Жуырда Достық үйінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы өтіп, онда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев осы халықаралық қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.
Жабал Ерғалиұлының есімі қазақ әдебиетіндекеңінен танымал. Қарымды қаламгердің жазушылық, журналистік еселі еңбегі ел аузында. Қай мінбеден сөйлесе де, қандай шығарма жазса да, алдымен ұлт, ел, тіл мүддесін көздейтін тұлғаның қаламынан тамған сия бірде тарих болып төгіліп, енді бірде тағылым болып өріледі.
Жазушы он алты прозалық кітаптың авторы. «Бұлтты түнгі толған Ай», «Құлпытастың көз жасы», «Жетім тағдыр», «Қас-қағым», «Жан шырылы» және «Қилы жол» атты драмалық шығармалары еліміздің театрларында сәтті сахналанып жүр. Осы ретте, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры автордың «Қилы жол» тарихи драмасын бес жүзден астам әртістің күшімен 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік шарада Тараз қаласының стадионында сахналап, отыз мыңға жуық көрерменнің назарына ұсынғанын айта кетсек те жеткілікті.
Демек, осындай жанның тіліміздің тағдыр-талайы жолындағы жаңа қоғамдық қызметінде де өзін қайраткерлік қырынан көрсетіп, ұлт мүддесіне аянбай үлес қосатынына сенім мол.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.