Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында аймағымызда жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Бұл жөнінде алғашқы сөз облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковқа берілді.
Ол 2024 жылы республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды салу және жөндеу бойынша 130-дан астам жобаны іске асыруға шамамен 104 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады. Осының нәтижесінде елді мекендерде 800 шақырымға жуық автокөлік жолдары мен көше-жол желісі салынды және жөнделді. Осы ретте:
–Астана қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары» және «Астана қаласының шетіндегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту» бағдарламалары аясындағы жұмыстарды атқару үшін 18,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осы қаражаттың арқасында 29 елді мекенде 100 шақырым автожол жөнделді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы да облыстың тоғыз өңірінде 24 жобаны іске асыруға мүмкіндік берді. Осы мақсаттарға 4,1 миллиард теңге қаржы бағытталып, бұл 50,4 шақырым жолды жөндеуден өткізуге мүмкіндік берді,– деді В.Кулаков.
Сондай-ақ, спикер ағымдағы жылдың көктемгі су тасқыны нәтижесінде автожолдарды еріген қар су басуының 141 жағдайы тіркелгенін, одан жалпы ұзындығы 20 шақырымнан астам 40 учаске зақымданғанын, үш көпір – Жалтыр-Макинск, Қима-Терісаққан және Көкшетау қаласының Б.Әшімов көшесіндегі көпір қирағанын атап өтті. Бүгінгі таңда жолдарды қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, ал көпірлер бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Облыс аумағында жол қатынасы бойынша 108 тұрақты маршрут жұмыс істейді, оның 91-і әлеуметтік жағынан маңызды деп танылған және субсидиялауға жатады. Соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен әлеуметтік тарифті субсидиялауға 5,1 миллиард теңге, соның ішінде 2024 жылы 2,3 миллиард теңге бөлінді.
Жергілікті маңызы бар 12 262 шақырым автомобиль жолдарын қыста күтіп ұстау үшін 11 мердігер ұйыммен шарт жасалды. Қолда 132 қар тазалау техникасы бар, оларға 150 тоннадан астам жанар-жағар май, сондай-ақ, 5000 текше метр мұзға қарсы материал дайындалды.
Бұдан әрі күн тәртібіндегі мәселе бойынша «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Ақмола облысы филиалының директоры Нұржан Жұқабетовтың есебі тыңдалды, ол өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар және жоспарланған жобалар туралы айтып берді.
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Марат Ахметжанов құрылыс-монтаж жұмыстары мен жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың сапасына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, бюджет қаражатын тиімді игеруге және жолдарды пайдалануға беру мерзімдерін қатаң сақтауға шақырды.
Әкімдік отырысы көрсеткеніндей, жол инфрақұрылымы аймақты дамыту және облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыру үшін басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.