Мұратбек Балқыбекұлы Тоқтағазин 1964 жылы 1 шілдеде Семей облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында дүниеге келген.
1981 жылы Октябрь орта мектебін бітіріп, сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Оны 1986 жылы тәмамдап, арнайы жолдамамен сол кездегі Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетіне қызметке жіберілді. 1990 — 1999 жылдарда республикалық «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің Целиноград (Ақмола) облысындағы меншікті тілшісі болып жұмыс істейді.
2000 жылдан бастап республикалық басылымдарда мақалалары, көсемсөздік туындылары жиі шығып, ғылым жолындағы жұмысын жүйелі түрде жүргізе бастады. 2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың туындылары негізінде «Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
2011 жылдан бастап осы университеттің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, соңғы 6 жылда профессоры ретінде журналистиканың, көсемсөздің өзекті мәселелерін кешенді зерттеп, 2 монография, 2 оқу құралын баспадан шығарып, 10 ғылыми жинақтың құрастырушысы, жауапты редакторы болды. 80-нен астам ғылыми-зерттеу мақалаларын Қазақстанның, Беларусь, Ресейдің және басқа шет елдердің ғылыми журналдарында, халықаралық басылымдарында жариялады. 2018 жылдан бастап әдебиеттану саласы бойынша қауымдастырылған профессор. Әлемдегі ірі библиографиялық және реферативтік Web of Science, Scopus деректер базаларында 5 ғылыми мақаласы жарияланған.
Мұратбек Балқыбекұлы педагогтік қызметінен бөлек өзінің журналистік мол тәжірибесін күнделікті баспасөзбен тығыз байланыста одан әрі шыңдап отырған. 2011 жылдан бастап «Әділет БАҚ МЕДИА» республикалық газетінің Астанадағы тілшілер қосынының меңгерушісі, осы басылымның бас редакторының орынбасары болса, 2012 жылдан «Әділет» ұлттық апталығының редакторлар Кеңесінің төрағасы, 2019 жылдан бастап «Әділет.Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің Бас редакторы. Қоғамдық жұмысқа белсене қатысады. 2012 жылдан бері Бас редакторлар клубының вице-президенті.
М.Тоқтағазиннің шығармашылығы әр кезеңде тиісті бағасын алып отырды. 2000 жылы «Қазақстан Республикасы астанасының үздік журналисі» конкурсының, 2012 жылы республикалық «Асыл сөз құдіреті» конкурсының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы Дипломының иегері (2014). Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты (2015).«PRIMUS INTER PARES (ПЕРВЫЙ СРЕДИ РАВНЫХ) орденімен, «Европейское качество» (Gold medal «European Quality») алтын медалімен, Халықаралық М.Шолохов атындағы, Л.Гумилев және Ә.Нұршайықов атындағы медальдармен марапатталған. Ресей Жаратылыстану академиясының Құрметті ғылым докторы (DOCTOR OF SCIENCE, HONORIS CAUSA) болып сайланған. «Құрмет» орденінің иегері (2024ж.)
Мұратбек Тоқтағазиннің отандық басылымдарда журналистиканың әртүрлі жанрларында жазылған 300-ден астам материалдары жарияланған. «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола үшін айқас», «Кітап басу ісіндегі коммуникативті саясат және жарнама», «Эпистолярные жанры в публицистике Беларуси, России и Казахстана», «Замансөз заңғары» атты кітаптары жарық көрген.
Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі», «Ақпарат саласының үздігі»,«Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Аягөз ауданының құрметті азаматы» және басқа төсбелгілермен марапатталған.
М.Тоқтағазин Халықаралық Ақпараттандыру академиясының, Еуразиялық Телевизия және радио академиясының, Қазақстанның Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі), Ресей Жаратылыстану Академиясының корреспондент-мүшесі. Масс-медиа зерттеушілерінің Ұлттық қауымдастығының (НАММИ), Бас редакторлар клубының мүшесі.
Бас редакторлар клубы қоғамдық бірлестігі.
***
ЖАМПОЗ ЖУРНАЛИСТ, ЗЕРДЕЛІ ЗЕРТТЕУШІ
Газетіміздің бұрынғы қызметкері, бүгінде асқаралы алпыс жасқа қадам басқан әріптесіміз, Қазақстанның медиакеңістігін дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті, республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің бас редакторы Мұратбек Тоқтағазин туралы қос материалды оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.
Мұратбек Балқыбекұлы 40 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби журналист қана емес, журналистика ғылымын дамытуға қызмет етіп жүрген зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі. Қаламгердіңосы бағытта жазған ғылыми еңбектері, публицистикалық туындылары зиялы қауымға жақсы мәлім. Ол республикамыздағы ордалы оқу орындарының бірі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің профессоры ретінде де болашақ журналистерді тәрбиелеуге табан аудармай қызмет жасап жүр.
Бай тарихы бар басылымымызда жемісті еңбек еткен бұрынғы әріптесімізді мерей жасымен құттықтай отырып, төменде екі қаламгердің мерейтой иесі туралы жылы лебіз жазбаларын жариялап отырмыз.
Бекзаттық болмыс
Қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, талантты публицист, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Жомарт Әбдіхалықтың жазғаны бар: «Қаламгердің қабілеті қаламының ұшында емес, қарымды мінезінде». Яғни, журналистің мінезі дарындылықтың өзегі. Бұл ойды неге айтып отырмын? Мұратбекті Ақмола журналистерінің ортасына үкілеп, үміттеніп әкеп қосып, ақ батасын берген ұстазы Жомарт Әбдіхалықтың сол сұңғыла сөзі біздің кейіпкеріміздің бітім-болмысын айғақтайды.
1986 жылдың күз айында Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетіне ҚазМУ-дің журфагын бітірген жас маман Мұратбек Тоқтағазин келіп, жұмысқа орналасты. Жас журналист өзіңе тапсырылған істі дереу байыппен бастап, өзінің қабілеті бар екенін дәлелдей бастады. Оқырман қауым оның жазғандарын жылы қабылдап жатты. Газетте ақсап жатқан жастар мәселесін бағыт-бағдар етіп алып, көп ұзамай ай сайын арнайы «Өркен» атты жастар бетінің жарыққа шығуына бастамашыл болды. Соның арқасында басылым беттерінде жас оқырмандардың өзекжарды ұсыныстары, өткір ой-пікірлері көптеп жариялана бастады. Редакцияға алыстағы ауылдардан, қаладағы студент, оқушы жастардан түрлі тақырыптарды қозғаған хат-хабарлар толассыз келіп жатты. Мұратбек жастардың көкейтесті проблемаларын көтерумен қатар, оны шешудің жолдарын партия-кеңес, комсомол органдардың алдына тікелей қойып, нақты нәтижеге қол жеткізді. Ақмола жастарының арасында оның абырой-беделі өсе түсті.
Осындай талапшыл, ізденгіш, креативті істердің ұйытқысы бола білген Мұратбектің еңбегін Ақмола жұршылығы жақсы бағалады. Көп ұзамай жас журналист обком комсомолының бюро мүшесі, Целиноград қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. Бұл жауапты жерлерде жүріп, Мұратбек өзінің емес, өзгенің, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жиі шешіп отырды.
Республикалық басылым беттерінде оның қоғамның өткір мәселелерін қозғаған мақалалары ұдайы жарияланып жатты. Тек, Ақмола елі емес, Қазақ елі Мұратбектің тұщымды туындыларын оқып, пікір білдіріп жатты. Осылайша ол көрнекті жазушы, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаның назарына ілікті. Облыстық газеттегі жұмысынан «Социалистік Қазақстанның» Целиноград облысы бойынша меншікті тілшісі қызметіне ауысты. Айта кетерлік жайт, отыз жасқа жетпей, осындай үлкен жұмысты бұған дейін ешкім атқарған жоқ еді.
Бұл жаңа жұмыста ол тынымсыз еңбек етті. Әсіресе, оның қайраткерлік іскерлігі кенжелеп, тіпті құлдырап бара жатқан қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында айрықша байқалды. Целиноградта №4 Жамбыл Жабаев атындағы қазақ мектебінен басқа ұлттық тілде сабақ беретін білім ордаларын көптеп ашу керектігін, қазақ бала бақшаларының санын арттыру қажеттілігін өзек етіп, республикалық басылымда үнемі жазумен болды. Мұндай батыл қадам жоғары жақтағылардың назарын аудартып, өзінің нақты нәтижесін бере бастады.
