Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласына жұмыс сапары барысында «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің және көпсалалы ауруханасының құрылыс барысымен танысып, жаңа баспанаға ие болған 67 отбасына пәтер кілттерін табыс етті.
Көптен күткен жайлы пәтерлерді қала әкімдігі әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін арнайы сатып алған болатын.
– Бүгін жас, әрі гүлденіп келе жатқан Қосшы қаласында 67 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Өз баспанасына қол жеткізу – әрбір адам мен отбасы үшін үлкен мереке. Бұл қуаныш тек осы отбасылар үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды оқиға, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
– Мемлекетімізге, еліміздің Президентіне шексіз алғысымызды білдіреміз. Әрбір жан өз армандаған пәтеріне қол жеткізсін деп тілеймін. Бүгін қоныс тойын тойлап жатқан барша жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын, – деді жаңа пәтерге ие болған алты баланың анасы Жансұлу Әсет.
Айта кетсек, жуырда ғана облыс орталығында 48 отбасыға жаңа пәтер кілттері табысталған болатын. Жыл соңына дейін Қосшы қаласында 100-ден астам пәтер сатып алу жоспарланған. Бұл тұрғын үйлер көпбалалы отбасылардың, жетім балалардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың және басқа да мұқтаж азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталады.
Сонымен қатар, соңғы жылдары өңірде тұрғын үй құрылысына 200 миллиард теңгеден астам инвестиция салынып, 2 миллион шаршы метрге жуық баспана пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 12 мыңға жуық ақмолалық отбасы жаңа баспанамен қамтамасыз етілді.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласына жұмыс сапары барысында үлестік құрылыс нысандарының бірі саналатын «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен танысты.
Бұған дейін облыс әкімдігі мен «Ғаламат» құрылыс компаниясының арасында ұзаққа созылған құрылыс нысандарын аяқтау бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалған болатын. Компанияның атқарушы директоры Алмас Ғалимарданов «Сиреневый сад» және «Diamond Park» кешендерінің құрылысын аяқтау жоспарын ұсынды.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында тоғыз қабатты үйдің тірек құрылымдарын тұрғызу, сыртқы қабырғалар мен арақабырғаларды кірпішпен қалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, бес қабатты үйдің іргетасын дайындау, сынақтық қада қағу сияқты жұмыстар атқарылып жатыр. Құрылыс алаңында шамамен 80 жұмысшы мен 20-дан астам техника жұмылдырылған.
Өңір басшысы құрылыс қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтіп, инвесторларға туындаған мәселелерді шешуде жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ, қала басшылығы мен тиісті мемлекеттік органдарға күнделікті жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырды.
– Жұмысы ұзаққа созылған құрылыс нысандарын аяқтау – өңір үшін маңызды міндет. Азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етіп, үлестік құрылысқа деген сенімді қайта қалпына келтіруіміз қажет. Басқа проблемалық тұрғын үй кешендерінің мәселелері кезең-кезеңімен шешілетін болады, – деді облыс әкімі.
Қосшы қаласында Астана мен жақын аудандардың тұрғындары үшін ірі медициналық нысан болып табылатын жаңа көпсалалы аурухананың құрылысы жүргізілуде. Жобаны «Viamedis» ЖШС жүзеге асыруда, ал, «ӘлемЭнергоСервис» серіктестігі мердігер ретінде жұмыс істейді.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов көпфункционалды аймақтық аурухананың құрылыс барысымен танысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қосшы қаласының инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Бүгінгі күні емхананың ғимаратын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылысты аяқтау 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Нақтырақ айтсақ, биылғы маусым айында Ақмола облысы әкімдігі мен «Viamedis» компаниясы арасында емханасы бар көпсалалы аурухананың құрылысы туралы меморандумға қол қойылған болатын. Жобаның жалпы көлемі 28 миллиард теңгеден астам жеке инвестицияны құрайды, оның 14,4 миллиарды құрылыс жұмыстарына, ал, 9 миллиарды заманауи медициналық жабдықпен қамтамасыз етуге жұмсалады.
Аурухана 300 орынға арналған, оның ішінде ауысымына 1000 адамды қабылдайтын емхана, сондай-ақ, хирургия, травматология, кардиохирургия, нейрохирургия, онкология және химиотерапия бөлімшелері қарастырылған. Сонымен қатар, медициналық орталықта операциялық және перзентхана бөлімдері, позитронды-эмиссиялық томографы бар заманауи диагностикалық база жұмыс істейді.
Жаңа медициналық орталық Қосшы қаласының, сондай-ақ, Целиноград, Ерейментау, Аршалы, Астрахан, Егіндікөл, Шортанды және Қорғалжын аудандарының тұрғындары үшін денсаулық сақтау жүйесінің маңызды буынына айналады.
Аурухана кешені емхана, стационар, әкімшілік корпус және басқа аймақтардан келген науқастарға арналған пансионатты қамтиды. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлерді тарту үшін Қосшы қаласында аурухана қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер салу жоспарлануда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.