Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алдағы үш жылдың облыстық бюджеті бекітілді - АРҚА АЖАРЫ

Алдағы үш жылдың облыстық бюджеті бекітілді

Ақмола облыстық мәслихатының биылғы жылдың соңғы он алтыншы сессиясында депутаттар 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетті бекітті. Облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіповтің төрағалығымен өткен сессия жұмысына облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, сөз сөйледі.  

Сессияға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, департаменттер мен басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне орай, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова баяндама жасап,  2025 жылғы және одан арғы жылдардағы бюджеттің негізгі бағыттарына тоқталды. Одан әрі бюджет жобасын талқылау бойынша жарыссөзде облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, депутат Марат Қойшыбаев, облыстық мәслихат депутаты, Халықаралық ғылыми-техникалық орталық директорының кеңесшісі Айдын Төребаев, Зеренді аудандық мәслихатының төрайымы Райхан Ғабдуллина сөз сөйледі. Сөйтіп, мәслихаттың 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

–Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында облыста қомақты істер атқарылуда. Бүгінгі сессияда облыс депутаттары алдағы үш жылдың бюджетін бекітті. Біраз жұмыс жасалды. Депутаттық корпусқа бюджетті қалыптастыруға белсенді қатысқандары үшін алғыс айтамын, –дей келе, Марат Ахметжанов облыс бюджетін жоспарлау бойынша негізгі мәселелерге тоқталды.

2025 жылдың облыстық бюджеті ағымдағы жылға қарағанда 43 миллиард теңгеге өсіп, 533 миллиард теңгеге жеткен. Бұл біздің облыстың қолда бар даму әлеуетін пайдалана алатынын көрсетеді. Яғни, мемлекет жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік жауапкершілікті арттыруда. Енді осы бюджеттің 60 пайызы әлеуметтік бағыттағы салаларға жұмсалады. Атап айтқанда, әлеуметтік қамтамасыз ету мен халыққа әлеуметтік көмек көрсетуге 17 миллиард теңге бөлінбекші.

Бұл орайда, облыс әкімі Ақмола облысында алғаш рет зейнеткерлерге тегін жол жүру үшін қаражат қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ, зейнеткерлерге санаторлық-курорттық емдеу үшін қаражат бөлу де жоспарлануда. Осы бастамаларды іске асыруға шамамен 3 миллиард теңге бөлінбекші. Сонымен бірге, Көкшетау қаласында тағы бір маңызды жоба іске асырылып, қарт адамдарға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылады деп күтілуде. Бұл орталық зейнеткерлерді салауатты өмір салтына бейімдейтін болады. Аймақ басшысы атап өткеніндей, бұл шаралар аудандарда да қолға алынып, облыс тұрғындарының мүмкіндігінше көп бөлігін қамтуы тиіс.

Әлеуметтік бағыттың маңызды буыны – білім беру саласы. Бұл салаға келесі жылғы облыс бюджетінің елу пайызға жуығы – 250 миллиард теңге бағытталады, оның 176 миллиард теңгесі орта білім беру шығындарына жұмсалмақшы.

–Мектеп оқушыларын тамақтандыру сапасын жақсарту үшін 2025 жылға 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Қазіргі уақытта облыста бір оқушының тамақтануына 715 теңге жұмсалып, бұл көрсеткіш бойынша біз республикада алғашқы төрттікке еніп отырмыз. Енді келесі жылдан бастап бұл көрсеткішті 808 теңгеге дейін арттырамыз. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында оқушылардың тамақтану сапасы артады әрі оған бақылауды да күшейтеміз. Білім беру ұйымдарындағы жағдайды жақсарту үшін күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына шамамен 9 миллиард теңге қарастырылған. Биыл облыста 6 жаңа заманауи және жайлы мектеп пайдалануға берілді, тағы 3 мектептің құрылысы аяқталу сатысында, –деді Марат Ахметжанов.

Аймақ басшысы өз баяндамасында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау мақсатында жедел жәрдем көліктеріне «Сергек» жүйесі орнатылып, ол бүгіннен бастап қолданысқа енгізілгенін атап өтті. Бұл Қазақстан бойынша тек Көкшетау қаласында қолға алынып отырған жаңалық десе болады. Осы орайда:

–Жоба Мемлекет басшысының азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында іске асырылуда, –деді аймақ басшысы.

Сонымен бірге, облыс әкімі баяндамасында аграрлық бағытқа 51,5 миллиард теңге бөлінетінін айтып, аудан және қала басшыларына алдағы көктемгі егін науқанына дайындықты қазірден бастау қажеттігін, шаруа қожалықтарына мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бойынша жұмысты жандандыру, жер учаскелерін тиімді пайдалану секілді мәселелерді қадағалауды тапсырды.

Сессияда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына бағытталған қаржы жайы да айтылды. Бұл ретте, жол-көлік инфрақұрылымына 46 миллиард теңге жұмсалатын болса, тұрғын үй құрылысына 6,3 миллиард теңге қарастырылатын болады.

–Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында дайын пәтерлерді сатып әперуді қолға алдық. Бұл ұзақ жылдар бойы баспана кезегін күткен көп балалы отбасыларына, жетім балаларға және басқа да азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге оң септігін тигізді. Биыл осындай осал топтарға жататын облыс тұрғындарына 13,2 миллиард теңге соманы құрайтын 752 пәтер сатып алып берсек, жыл соңына дейін Атбасар мен Біржан сал аудандарында тағы 88 пәтер сатып алынады, –дей келе, облыс әкімі реновация бағдарламасы бойынша басталған жұмысты баяндады. Жалпы, облыс орталығы Көкшетау қаласының 11 аймағында кезең-кезеңімен тозығы жеткен 136 үйге жөндеу жүргізіледі.

–Жалпы, көріп отырғандарыңыздай, алдағы облыс бюджеті жоспарланған шығыстарға, іске асырылып жатқан жобаларды аяқтауға және көзделген мемлекеттік бағдарламаларды орындауға жұмсалмақшы, –деді сөз соңында облыс әкімі.

Сессиядан соң Марат Ахметжанов журналистер қауымымен кездесіп, брифинг өткізді. Онда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Көкшетау қаласының тұрғындары қашан таза ауыз сумен қамтылатынын, Вернадский көшесінің бойындағы апатты үйге қала тұрғындарын орналастырудың себебін, жаңадан тағайындалып жатқан аудан әкімдері мен кейбір басқарма басшыларына қатысты мәселелерді сұрап білді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар