5 желтоқсан – Қазақстан Республикасының адвокатурасы күні
Егеменді еліміздің тарихында алғаш рет қазақстандық адвокатураны ұйымдастырудың және оның қызметінің демократиялық қағидаттары, сондай-ақ, адвокаттық қызметтің кепілдіктері 1997 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен заңды түрде бекітілді.
Осы күннен бастап өз қызметін жүзеге асыру кезінде адвокаттардың тәуелсіздігі, қазақстандық адвокаттардың қызметіне құқық қорғау және басқа да органдардың араласуына жол бермеу мәселесі посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып арнайы заңмен регламенттелді. Оны көрші елдердің көптеген адвокаттары прогрессивті деп таныды және тәуелсіз адвокатураның дамуына негіз болды.
«Advocatus» термині латынның «advocatio» сөзінен шыққан, ол көмекке жүгіну, сот арқылы қорғау дегенді білдіреді.
Заң қазақстандық адвокатураның негізгі мақсатын – адамның Конституциямен кепілдік берілген құқықтарын, бостандықтарын сот арқылы қорғауға және білікті заң көмегін алуға құқығын іске асыруда мемлекетке жәрдемдесуді айқындады.
Адвокаттар қызметіндегі жаңа вектор адвокатураның имиджіне және оның сот төрелігін іске асыру жүйесіндегі және адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын қорғаудағы маңыздылығына оң әсерін тигізді. Адвокатура мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетудің негізгі субъектісіне айналды. Осы орайда, барлық азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтық ақпарат түрінде кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегін тегін алуға құқығы бар екенін айту маңызды.
Біздің азаматтар тұрғылықты жеріне және орналасқан жеріне қарамастан, сондай-ақ, кепілді мемлекеттік заң көмегіне мұқтаж адамның мүддесі үшін Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқылы, мұндай көмек көрсету туралы өтінішпен оның өкілі заңдарда белгіленген тәртіппен жүгіне алады.
Біріншіден, кепілді мемлекеттік заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокат әділет органымен осындай көмек көрсету туралы келісім жасасуға және Е-заң көмегі ақпараттық жүйесінде тіркелу тиіс.
Қазіргі уақытта бұл жүйеге Ақмола облысы бойынша 104 адвокат қатысуда. Жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға заң көмегін көрсеткеннен кейін біздің адвокаттарымыз азаматтарға көрсететін мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық кеңес беруге, қорғауға және өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу қағидаларына сәйкес төлеуді жүзеге асырады.
1939 жылы 16 тамызда алғаш рет КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі адвокатураны ұйымдастыру мен қызметінің өзекті мәселелерін шешетін Адвокатура туралы Бүкілодақтық ережені қабылдады. Біріншіден, адвокатура ел ауқымында орталықтандырылды. Ереже сондай-ақ, адвокатураның міндеттерін, оның қызметіне басшылықты, бүкіл КСР Одағы үшін бірыңғай құрылымды және адвокатура органдарының мүшелігін айқындады.
Осылайша, бұрын адвокаттар алқалары аясында жұмыс істеген топтар жойылып, әр түрлі практикалық іс-шаралар заң консультациялары арқылы жүзеге асырылатындығы анықталды, олар сол кезден бастап адвокатураның төменгі буыны болды. Адвокатураның келесі құрылымы бекітілді: барлық облыстарда, аудандарда, облыстық бөлінісі жоқ автономды және одақтас республикаларда адвокаттық қызметпен айналысатын адамдардың ерікті бірлестіктері болып табылатын адвокаттар алқалары құрылды.
Бүгінгі күні Ақмола облысы Адвокаттар алқасында 363 адвокат азаматтардың Конституциялық құқығын қорғауды жүзеге асыруда.
Адвокаттар Әділет департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, әрдайым мұқтаж азаматтарға сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарға, көп балалы отбасыларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға үнемі қайырымдылық, материалдық және құқықтық көмек көрсету мақсатында «Әділет кеңес береді», «Халық заңгері», «Тегін құқықтық көмек» акцияларына және басқа да құқықты түсіндіру жұмыстарына белсенді түрде қатысып тұрады.
Халықтың құқықтық мәдениетін және сауаттылығын арттыру мақсатында адвокаттар Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жанынан құрылған мобильдік тобымен бірлесіп, облысымыздың елді мекендеріне шығып, ауыл тұрғындарына құқықтық көмек көрсетіп тұрады. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға білікті заң көмегін көрсету мақсатында адвокаттар облыстық Әділет департаменті басшылығымен жергілікті атқарушы органдарымен, облыстық мәслихат депутаты, облыстық «AMANAT» партиясымен бірлесіп, облысымыздың елді мекендеріне барып су тасқынынан зардап шеккен азаматтарына жан-жақты құқықтық көмектер көрсетілді.
Қазақстандық адвокатура күні қарсаңында, Ақмола облысы Әділет департаментінің ұжымы адвокаттар қауымдастығын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтайды! Осы мерекеде Сіздерге кәсіби жетістіктер, зор денсаулық, өркендеу мен тұрақтылық, сондай-ақ, игі істеріңізде жарқын жеңістер тілейміз!
Баукен ӘЛМЕШ,
Ақмола облыстық әділет департаментінің басшысы.