Тұтас елді дүрліктірген топан су биылғы жылы халықты орасан зор шығынға батырғаны рас. Ондаған елдімекендерді су шайып, мыңдаған халық баспанасыз қалды.
Апат Ақмола облысын да айналып өткен жоқ. Арнасынан асып төгілген өзендер Көкшетау қаласы мен Атбасар, Жарқайың, Бұланды, Целиноград, Есіл және Астрахан аудандарында төтенше жағдай жариялауға мәжбүр еткен. Топан су жылдағыдан ағыны қатты болғаны соншалық, жергілікті билік пен төтенше жағдай қызметі елді мекендер мен үйлерден тұрғындарды эвакуациялауға мәжбүр болды. Мемлекет басшысы жедел арада тиісті шешім қабылдап, апат шығындарын анықтауға комиссия құрып, шығын көлемін толық жабуды жүктеді. Бүгінде өңірде апаттың салдарын жою жөніндегі комиссия мен құзырлы жергілікті билік органдары жұмыстарын аяқтағанын ресми түрде баян етті. Сонымен, тасқыннан кейінгі аймақ тіршілігіне шолу жасап көрсек.
Алғашқылардың бірі болып топан су әбігерге салған елдімекен облыс орталығы – Көкшетау болды. Жедел құрылған комиссия облыс орталығының өзінде 90 отбасының үйсіз қалғанын анықтаған. Қазіргі уақытта баспанасынан айырылған және басқа да дүние-мүліктері жарамсыз болған жұрттың шығындары толықтай өтелгені белгілі. Жергілікті атқарушы билік облыс орталығында «Асар Ақмола» қоры, еріктілер мен қоғам белсенділері, депутаттар мен журналистердің еңбегінің өлшеусіз болғанын атады.
Жалпы, облыс әкімі Марат Ахметжановтың орталық коммуникациялар қызметінде су тасқынының салдарын жою бойынша келтірген соңғы деректеріне сүйенсек, өңірде жалпы саны 551 отбасы баспанасынан айырылған болып шықты. Зардап шеккендердің барлығына жаңа үйлер мен пәтерлер салынған және сатып алынған. Қазіргі уақытта топан судың салдарын жою жұмыстары іс жүзінде аяқталғаны аталып өтті. Аймақта жалпы саны 1266 отбасы зардап шеккен. Шығынға батқан 821 отбасының материалдық шығындары өтеліп, 715 отбасына тұрғын үйлерін жөндеуге материалдық өтемақы берілген. Сонымен қатар, екі мыңға жуық отбасына арнайы әлеуметтік көмек берілетін болған.
Біз 221 отбасына тұрғын үйлер мен пәтерлер сатып алдық. Сонымен қатар, өңірде 330 отбасына жаңа үйлер салынды. Атап айтқанда, Атбасар қаласында 165 үй, Бұланды ауданында 114, Есіл ауданында 21 және Жарқайың ауданында 30 баспана салынып, зардап шеккен отбасылар қоныстандырылды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Атбасар қаласында су тасқыны қаупі жоғары аймақта тұратын 100 отбасы жаңадан салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үйге көшірілмек. Өздеріңіз білетіндей, топан су кезінде сонымен қатар, жол инфрақұрылымы да зиян шеккен еді. Тез арада барлық бүлінген учаскелерде жол қозғалысы қайтадан қалпына келтірілді, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта су тасқыны кезінде аса ірі көлемде қирап қалған үш көпірде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалар жасалуда. Сонымен қатар, келесі көктемде су тасқынымен күресу үшін аймақта өткен жылдармен салыстырғанда үш есе көбірек күш жұмылдырылғанын атап өткен жөн.
Атап айтқанда, 174 елдімекенде 65 шақырым су арықтары мен каналдар қазылып, 38 шақырымнан астам өзен арналары тазартылған. Сондай-ақ, 34 шақырым су арналары кеңейтіліп, түптері тереңдетілгені мәлім болды. Жалпы, ұзындығы 110 шақырым тоған бөгендері нығайтылып, 21 шақырымнан астам жаңа бөгендер мен сумен қамту құрылымдары салынып, су құбырлары тазартылған. Тоғыз елдімекенде су деңгейін бақылап отыру үшін қосымша гидростансалар құрылды.
Жылда өзге аймақтарға қарағанда су тасқынының салдарын көбірек тартатын Атбасар қаласында да тасқынның алдын алу жұмыстарына баса назар аударылған. Қаланың айналасында қауіпсіздік шлюздері орнатылып жатыр. Олар шамамен 400-ге жуық үйдің су басу қаупін төмендетіп, ағын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, Жабай өзенінің табанын тереңдету жұмыстары да қолға алынған.
Дәл осындай жұмыстар Көкшетау қаласының Қылшақты өзенінде де жүргізіліп, өзен арнасының түбіндегі қоқыстар мен қамыс қалдықтары тазартылды.
Тасқын судан ірі көлемде зиян шеккен аймақтың бірі Целиноград ауданына қарасты Талапкер мен Қоянды ауылдарында еріген қар суларын бұру үшін жалпы ұзындығы сегіз шақырымдық канал салынды. «Демеу Қазақстан» қорының қаражатымен тағы 3 тоғанда бөгендер салынып, Жабай, Шағалалы және Қалқұтан өзендерінің жағалаулары нығайтылып жатыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше қазіргі уақытта су тасқынының салдарын жою жұмыстары толықтай аяқталған. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде мүліктеріне залал келген отбасылардың бәріне өтемақы төленген.
P.S. Әрине, тасқын су келер жылы және одан әрі де қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Дегенмен, «Сақтансаң сақтармын…» дегендей алдын ала әзірлік шаралары тиісті деңгейде болса, апаттың да алдын алуға болатыны сөзсіз…
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: Есіл ауданында 100 күнде салынған тұрғын үйлер.