«Ту баста Абылайды хан көтерген,
Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай»
Мағжан Жұмабаев.
Өз заманыныңкөрнекті қайраткері, қол бастаған батыры, ел басқарған биі, қара қылды қақ жарған әділдігімен хан мен қараның ақылшы, тірегі болған Қанай би Құттымбетұлының туғанына биыл 325 жыл толып отыр. Осы атаулы оқиғаның алғашқы тағылымды жиынын өзінің ұрпақтары бастап, рухты бабаларының есімін ұлықтады.
Зеренді ауданының білім бөлімі Қанай би ауылының мектеп ұжымымен бірлесіп, «Қанай би Құттымбетұлының 325 жылдығы» тақырыбында аудандық конференция өткізді. Шағын мектеп залында ұстаздардың іс-шарасы еркінәрі мемлекеттік тілде өтті. Кейде бір конференцияларға көңілін толмайды. Атын айдай қылып, бір ұлы бабаларымыздың шығармашылығына арнайды. Өкініштісі, қатысушылар бірде қазақ, бірде орыс тілінде дайын баяндаманы оқып кетеді. Бәрі интернетте жарияланған, бұрыннан белгілі мәліметтер. Ішінен тың дерек, жаңалық таппай қиналасың.
Ал, аталған конференцияның өту барысы басқаша болды. Жиынның алғысөзін Қанай би ауылдық округінің әкімі Медет Сайранбекұлыалса, аудандық білім бөлімінің басшысы Динара Кенжеболатова да қатысушыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарихшы ғалым Аманбай Сейітқасымов баяндама жасады. Және деҚанай бидің ұрпақтары, бүгінгі ел ағалары, Көкшеге белгілі азаматтар: Ақмолаоблыстық мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының төрағасы Боранбай Бегалин, денсаулық сақтау саласының үздігі әрі ардагеріҚайыр Әбдірахманов, зейнеткер, еңбек ардагері Қадірбек Шакимов, зейнеткер Арғын Әнуарбекұлы, «Желтоқсан-1986-Ақмола» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Жарылғасов және «Құрмет» орденінің иегері, журналист Бақыт Смағұлбаба ұлағаты, ел тарихы туралы ойларын ортаға салып, шежірені таратты.
– Қазақ энциклопедиясының бесінші томында атақты бабамыз туралы мынандай деректер бар: Қанай Құттымбетұлы би, шешен, батыр, қоғам қайраткері. Шамамен, 1695-1698 жылдары Ақмола облысы, Зеренді ауданында дүниеге келген. Орта жүздің Арғын тайпасына жататын Атығай, Қарауыл руларының бас биі болған. Абылай мен Бұқар жыраудың ұсынысымен көп жыл Орта жүздің төбе биі атанған. 1771 жылы үш жүздің игілері Абылайды хан сайлағанда, Қанайды ақ киізге қараша би ретінде қатар көтерген. Келесі дерек: Абылай хан Арқа жерімен қоштасып, екінші рет Түркістанға бет алғанда жанында көптеген батырлармен бірге Қанай биде аттанған. Осы сапарда Абылай ханның көмегімен Ташкент қаласының алты қақпасының бірінің әкімі болады. Ол кезде Ташкент 200 жылға тарта Қазақ хандығының астанасы болған, – деп Аманбай Сейітқасымов көптеген тарихи деректерді ортаға салды.
Оның айтуынша, Қанай би туралы деректер Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романының екінші томында, Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанында көптеп кездеседі. Қанай бидің өмірі мен еңбегіне Кеңес Одағының Батыры, академик ғалым, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин, атақты математик ғалым Мыңбай Ысқақов, жазушылар Естай Мырзахметов, Сәкен сері Жүнісов, Төлеген Қажыбай, әдебиеттанушы ғалым Серік Негимов, ақын Қорғанбек Аманжол, ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов, Сәбит Мырзагелдин, Сейілбек Әлібеков сияқты танымал тұлғалар зерттеулер жүргізіп, шығармалар жазған. Айтпақшы, мектеп ұжымы өз кітапханаларындағы осындай 20-ға жуық кітаптардан шағын көрме де дайындаған екен.