Оның айрықша ерен еңбегі, Целиноград қаласының атауын Ақмола деп өзгерту бағытында халықтың санасын оятуға атсалысты. Облыс, қаладағы ұлттық-патриоттық қозғалыс өкілдерінің басын қосып, Алматыдағы орталық алаңда осыған байланысты митинг өткізуге мұрындық болды. Орталық органдардың, Парламент депутаттарының назарын аударып, ақыры ойлаған мақсатына жете алды. Президенттің Жарлығымен Целиноград қаласына Ақмола атауы қайтып берілді. Бұл жас Мұратбектің, қайраткер Мұратбектің қажымас күш-жігерінің арқасында еліне жасаған үлкен жақсылығы деп айтуымыз керек.
Содан бері көп жыл өтсе де Ақмола елі, Астана халқы Мұратбектің сол жылдарда жасаған ерен ісін ұмыта қойған жоқ. Ақмоланы астана ету бағытында оның атқарған жұмысы ұшан-теңіз.
Мұратбектің бойында әу бастан ғылымдық іздену қасиеті байқалатын. Міне, көп жылдан бері Еуразия ұлттық мемлекеттік университетіне жұмысқа тұрып, журфактың студенттеріне тағылымды дәріс беріп жүргені оның тағы бір қажымас қайраткерлік қырын көрсетеді.
Мен бағалаған, халық сенім артқан, ел үмітін ақтаған, жас болса да бас бола білген Мұратбек Тоқтағазиннің өмір жолы шынайы да шындық ғұмырдың көрінісіне айналғаны қуантады. Жиырма жасында жас маман болып келген Мұратбек қазір алпыстың асқар тауына шығып, ақылдың, білімнің кемел кемесіне мініп, болашақ бағытқа батыл жүзіп келеді. Целиноградта отау құрып, шаңырақ көтеріп, Мәдениет атты ақылды келінді жар еткен, тұңғыштары Баубектің тұсауын өзіміз кескен кезеңнен бастап, бүгінгі Астананың төрінде ұрпағының шат-шадыман қызығын көрген сәтке дейінгі бүкіл өмірлік жолы оның бекзаттық болмыс-бітімін айқындай түседі.
Мұратбектің әкесі Балқыбек ақсақалмен бірнеше рет дастархандас, пікірлес болғанымыз бар. Ауылдың көкірегі ояу, көзі ашық, көпті көрген қарапайым қариясының ұлағатты көркем мінезі баласы Мұратбектің бойынан табылып жатқаны сүйсінтеді. Ақылды қария бір әңгімесінде: «адамға көп нәрсе керегі жоқ, ары мен намысы жоғары болса, тұғыры мықты болмақ» деген еді.
Мұратбек сол тұғыры тегеурінді, болмысы бекзат, адалдығы ары мен намысына ұштасқан тұлғаның қатарына жатады. Оның өмірлік кредосы да, міне, осы!..
Марат ДӘДІКБАЙ,
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бұрынғы бөлім меңгерушісі, журналист.
***
МЕНІҢ МҰРАТБЕГІМ
Тоқтағазин туралы қысқа қайырымдар
Оны тек жұмыс үстінде көресің. Біздің Мұратбек досымыз жанкешті жігіт. Соңғы күші қалғанша жұмыс істеп жатады. Алған бетінен қайтпайтын, ойлағанын жүзеге асырмай қоймайтын азамат. Үлгі алар тұсы көп. Бірақ, біздің оған шыдамымыз жете қояр ма екен…
«Қобыратып түнімен көп қағазын,
Отырады Мұратбек Тоқтағазин», — деп Баукеңнің – курстасымыз Бауыржан Омарұлының айтқан әзіл өлеңінде үлкен шындық та бар. Оның бос отырғанын көргенім есімде жоқ. Не бірдеңе оқып, не болмаса бірдеңе жазып жатады.
Достоевский мен Шоқанға ұқсайтын едік. Оны да әзілдеп айтқан Баукең болатын. Мұратбек екеуміздің достығымыз бала кезден басталды. Ол Семейдің Тарбағатайында, мен Сырдың Жаңақорғанында жүріп жаттым. Бала Мұратбек ұмытпасам 9-сыныпта оқитын да, мен мектеп бітіріп, енді қара жұмысқа жегіліп жүрген кезім еді. Екеуміз тіпті одан да сәл ертерек танысып, хат алмасып тұрдық.
«Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан» газеті) екеуміздің қолдан түсірмей оқитын газетіміз болатын. Оқып қана қоймай, нөмір аралатып хат-хабарымызды, жазған-сызғандарымызды жолдап отыратын едік. Газет бетінде екеуміздің жазғандарымыз жарыса шығып жататын. Осы газет арқылы таныстық. Таныстығымыз ұзағынан болды. Екеуміздің осылай хат-хабар алмасып тұрғанымызды, кейіннен Алматыда КазГУ-дің табалдырығында құшақтаса кетіп жолыққан сәтімізді Баукең әзілдеп, Достоевский мен Шоқанға телігені бар. Ауызы дуалы жігіттің айтқаны сол күйі елге тарап кетті. Ондай да қызық болады.
Өзгеше хат. Әлі бір-бірімізбен жолығыспай, ауылда жүрген кезіміз болатын. Бір күні одан өзгеше хат келді. Әдеттегідей бүкіл жаңалықты айтып шыққан Мұратбек: «Мына қызықты қарашы, менің бір ағамның аты – Әнуарбек, екінші ағамның аты – Әуелбек. Мұндай да қызық болады екен, я», – депті. Мен де таңғалып, рас па, өтірік пе дегендей, хаттың сол тұсын қайта-қайта оқимын. Бұл жәй сәйкестік пе, әлде беймәлім бір байланыстың болғаны ма екен, кім білсін…
Екі дос курстас болдық. Мен оқуға түсе алмай, ауылда жұмыс істеп жүріп, екі жылдан соң журналистика факультетінің дайындық бөліміне түстім. Бірінші курсқа қабылданғанда, сол баяғы досым Мұратбекпен курстас болып шықтым. Олар сол жылы бірінші курсқа түскен болатын. Хат арқылы айтылып жататын қызықтар енді бірге жүріп басталды. Содан бері қырық жылдан асыпты. Әнуарбек, Әуелбектердің інісімен қазір де байланысымыз үзілген жоқ. Ол – Астанада, мен Алматыдамын. Түрлі қызықтарды телефон арқылы айтып жатамыз.
Үйімнің құжатын алуға көмектесті
«Әнуарды бір жыл көрмей қалсаң, «балаңның бауы берік болсын деп айта бер» деп, Бауыржан айтқандай, мен балалы-шағалы болып, көп нәрсеге уақытында қол жеткізе алмай жүрдім. Алматыда үй салу да екінің бірінің қолынан келе бермейтін болар. Кішкентай лашығымызда тұрып жатқанда, бір күні үйге Мұратбек келді. Ұмытпасам, 2006 жыл болатын. КазГУ-ді бітіргенімізге 20 жыл болып, курстастар біраз тойлап тастағанбыз. Менің үйдегі мына хәлімді көріп, «Мә, мына ақшаны ал! Ең болмаса, үйіңнің ГосАКТ-ісін жасатып ал! Басқа нәрсеге жаратушы болма!» деп қатты тапсырды. Менің жаратып қоятыным белгілі, оны сол жерде бірден зайыбым Жазираға беріп қойдым. Кейіннен сол ақшаға жердің құжатын жасатып алдық.
Иә-ә-ә, курстасым Мұратбек Тоқтағазин туралы көп айта беруге болады. Алайда елдің уақытын алмайын деп, барынша қысқа қайырып отырмын. Алпыс жастың желкенін желбірете бастаған досым күні кеше «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. Орынды! Оны бәріміз де құрмет тұтатынбыз. Әлі де солай. Аман бол, досым! Жүз жаса! Құрметпен, «екі ағаң».
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
Ақпарат саласының үздігі, ақын, композитор.
![]()

