Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің бірнеше депутаты Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген болатын. Халық қалаулысы Юлия Кучинская жұмыс сапары кезіндегі жұртшылық өкілдерімен кездесулерде әскери қызмет саласына ерекше назар аударды.
Ол ең алдымен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұжымымен кездесіп, аталмыш саладағы бірқатар өзекті мәселелерге көңіл бөлді. Одан соң Көкшетау қаласындағы жалпы білім беретін мектептер мен колледждердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушыларымен жүздесіп, көптеген маңызды сұрақтар аясында ой бөлісті.
Кездесу барысында мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелері талқыланып, аудандарда әскерге шақырылушылардың медициналық тексеруден өтуіне байланысты заңнамаға енгізілгелі жатқан түзетулер жайы түсіндірілді.
– Қазір Заң жобасы аясында әскерге шақыруды, мектептерде және басқа да білім беру ұйымдарында алғашқы әскери дайындық пен күшейтілген әскери дайындықты ұйымдастыру мәселелері қаралуда. Онда әскери қызметшілердің, әскерге шақырылушылардың мәртебесі мен оларға жасалатын жеңілдіктер ескерілген. Сонымен қатар, Мәжіліс алғашқы әскери дайындық пәні оқытушылары әскери борышын өтеген азаматтар болуы міндетті деген талапты енгізуге қатысты түзетуді қолдап отыр, –деді Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская.
Қорғаныс Министрлігі білім беру мекемелерінде алғашқы әскери дайындық пен әскери кафедраның тиімділігіне мониторинг жүргізуде. Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің депутаттары колледждерде әскери кафедралар ашу мәселесін де ұсынып отыр. Аудандарда әскерге шақыру рәсімін жеңілдетуге арналған шаралар да күн тәртібінде талқыланды.
– Жаңа жылдың алдында Үкіметке аудандық шақыру комиссияларының қызметіне қатысты түзетулер пакетін жібердік. Әскерге шақырылушылардың шақыру пункттеріне тіркелуі үшін бұл үдерісті электронды түрде жасау керек. Бұл аудандық деңгейдегі медициналық комиссияларды азайтып, оларды тек облыс деңгейінде қалдыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әскерге шақыру рәсімінен өту үшін ресми шақырту болып саналатын СМС хабарламалар мәселесі де талқылануда, – деді Юлия Кучинская.
Халық қалаулысы жұртшылықпен кездесулер кезінде тұрғын үй және коммуналдық төлемдер, сондай-ақ, әскери қызметшілердің жалақысын көтеру туралы мәселелерді де назарынан тыс қалдырмады. Жалпы, елімізде әскери қызметшілердің мәртебесін көтеруге, сондай-ақ өскелең ұрпақты әскери өмірге даярлаудың тиімділігіне көп көңіл бөлініп отыр.
Қ.САТКЕН.