Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Көкшетау қаласында Шахмат үйінің ашылу салтанаты болып өтті. Оған Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов, өңіріміздің ардагерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жас шахматшы-чемпиондар қатысты.
Қолға алынған игі істің нәтижесінде облыс орталығында бұрын-соңды елімізде болмаған бірегей орталық ашылып отыр. Шахмат үйі Көкшетау қаласының көзмоншағы саналатын Қопа көлінің жағалауында орналасқан.
– Шахмат үйінің ашылуы – біздің облыс үшін маңызды оқиға. Бұл орталық шахматшылардың жаттығу орны ғана емес, интеллектуалдық ойында табысқа ұмтылатын жастардың басын қосатын орынға айналады. Жоба елімізде шахмат ойынын дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылды, – деді өз сөзінде облыс әкімі.
Ал, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов бұл бастаманың Қазақстанда шахмат қозғалысын дамыту үшін маңыздылығын атап өтті.
– Шахмат үйі жаңа чемпиондарды даярлау, жастар арасында шахматты насихаттау және олардың шеберлігін жетілдіру үшін басты алаңға айналады, – деді ол.
Жоба Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) Freedom Broker компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Ғимаратта болашақ гроссмейстерлердің жан-жақты білім алуына барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Заманауи жабдықталған ойын залдары, оқыту, жаттығу және жарыстар өткізу, демалыс бөлмелеріне дейін қарастырылған. Бұдан басқа, аталмыш орталықта алдағы уақытта республикалық оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға, шахматшыларды ірі турнирлерге даярлауға және олардың кәсіби деңгейін арттыруға арналған ауқымды іс-шаралар өткізілетін болады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ,бұл орталықта еліміздің көрнекті гроссмейстерлері шеберлік сабақтарын өткізетін болады.
Қазіргі таңда Ақмола облысында 13450 адамшахматпен шұғылданады. Оларға кәсіби түрде сабақ беретін 248 жаттықтырушы бар. Олардың қатарында 1 халықаралық санаттыжәне 11 бірінші санатты төреші, сондай-ақ, ФИДЕ арбитрі сияқты білікті төрешілер құрамы бар. Көкшетаудың атын шығарған көне зияткерлік ойын саңлақтарының бірегейі – Серікбай Темірбаев. Ол 1995 жылы халықаралық гроссмейстер атағын жеңіп алды.
Тағы бір ерекше екпін түсіре атап өтерлігі, облыста 5 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі жұмыс істейді, онда 138 жас шахматшы жаттықтырушылардың тәлімімен шеберліктерін шыңдап жүр.
Ақмола облысында соңғы жылдары шахмат ойыны жаңа қарқынмен даму үстінде. Бір ғана мысал, облысымыздың 395 мектебінде шахмат секциясы ашылған, онда 7 мыңнан астам оқушы білім алуда. Сондай-ақ, 38 мектепте вариативті компонент аясында «Шахмат негіздері» курстары жұмыс істейді. Сонымен қатар, мектептен тыс ұйымдарда оқушы балалар шахмат үйірмелерінде тегін оқиды. Бір сөзбен айтқанда, аймақта шахмат қозғалысы жаңа серпінге ие болуда. Осының арқасында жас шахматшылар елімізде өткізіліп жатқан турнирлерде жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, абырой биігінен көрінуде. Олардың қатарында Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейінің оқушысы Санат Исаханов бар, ол шахматтан 1-ші разряд иегері болса, Бейбарыс Мамыров жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы, Әлім Болат пен Сәлкей Жүзбай республикалық мектеп лигасының жүлдегерлері. Біз есімдерін атап өткен балалар өңіріміздегі дарынды жастардың бір шоғыры ғана.
Салтанатты жиында білім саласының ардагері, белгілі шахматшы Тельман Мұқышев жас шахматшыларға жүрекжарды тілегін жеткізіп, өзі де талай жылдардан бері осы шахмат ойынымен айналысып жүргендігін алға тарта отырып, ойынның жас ұрпақтың зейінін ашуға зор септігін тигізетіндігін баса айтып, өңір басшысына алғыс білдірді.
Көкшетаудағы Шахмат үйінің ашылуы Қазақстанда шахмат қозғалысын дамытудың маңызды кезеңіне айналып отыр және шахматшыларға кәсіби өсу мен жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін жаңа мүмкіндіктер туғызғанына сенім зор. Себебі, бұл жай ғана білім ғимараты емес, ұрпақтардың тоғысып, жас таланттардың шеберлерден тәлім алып, жаңа жеңістерге қанаттанып, шабыт алатын орны.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.