бір күмісін нысанаға алған. Тып-тыныш!

  • Иә, сәт!
  • Тарт!

– Бас!, – деген делебені қоздырар айғайлар естілді. Кенет тарс-тұрс ете қалған. Алтыбақанның  үлкен күмісі, бір сомдығы ұшып түсті. Жұрт у-шу, мәз.

  • Қосарланып, біреу атып жіберді!
  • Жоқ, ә, атайдың өзі тигізді!

–Жоқ, деймін!..

Әкем соғысқа қатысқан, ызбарлы адам. Қабағын түйіп, «осыдан келді-ау» деген жігіттерге қарады:

  • Кәні, құтырмай, тыныш тұрыңдар! Бөгет болмаңдар! Қайсың аттың?!
  • Жоқ, аға! Атайдың өзі атты! Біз емес!

Намазбай атаға сыйлыққа бір тоқты аталды. Үйіне жеткізіліп беріледі.

Екінші ақсақал, үшінші ақсақал атқанда да әлгіндей жағдай қайталанды. Бірақ, мылтықтар дауысы бір мезетте шықты! Мерген жігіттер алысырақтан мерлеп жатпай-ақ ақсақалдармен бірдей басып салады да, мылтығын төмен түсіре қояды.

Сөйтіп, талай жыл қолдарына мылтық алмаған ақсақалдар алтыбақан атып, бір-бір тоқты олжалап мерейлері өсіп, бір жасап қалды. Олардың қуанғанына ауыл адамдары тіпті риза.

Одан кейін біраз атыс болып, бірқатар жігіттер қолдарына сағат таққан. Ең соңғы он тиындық қалғанда тарс-тұрс атқылау көбейгенмен, ешкім түсіре алмады. Бұған миығынан күліп қарап тұрған әкем дауыстады.

  • Немене, болдыңдар ма, атқыштар?! Шалдарды алдағанда керімсіңдер ғой! Неге түсірмейсіңдер!

Тентектер басылып, жуасып қалған. Бір тал қылға ілініп, желмен теңселіп тұрған тиынды атып түсіре алмайтындарына көздері жеткен-ді.

– Өзің ат, Сапар, айналайын, өзің ат!  – деп, ақсақалдар әкеме батасын бергендей болды. Атса қапы жібермейтінін әкемнің өзі де, өзгелер де біліп тұр. Дегенмен,  сыралғы серігі  қанды ауыз қосауызын қолына алғанмен, айнала қарап, тосыла берген. Біреуді іздегендей ме?.. Неге атпайды?

Кенет: – Әне, Жігер келе жатыр!, – деген қуанышты дауыс шықты да, жұрт ошарыла бұрылған. Бұл он сегізге жаңа толған, әскерге енді барғалы жүрген жас жігіт болатын. Ауылға аңшылығымен, мергендігімен аты шығып үлгерген. Кімге болсын көмектесе кетер елгезектігі, еңбекқорлығы мен қайсарлығы үшін өзін бүкіл ауыл жақсы көретін. Бала біткен оны көруге, реті келсе жанына жүгіріп баруға құмармыз. Оның ат-әбзелдері де, киім киісі де бөлек. Сабы күміспен өрнектелген бәкісі қандай!

  • Ат! Жігер, ат!
  • Ат, Жігер! Алтыбақанда соңғы күміс қалды!
  • Ат!

Осындай сөздерді алыстан естіген Жігер шалт қимылмен мылтығын қолына алды да, атын тебініп-тебініп қап, алға ұмтыла берді. Жұрт кейін серпілді. Мен тура түс көргендей қалыптамын. Мына Жігер жаңа ғана таңда мен түсімде көрген батыр ма? Мұның сонда тура батырлар жырындағыдай батыр болғаны ма? Бұған аруақ қонып, бата дарып, батыр болған ба?! Мен астан-кестен, аласапыран ойыммен алысып, оқиғаның анық-қанығын айырып болғанша, құстай ұшып, мылтығын бір қолымен кезенген Жігер алтыбақан тұсынан өтіп бара жатып, атып жіберді. Аңтарылып, жым-жырт тынып қалған көпшілік жалғыз желбіреп тұрған күміс ұшып түскенде шу ете қалды.

  • Ай, жарайсың!
  • Өй, азамат!
  • Өркенің өссін!.. деген сияқты сөздер жан-жақтан естіліп жатыр.

– Кел балам, Алтыбақанның бас бәйгесі  сенікі! Жақында, мына аталарыңның батасын ал! – деп ерекше мерейленген әкем Жігерді ортаға шақырды. Лып етіп атынан түскен ол ақсақалдардың алдына барып, бір тізерлеп жүгініп, алақанын жайды.

Менің қуаныштан жүрегім жарылардай болып, аузыма тығылып, атқақтай жөнелді. «Түсімдегі мақпал көк тұлпарын дүбірлетіп келіп, Айға ілінген алтын ділданы атып түсірген батыр мына Жігер екен ғой!» деймін, іштей.

Сол бір алтыбақан есімнен әлі кеткен емес. Одан бері не заман? Сонау, алпысыншы жылдардың басында болып еді ғой. Ертегісі, елесі, шындығы қосылып, келістіріп салынған керемет бір картинадай көз алдымда тұр…

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар