Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мал шаруашылығы да дамытылуы тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Мал шаруашылығы да дамытылуы тиіс

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Жарқайың ауданына барып, Державинск қаласында қайта қалпына келтіріліп жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердегі жұмыстың барысымен танысты және аудан тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша  қабылдау жүргізді.

Желтоқсан айының ортасына қарай «Мегастройгрупп» компаниясы Державинск қаласындағы 80 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіруді аяқтайды. Бұл пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Мердігер ұйымның басшысы Абзал Орынғалидың айтуынша, құрылысшылар әрлеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Қазіргі заманға сай жайлы етіп жасалып жатқан тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары қыркүйек айында басталыпты. Ондаған жылдар бұрын салынған ескі ғимаратты қалпына келтірмес бұрын, арнайы сараптама жүргізілген. Мамандардың берген сараптамалық қорытындысына сай, үйдің қабырғалары жарамды деп танылып, қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алыныпты.

– Тұрғын үйді сатып алмас бұрын, әрбір ұсақ-түйекке дейін жіті назар аударылады. Жұмыс сапасын мұқият тексеріп барып, қабылдаймыз. Оның барлығы тұрғындар қоныстанғаннан кейін шағымданбауы үшін жасалады, себебі, тұрғын үй көптеген жылдар бойы қаңырап бос тұрды, – деп ескертті облыс әкімі.

Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен құрылыс басқармасы және Жарқайың ауданы әкімдігінің мамандары қабылдайтын кезде бұл үйге тағы да кешенді тексеру жүргізеді. Қандай да бір кемшіліктер анықталса, мердігер компания бірден оны жоюға міндеттеледі. Осыдан кейін ғана мемлекет пәтерлерді сатып алады. Осы шағын ауданда салынып жатқан тағы бір бес қабатты үй халықтың әлеуметтік осал топтарының қатарында кезекте тұрғандарға берілмекші. Бұл арендалық пәтерлер көп балалы отбасыларға, жетім балалар және тағы да басқа осы топқа жататын азаматтарға арналған. Қазір құрылыс алаңында жұмыс жалғасуда, бірақ, аумақты абаттандыру аяқталмаған.

Марат Ахметжанов бұл күні су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін Пригородный ауылында салынған 15 екі пәтерлі үйге де барды. Тұрғындар жаңа пәтерлеріне қоныстанып, жайлы өмір сүруде.

Облыс әкімінің аудан халқымен кездесуінде аймақты дамытудың негізгі бағыттары талқыланды, жетістіктер мен кемшіліктер де кеңінен қозғалды. Десе де, облыс әкімі су тасқыны тақырыбына ерекше тоқталды. Бұл орайда, әкім тарапынан жарқайыңдықтарға, қоғам белсенділері мен еріктілерге  көктемгі су тасқыны кезіндегі азаматтық ұстанымы, бірлігі үшін алғыс та айтылды.

– Мамандар болған оқиғаға ресми бағасын берді. Бұл – табиғи апат. Мұндай апат облыс аумағында, жалпы Қазақстанда 80 жылдай болмаған екен. Су тасқынынан халқымыз біраз ауыртпалықтарға тап болды. Жарқайыңдықтар да зардап шегіп, кей тұрғындар мүлкінен, баспанасынан, малынан айырылды. Бірақ, ешкім мемлекеттің қолдауынсыз қалған жоқ. Барлығына да біржолғы әлеуметтік көмек төленіп, мүліктік зиян өтелді. Үйлерін қалпына келтіру үшін 110 отбасына материалдық көмек көрсетілді. Ал, баспанасы мүлде жарамсыз болып қалғандарға біз жаңадан пәтер сатып алып бердік, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін тиісті міндеттер қойылғанын атап өтті. Жарқайың ауданының 6 ауылы мен Державинск қаласының аумағында үйінді жер біліктері нығайтылып, Пригородный мен Гастелло ауылы маңынан өтетін Есіл өзеніне гидробекеттер орнатылыпты. Бұл жұмыстар су тасқыны қаупін азайту үшін жасалған жұмыстың барлығы еместігін алға тартқан облыс әкімі «Бірсуат» бөгеті апатты жағдайда тұрғанын, сол сияқты, «Жаңадала-2», «Уәлиханов» және «Костычевское» бөгеттеріне де назар аудару қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, аймақ басшысының айтуынша, Жарқайың ауданында өнеркәсіп өндірісін дамыту үшін барлық қажетті ресурстар бар. Дегенмен, ауданда ірі және орта кәсіпорындар жоқ. Соның салдарынан облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі аудан үлесі небары 0,2 пайыз ғана. Бірақ, бидай өсіруден ауданнан көшбасшылықты алып тастай алмаймыз. Жарқайың ауданы облыс бойынша жиналатын егін көлемінің 10 пайызын өндіріп отыр. Алайда, егіннің барлығы дерлік шикізат түрінде сатылымға кетуде.

– Жақсы ауданы аграршыларының тәжірибесін үйрену қажет, – деді өңір басшысы аудан әкімі Жанболат Хамитовқа. –«TNK» агрофирмасы»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде толық өндірістік цикл – бидайды өсіру, сақтау, қайта өңдеу тиісті жолға қойылған. Соның нәтижесінде кәсіпорын өз өнімдерін ел ішінде де, экспорттық нарықта да табысты сатуда.

Жалпы, ауданда балық шаруашылығын дамыту мүмкіндігі де зор екендігіне назар аударылды. Себебі, Есіл өзені аудан арқылы өтеді. Бұл қосымша инвестициялар тартып, аудан экономикасын көтеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, адамдардың жақсы өмір сүруіне игі әсерін тигізер еді.  Сонымен қатар, кездесуде ауданда кәсіпкерлерді қолдау бойынша бірыңғай кешенді бағдарламалар мүмкіндігінше толық қолданылмай жатқандығы көтерілді. Соңғы үш жылда мұнда мемлекеттік қолдауды пайдаланған жобалар саны азайып, 10-нан 2-ге дейін төмендеп кеткен. Мұндағы басты себеп – аудан тұрғындары кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыздығында, осы орайда, аймақ басшысы жергілікті әкімдерге мұндай ақпараттарды халыққа түсінікті тілде жеткізіп, құлақтандырып отыруды тапсырды.

Ауданда өсімдік шаруашылығынан бөлек, мал шаруашылығы да дамуы тиіс. Ірі сүт өндіруші кәсіпорынның бірі – «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 400 аналық ірі қара мал бар. Шаруашылық инвестициялық жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына қатысуда, аналық мал басының санын екі есе ұлғайтуды көздеп отыр. Ағымдағы жылы екі жаңа ет фермасын құру жоспары орындалыпты.

Биыл облыстың ауыл шаруашылығы өндірістік кешенін мемлекеттік қолдау 140 миллиард теңгеден асқан болатын, оның 46,5 миллиард теңгесі қайтарымсыз субсидиялар.

– Субсидия – бұл мемлекеттің көмегі ғана емес, еңбек өнімділігін арттыру мен бизнесті ынталандыруға бағытталған үлкен мүмкіндік екенін түсіну маңызды, – деді облыс әкімі. – Жарқайың ауданының ауыл шаруашылығы өндірістік кешенін қолдауға биыл 9 миллиард теңге бағытталды және екі миллиард теңге қайтарымсыз субсидия бөлінді. Мемлекет тарапынан орасан зор қолдау көрсетіліп жатыр, бірақ, агробизнес тарапынан да әлеуметтік жауапкершілік түрінде қайтарым болуы тиіс.

Өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасына да ерекше тоқталды. Оның түпкі мақсаты – ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту және табысын арттыру екендігін түсіндірді.

– «Ауыл аманаты» жобасын ойдағыдай іске асыру үшін ең алдымен жергілікті жерлердің әкімдерінің өздерінің ауылды көтеруге деген қызығушылығы болуы тиіс, – деді өңір басшысы.

Халықпен кездесуден кейін Марат Ахметжанов аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Ренат Шағалаев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар