Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
200 баланың көзайым қуанышына айналды - АРҚА АЖАРЫ

200 баланың көзайым қуанышына айналды

Осы күндері еліміздің барлық өңірлерінде жылдағы дәстүр бойынша балаларға Мемлекет басшысының атынан ұйымдастырылған Жаңа жылдық шырша мерекелері өтіп жатыр.

Президент шыршасының шамдары Ақмола облысының бас қаласы Көкшетауда іске қосылған аз уақытта шын мәнісінде балалар мен жасөспірімдердің орталығына айналып үлгерген «Bolashaq» сарайында жағылды. Мерекелік шараға мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасылардың балаларымен қатар, озат оқушылардан 9-13 жас аралығындағы 200 оқушы қатысты.

Жаңа жылдық хореографиялық қойылымның ажырамас бөлігі – ертегі кейіпкерлері Ер Төстік, Көк бөрі және 2025 жылдың символы – Жыланның қатысуымен балалар шыршаны айналып, би билеп, шырша шамдарын жағу рәсімін тамашалады.

Келе жатқан жаңа жылмен балаларды Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Елдос Рамазанов құттықтады. Ол өз сөзінде жас ұрпаққа қамқорлықтың маңыздылығына тоқталды, бүгінгі жеткіншектер ертеңгі ел тірегі екендіктерін айтып, келешекте осы іске аянбай өз үлестерін қосатындықтарына үміт артты. Осы орайда:

–Менің жас достарым, бүгін мұнда ең талантты, ең жарқын, шығармашылық, белсенді балалар жиналғанын көріп тұрмын. 2025 жыл сіздер үшін жарқын және есте қаларлық жыл болады деп үміттенемін. Осы жаңа жыл сіздерге көптеген қуаныштар, жетістіктер, жеңістер әкелсін. Армандарыңыз орындалсын, жаңа жыл құтты болсын! – деді ол.

Жақсы ауданының Жаңа Қима ауылынан келген 12 жасар Арқат Шарапов оқу үздігі. Ол көптеген олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпазы. Президент атынан өткізіліп отырған Жаңа жылдық іс-шараға алғаш рет қатысып отыр.

–Мереке өте қызықты өтіп жатыр. Облысымыздың түкпір-түкпірінен келген балалармен достасып та үлгердім. Мына үстімдегі батырдың костюмін анам дайындап берді. Маған өте ұнайды.  Менің есімде шырша мерекесі ұмытылмастай сақталады деп ойлаймын. Бізге осындай қуаныш сыйлаған үлкендерге көп рахмет, – дейді ол.

Мерекелік шараға ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары, оқуда, спорт пен шығармашылықта және басқа да салаларда белгілі бір жетістіктерге жеткен дарынды балалар қатысқаны көңілге қуаныш сыйлайды.

–Мен Президенттік шыршаға келгеніме қуанамын. Мемлекет басшысына да алғысымды айтамын. Барлық Қазақстанның тұрғындарына Жаңа жылмерекесі мен 2025 жылдың жақсы өтуіне тілектеспін, – дейді Қояндыдан келген Сұлтан Жолжақсы.

– Биылғы жаңа жылдық шыршаның тақырыбы – «Қош келдің, Жаңа жыл!». Біз жан-жақтан келген балаларға ертегі әлеміне енетіндей арнайы театрландырылған көрініс ұйымдастырдық. Мақсатымыз – мерекеге келген барлық оқушыларға тамаша көңіл-күй сыйлау. Балапандарымыздың Жаңа жылда жаңа табыстарға жетулеріне тілектеспіз. Ең бастысы, мектеп қабырғасында сапалы білім, саналы тәрбие алып, елімізге пайдалы азамат болып өскендерін қалаймыз, – деген Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың игі тілегі де көңіл жадыратады.

Мереке соңында жаңа жылдық шырша қонақтарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан 120 мың теңгенің сертификаты мен тәтті сыйлықтар қоржыны табыс етілді.

Салтанат ҚАЛҚАМАНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар