Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, Целиноград, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласында болды.
Облыс орталығында БАҚ өкілдерімен кездесіп, өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізді. Онда мәдениет және ақпарат саласының басты тақырыптары бойынша қойылған сауалдарға жауап берді. Кездесу барысында вице-министр жақсы жаңалықтармен бөлісіп, келесі жылы өңірде ақмолалықтарға өздерінің шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жаңа хаб ашылатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында креативті индустрияны дамытуды тапсырған болатын. Жиында вице-министр Евгений Кочетов креативті индустрия экономиканың қозғаушы күшіне айналуы тиіс және осы бағыттағы жобаларға мемлекет тарапынан қолдау болатынын хабарлады.
– Мамандандырылған қор Ақмола облысының аумағында жұмыс істейді, республика бойынша осындай 10-хаб ашылды. Жоспар бойынша биыл ашуды көздеп едік, алайда көктемгі су тасқынына байланысты кейінге қалдыруды жөн көрдік. Бұл жоба «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп іске асырылуда. Аталған хаб бізге не береді деген сұрақ туындауы әбден мүмкін. Бұл өз қолымен неше түрлі бұйымдар жасайтын қолөнершілерге өздерінің идеяларын жүзеге асыруға, соны табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік береді. Түсіндіре кетсем, белгілі бір ауылдың тұрғыны құрақ көрпе немесе басқа да бір бұйымдарды шебер тігеді делік, бірақ оларды қалай сату жолын білмейді, ал шығармашылық хабтар бұл адамдарға маркетплейстерде қалай дұрыс жұмыс істеп, өз өнімдерін қалай ұсыну керектігін үйретеді. Қордың өзі осындай жобаларды қолдайды. Қазақстанда шығармашылық адамдарын қолдауға арналған бұрын-соңды болмаған шаралар іске асырылатын болады. Мұндай хабтар әлемнің әрбір елінде бар. Біз де өз моделімізді таптық. Біз қазақ стилінде жұмыс істейтін боламыз, – деп атап өтті Евгений Дмитриевич. Бұдан әрі спикер әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан адамдарды қандай жауапкершілік күтетіні туралы айтты.
– Бүгінгі таңда жалған ақпаратты тарату тақырыбы өте өзекті. Егер біз бұрын жалған ақпарат таратуға қатысты қылмыстық кодексті басшылыққа алсақ, бүгінде әлеуметтік желілерде таратқандары үшін қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін екенін әділетті емес деп санаймыз. Сондықтан, біз бапты қылмыссыздандыру екенін түсініп, әкімшілік жауапкершілікке тарту жағын қарастырдық. Бұл әлемжеліде жалған ақпаратты таратудың алдын алу үшін маңызды. Себебі, қандай әлеуметтік желі болмасын, өзінің аудитория санына қарамастан таратқан ақпараты үшін жауап беруі керек, – деді Евгений Кочетов.
Сонымен қатар, спикер аймақ журналистеріне мәдениет және ақпарат министрлігінен жаңа білім алуларына мүмкіндік бар екендігін жеткізді. Ведомство платформаларында журналистерге түрлі курстар мен тренингтер қолжетімді орналастырылған.
Брифингтен кейін вице-министр Ақмола облысының креаторларымен кездесіп, креативті индустрияның маңызды бағыттарын талқылады.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.