Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір қыз бар Атбасарда ел сүйсінген - АРҚА АЖАРЫ

Бір қыз бар Атбасарда ел сүйсінген

Сепе ауылында орта мектепте оқып жүрген Ботагөз өзінің болашағын көз алдына елестеткенде, өмірінің әр сәтін қанша тырысқанмен көре алмайтын. Адам болашағының күнін, жылын дәл болжай алмайды, өйткені, ол сиқыршы емес. Сынып жетекшісі Сайран апай Сағымбаева алдында көздері жәудіреп,  әр сөзін мұқият тыңдап отырған оқушыларының болашағына қашанда сенімді.

Еліміз бейбітшілік саясатын ұстанып, өсіп келе жатқан ұрпақтың білімді болуына үлкен талпыныс жасауы, осы жолдағы әр ұстаздың алдындағы міндеттері айқын. Сондықтан, әр баланың мінезі мен дарынына қарай, кім қандай жол таңдайтынын ұстаз іштей сезіп те жүреді ғой.

Мектептен кейін Ботагөз Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қаржыгерлер даярлайтын факультетіне оқуға түсіп, дипломын алды. Ауылға келгенде «Сепе-2012 » жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Омархан Саханов оны бірден қызметке алды. Өйткені, студент кезінде Ботагөз жаз айларында бос жүрмей, шаруашылықта жұмыс атқарды. Университетті бітіргенде оның бес жыл жұмыс өтілі болды. Университетті 2023 жылы тәмамдады. Омархан Бәниәшімұлы жас маманды есепші қызметіне тағайындады. Ол бір, екінші әрі ойландыратын жағдай, егін жинау науқаны басталғанда есепші Ботагөз Хамзина ЖШС трактор-егіс бригадасының бригадирі болып жүр. 2002 жылы туған, кеше ғана жоғары оқу орнын бітірген жас маман, қыз балаға мұндай жауапты жұмысты сеніп тапсыру үлкен азаматтық деп ойлаймыз. Студенттік кездерде көппен бірге жұмыс атқарған Ботагөздің еңбекқорлығы мен іскерлігін байқаған басшы оған сенім артып, өзінен едәуір жасы үлкен ер азаматтардың үстінен жетекші етті. Еліміздің тарихында трактор, комбайн, көлік жүргізген азаматшалар жетерлік. Қостанай облысында бүкіл Кеңес одағына танымал Кәмшат Дөненбаева, өзіміздің Қорғалжын ауданындағы Амангелді атындағы кеңшарда Наташа Геллерт, Сабынды ауылындағы «Путь Ленина» кеңшарында Тәттібала Бейсембекова жетекшілік еткен қазақ қыздарының трактор-егіс звеносы жайлы аға буын өкілдері жақсы біледі. Олардың адал еңбектері ескерілген Наталья Геллерт КСРО-ның Жоғарғы Кеңесінің, Тәттібала Бейсенбекова Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған, мемлекеттік марапаттауларға ие болды. Бұл тарих беттеріндегі белестер, дегенмен, өткеннен сабақ алу бүгінгі күн тәртібінен түспейді, себебі, салаға мамандар жетіспеуде. Ал, ер азаматтар, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында, кілең жігіттер жұмыс істейтін ұжымға жетекшілік ету, оңай шаруа емес. Дегенмен, «Сепе-2012» ЖШС басшылары осындай ұйғарым жасады. Бұл Б.Хамзинаның иығына артылған жауапкершілігі мол қызмет. Менің қырық жылғы журналистік өтілімде біздің Целиноград-Ақмола облысында қыз-келіншектер трактор-егіс бригадасына бригадир болуын бірінші рет кездестіруім.

Сепе ауылына таяу күндері жолым түсіп, кездескенде Омархан Бәниәшімұлы осы жәйтті айтып, Ботагөзбен жүздесудің сәті туды. Жап-жас, аққұба келген, талдырмаш қыздың дән себу, егін жинау науқандары кезінде өзінен үлкен ағайларына жөн сілтеп, бұйрық беруін көзге елестету қиын болғанымен, жағдай солай.