Аманбай Асылбайұлы Атығай-Қарауылдың Ақмолада орнығуы жайындағы деректерінде былай дейді: «1730 жылдары Жоңғар шапқыншылығы басталып, халқымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманын бастан өткізеді. Бұған дейін Арғынның көп бөлігі Сыр мен Арыстың бойын көшіп-қонып, мекен еткен. Жоңғарлардың басып кіруі салдарынан оңтүстік, шығыстағы ру, тайпалар солтүстік пен батысқа қарай ауады. Осы тұста көреген Қанай би Атығай, Қарауылдың бірнеше мың түтінін әу баста Баянауыл, Қорғалжын өңірлеріне, кейін Көкшетау, Шортан, Айыртау, Зеренді мекендеріне қоныстандырады». Иә, әр аймақтағы рулардың сол жерде мекен етуінде осындай тарихи оқиғалар, қиын-қыстау замандардың салмағы жатқанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Ал, шежіре жайына тоқталсақ, Арғынның оныншы ұрпағы саналатын Қарауылдан Қараша, Қарашадан Амалдық тарайды. Осы Амалдықтан Қанайдың әкесі Құттымбет пен Тілеуімбет деген екі ұл болады. Қанай би өзі Малай, Аю, Бөкей қатарлы төрт ағайынды болған. Қазіргі уақытта биден тарайтын Бақы, Сұлтанби, Итқарасияқтыүш атаның ұрпақтары алты ауыл Қанай атанып отыр. Олар – Игілік, Жамантұз, Қойсалған, Ұялы, Еңбекбірлік және осы Қанай би ауылдары.
«Тектіден текті туады» дегендей, биден тараған ұрпақтары да өз заманының белгілі азаматтары, ұлы тұлғаларының қатарында болған. Барлығын тізіп жатпасақта, есімі ел есінде қалған бірқатарын атай кетсек, 18-19 ғасырда өмір сүрген Бекболат би, Итқара батыр, Нұрсейіт шешен, Тілеу баба, Бөкеш билер мен өткен ғасырдың көшін бастаған Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, қазақтан шыққан тұңғыш математик ғалым Мыңбай Ысқақов, 1939 жылы алғашқы кандидаттық диссертация қорғағанқазақ Сұлтанбек Қожахмет, Социалистік Еңбек Ері, мемлекет қайраткері Баян Жанғалов сияқты айтулы тұлғалар. Аты аталғандардың арасында Бекболат би Елизавета-1 патшайымға билігі кезінде Санкт-Петербургқа елшілікке барғаны белгілі болса, Қанай бидің ұлы Итқара батырдың Абылай ханның күзет жасағында болып, жоңғарлармен кезекті бір соғыста қаза тапқаны жайлы айтылды. Оған қоса, «Нағашым жалпақ жатқан Қанай елі» деп жырына қосқан Балуан Шолақтың анасы Қалампыр Қарауылдың қызы болғанында осы жиыннан естіп, білдік. Егемендіктің алғашқы жылдарында тарихымызды түгендеуге тың серпін берілді. Тарихи тұлғалардың, оның ішінде Қанай бидің де аты аталып, зерттеу жүргізілді. Соның ішінде суретін салу жұмыстары қарастырылды. Осы тұстажазушы Естай Мырзахметов тарихи аңыз, әңгімелерге сүйене отырып, жиені ретінде Балуан Шолақтың Қанай биге келбеттік ұқсастығын анықтайды. Соның негізінде Көкшетау университетінің суретші мамандарына Қанай бидің суретін салғызады. ОсылайшаҚанай бидің қолданыстағы портреті қалыптасады.
– Сонау бір жылдары Қанай бидің өмірі мен қызметін зерттеу жөнінде топ құрылып, соған мені төраға етіп сайлаған еді. Ол кезде Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин еді.Сол кісіге жүгініп, Қанай би қарауылдың бір атасының басында тұрған тұлға ғана емес, ол қазақтың басын қосуға, Абылайды хан көтеруге атсалысқан қоғам қайраткері, ұлт мүддесін ойлаған дарабоз екенін айтып, Көкшетауда еңселі ескерткіш орнатса, Зерендіге Щучинск жақтан кіретін жол бойына «Қанай би елі» деген еңселі жолайрық (арка) қойылса деген өтініш айқанымыз есімізде. Бірақ, артынан әкім ауысты, елге пандемия дерті жайылды, бастаған іс орта жолда қалып қойды.
Негізі, Қанай бидің есімін ұлықтау аса маңызды.Ол Төле, Қаз дауысты Қазбек, Әйтеке билер және Бұқар жыраумен қатар тұрған тарихи тұлға. Елдік деңгейде зерттеу жұмысы қолға алынса деген ой бар.Әлі күнге дейін өзінің Зерендісінде бір көше атауы берілмей келеді. Аудан орталығындағы Ленин көшесі беріледі дегелі де біраз жыл өтті. Көкшетау қаласында да шолақтау көше берілген.Қарауыл Қанай биді оның ұрпақтары ғана ұлықтамауы тиіс. Елдіктің нышаны, азаттық күресінің басында тұрған Абылай ханның серігі ретінде Көкшетауды былай қойып, елорданың өзінде еңселі ескерткіші қойылуы қажет деп ойлаймын, – деді өз сөзінде Бақыт Смағұл.
Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар жандандырылуын тілейді. Алдымен, өзінің туған елі Зерендіден әлі бір көше берілмей келе жатқаны ұят. Көкшетау қаласында да ұлыларымыздың ескерткіштерінің саусақпен санарлық екені белгілі. Жалпақ жұртқа ортақ тұлға ретінде Қанай биескерткішін орнату бірден-бір құптарлық іс.
Сонымен бірге, Қанайтану ғылымында да ескеретін кейбір мәселелер бар. Бүгінгі таңда Қанай би туралы деректер ауыз әдебиеті немесе отандық тарихшылардың еңбектерінен алынған. Бұл қазіргі және болашақтағы тарихшы, зерттеушілердің назарында болатын іс деп ойлаймыз. Өйткені, Қанай би Цин патшалығы кезінде Қазақ хандығы тарапынан барған елшілер құрамында болған. Алайда, бұл туралы тарихи фактілер әлі нақтыланбай келеді. Оны зерттеу үшін тарихшыларға қытай тіліне қоса, орта ғасырлық манчжур тілінде білу керек болады. Және де Қанай би Ташкенттің бегі болғанына бір дәлел, бүгінде Ташкент қаласының маңайы толған қазақ ауылдары. Ішінде Арғын Қанай би ұрпағымыз дейтін қандастар да табылған. Олармен де байланыс орнатып, жұмыс жүргізсе, әлі талай сырдың беті ашылары анық. Жалпы алғанда, бұл бағытта шетелдік архивтермен жұмыс істеудің маңызы зор болып отыр.
Қанай би ауылындағы конференцияға мектеп мұғалімдері ғана емес, оқушылар да ат салысып, өз өнерлерін көрсетті. Тарқатып айтсақ, ауданның 15-ке жуық мектептерінің арасынан 3 аталым бойынша сайыс өткізілген. Олар – «Отанымыз және біз» тақырыбында 5-11 сынып оқушылары арасында мәнерлеп оқу сайысы,ұстаздар арасында «Қанай би, шешен, батыр, Абылай ханның бас кеңесшісі, қоғам қайраткері» атты жоба қорғау шарасы, «Оқиға калейдоскопы» тақырыбымен ұйымдастырылған мұғалімдердің ашық сабағы. Өз кезегінде оқушылар «Қанай би» қойылымын қойып, аталарының бала күніндегі зеректігін көрсетіп жатты. «Болмасаңда ұқсап бақ» деп дана Абай айтқанындай, бір жағынанаруақты бабаларына еліктеулері қуантарлық. Ауылдың қара көз, қара домалақ бүлдіршіндері би аталарына арнау өлеңдерін оқып, домбырада күй шертіп, ән айтып, би билеп, жиын соңын шағын концертке ұластырды.
Конференцияның қорытынды бөлігінде сөз сөйлегенаудандық білім бөлімінің басшысы Динара Кенжеболатова бұл рухани іс-шараның өскелең ұрпақ үшін берерінің көп болғанын атай келе, қонақтарға және аталмыш ауылдың мектеп ұжымына алғысын білдіріп, өнерлерін ортаға салған барлық мектеп бүлдіршіндерін мақтау және алғыс хаттармен марапаттады.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.