Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева білім жүйесінің жұмысы туралы брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
–Облысымызда мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Көкшетау қаласында 166 орындық «Аяла» мемлекеттік арнайы балабақшасы және облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылындағы «Нұрлы көш» шағын ауданында 280 орындық «Нұрсая» бөбекжайы іске қосылды. Сонымен қатар, Целиноград ауданының Қараөткел ауылында, Қосшы және Көкшетау қалаларында әрқайсысы 280 орындық 3 балабақшаның құрылысы жүргізілуде, олар 2025 жылы аяқталады деп күтілуде. Әлеуметтік осал отбасыларынан шыққан балаларды қолдау жалғасуда. Бүгінде балабақшаларда 9693 бала облыстық бюджет есебінен тегін тамақтандырылады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, – деді өз сөзінде Айнагүл Балташева.
Облысымызда күндізгі оқу нысаны бойынша 534 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде, 528 мемлекеттік және 6 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Жекеменшік мектепте 140 мыңнан астам оқушы оқиды.
Ағымдағы жылы 8400 орындық 7 мектеп іске қосылды, оның ішінде 7200 орындық 6 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды, 5240 орындық тағы 6 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Қосшы қаласында 1200 оқушыға арналған мектеп пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» республикалық жобасы аясында Целиноград ауданында әрқайсысы 1200 орындық 6 жаңа мектеп ашылды. 540 орындық тағы 4 мектептің құрылысы жалғасуда. Олар Біржан сал ауданының Бұланды, Сандықтау ауданының Петровка, Целиноград ауданының Жаңа жол, Степногорск қаласының Бестөбе ауылында іске қосылмақшы. Бұл нысандарды пайдалануға беру ағымдағы жылдың соңына жоспарланған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5000 орындық тағы 3 мектепті, атап айтқанда, Целиноград ауданында 2000 орындық бір, Көкшетау қаласында 3 мың орындық екі мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» АҚ есебінен Көкшетау қаласында ұлдар мен қыздарға арналған 600 орындық «Білім-инновация» мектеп-интернатының құрылысы жалғасып келеді. Бұдан басқа, осы қордың қаражаты есебінен Щучинск қаласындағы «Білім-инновация» ІТ-лицей-интернатына 300 орындық интернат құрылысын бастау жоспарланып отыр.
–Педагог кадрлармен жұмыс істеуге де жете көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 17 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Олардың 12,6 мыңнан астамы, яғни, 74 пайызы жаңа жүйе бойынша аттестациядан өтті, оның ішінде, 41-і педагог-шебер, 2392 педагог-зерттеуші, 4412 педагог-сарапшы, ал, 5755-і педагог-модераторлар. Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен облыстың бірқатар ұстаздары мемлекеттік наградалармен – «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды. Республикалық байқауда облысымыздың 3 педагогы «Үздік педагог» атағына ие болды, сондай-ақ, халықаралық педагогикалық шеберлік фестивалі жүлдегерлерінің үштігіне Ақмола педагогы кірді. Жыл сайын біздің білім беру ұйымдарына жас мамандар келеді. Осылайша, биыл 638 жас оқытушы жұмысқа келді, олардың 415-і ауылдық жерлердегі мектептерде жұмыс істеуде. Педагог кадрлардың тапшылығы мәселесін шешу үшін ауылдық жерлерге облыстық бюджеттен жыл сайын мемлекеттік гранттар бөлінеді. Бүгінгі таңда осы гранттар бойынша 500-ге жуық адам оқиды. Бұдан басқа, жыл сайын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде педагогикалық мамандықтарға 900-ге жуық орын бөлінеді, – дей келе, Айнагүл Қыдырбайқызы кейбір мәселелер бойынша журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