– Мен есеп-қисапты таңдадым, дегенмен, ағайларым осылай шешкендіктен жұмыс істеп жүрмін, – дейді Ботагөз. –Үйренудемін. Бүгін жастар туған ауылдарында қалғысы келмейді. Барлығы үлкен қалада тұрғылары келеді. Менің кластастарымның кейбіреулері ауылда қалды, еңбек етіп жүр. Мысалы, Ноян Аманжол Сейденұлы дене шынықтырудан сабақ береді, Арман Хамзин шаруашылықта мал саласында еңбек етуде. Міне, сөйтіп, ұстаздарымыздың еңбектерін ақтап жүрміз.

Оның бригадасында тәжірибелі механизаторлар еңбек етуде. Көктемде үш дән себу агрегаты бригаданың алқабына дән сіңіреді, қоңыр күз мезгілінде, үлкен науқан басталғанда жеті «АСRОS» дән жинау комбайндары астық жинауға шығады. Тәжірибелі диқандар Марат Қиямбеков, зейнеткер болса да әлі жұмыстан қол үзбеген Виктор Шенберг және басқа жігіттер егін алқабында тыным таппай еңбек етуде. Ал, жаз айларында Ботагөз Талғатқызы пішеншілер бригадасына жетекшілік етіп, мал азығын дайындайды. Сөйтіп, көктем мезгілінен қоңыр күзге дейін осындай шаруашылық жұмыстарда болып, қыс айларында есепші міндетін атқарады.

Осы орайда, мынаны айта кетелік, жас бригадирдің ағасы Дархан шаруашылықта инженер болып қызмет етеді, соның ақыл-кеңесі де септігін тигізіп, ЖШС басшысы жас маманға үлкен сенім артқан. Осының бәрі оны жігерлендіреді.

Ботагөздің анасы Мәнсия Хамзина болса, өнімі көп жерлерге танымал Сепе наубайханасының меңгерушісі. Ауылда пісірілген нанның салмағы мен арзан бағасы көпті таң қалдыруда. Шағын ауылдың тіршілігі басқалардан кем емес, биылғы жаз айларында ауылдан аудан орталығы Атбасарға қарай жолдың 7 километрі жөндеуден өткізілді, келесі жылы бұл жұмыс одан әрі жалғасады. Егерде үкіметтің қаржысы бөлінген осы жоба толығымен іске асып жатса, Сепеге автокөлікпен жету жеңілдей түседі. Әрі көп жылдар бұрын жөндеуі басталып, аяқталмаған көпірде өткен қара күзде көлік қозғалысы басталды. Жоба бойынша биылғы жылғы ықтимал су тасқыны кезінде көліктер көпірден өте алатын дәрежеде болады, ал, кезек күттірген жұмыстар жалғасын табады. Ауылда соңғы жылдары көпшілік монша, дәмхана салынып, халық игілігіне жұмыс істеуде. Сепеде медресе ашылып, еліміздің әр аймақтарынан келген жастар діни сауаттарын ашуда. Шаруашылық оларды толық қамқорлығына алған, шәкіртақы да төленеді.

Осындай еңселі ауылда тұрып еңбек етіп жүрген Ботагөз Хамзинаның армандары орындалып, өмірде өзіне лайықты орнын тауып жүргеніне қуаныштымыз. Алғашқы қадамдары сәтті болуда. Елімізде жыл сайын ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кең көлемде атап өтілуде. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов осы мерекелі күнге байланысты үлкен жиында марапаттау өткізіп, «Үздік бригадир» аталымы бойынша Ботагөз Хамзинаға Алғыс хат, гүл шоғымен бірге 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етуі облыс көлемінде үлкен жаңалық болды. Біз де, атбасарлықтар, газет оқырмандары атынан жас бригадирді еңбектегі жетістігімен құттықтап,  табыс тілейміз!

Өмірсерік ШАЙХИН,
журналист.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар