Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау қаласында – жаңа жайлы мектеп-гимназия - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау қаласында – жаңа жайлы мектеп-гимназия

Жаңа жыл көкшетаулықтар үшін жақсы жаңалықпен басталды. Облыс орталығының Сарыарқа шағын ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынған, 1500 оқушыға арналған заманауи білім ордасы 2024-2025 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап іске қосылды. Жаңа мектеп-гимназияға  Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ат басын бұрып, ішін аралап, ұстаздарымен танысып, жылы лебізін арнады.

Жап-жаңа жайлы мектеп. Іші-сырты қазіргі заманға сай безендірілген үш қабатты ғимаратқа қарасаң, көзің тояды. Бір қуантарлығы – мектеп қазақ тілінде білім береді. Білім ордасының іске қосылуына жиналған көпшілік қауым ішінде қалалық мәслихаттың депуттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, білім саласының тәжірибелі мамандары болды.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Әйгерім Қошанованың айтуынша, мұнда оқушыларға бар жағдай жасалған. Оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты 4 спорт зал, заман сұранысына орай барлық қажетті құрал-жабдықтармен жасақталған пән кабинеттері, салтанат залы, іші кең асханасы, кітапханасы, хореография залы, медициналық блогы бар. Әрі ұжымның басым бөлігі алдына биік мақсат қойған, өзіндік бастамалары мен жобалары бар жастар қауымы екенін байқадық. Жарты жыл ішінде бой көтерген ғимаратта әр сыныпта 25 оқушыдан оқитын 60 сынып жасақталмақшы. Мектепте жалпы саны 350-ден астам кабинет бар.

– Жайлы мектепті салған мердігер компания – «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мектептің ерекшелігі, мұнда балалардың қызығушылығын туғызатын STEM лаборатория, робототехника кабинеттері мен химия, физика зертханалары бар. Мектеп бір ауысыммен ғана жұмыс істейді, түске дейін оқушылар сабақ оқыса, түстен кейін қосымша үйірмелермен қамтылады. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында іске асырылған бұл жобаның құны 6 миллиард теңгеден асады, – деді өз сөзінде мердігер компанияның бас директорының стратегиялық жобалар жөніндегі орынбасары Әлібек Қайролла.

– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ұлттық жоба шеңберінде облыста бірнеше «Жайлы мектеп» құрылысы бастау алды. Соның бірі осы қазақ тілінде оқытатын білім ордасы. Алматы, Астана қалаларында бой көтерген мектептерден еш айырмашылығы жоқ, заманға сай білім ордасы. Ата-аналар өз көздерімен келіп көрген шығар, барлығы талапқа сай ұйымдастырылған, – деді облыс әкімі білім ұясын аралау кезінде жиналған қауымға.

Сөйтіп, облыс әкімі білім ошағын аралау кезінде ағылшын, қазақ тілі, информатика, химия, физика кабинеттері мен салтанат залын, асханасын көрді. Спорт залын қарау барысында Марат Мұратұлы білім басқармасының басшысына спорт секцияларын ұйымдастыруға тәжірибелі, спортта жетістігі бар мамандарды келісім-шартпен алуға тапсырма берді.

Аталмыш мектепте бұрынғыдай сынып жетекшісі деген болмайды, олардың орнына жоғары оқу орындарындағыдай кураторлар жұмыс істейтін көрінеді.

– Аяқталмай қалған кішігірім құрылыс жұмыстары көктемде жалғасын табады, жол салынады, қауіпсіздік шаралары бойынша бірқатар жұмыстар аяқталады. Бұл мектепке 197 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың барлығы жедел басқару орталығына қосылған және күнделікті бақылауда. Ішінде биометрия арқылы анықтайтын ақылды камералар да бар. Егер мектепке бөгде біреу, қауіп төндіруі мүмкін адамдар,  мысалы, қылмыс жасап, іздеуде жүрген адамдар кірген болса, дабыл қағылып, жедел басқару орталығына хабарланады. Қазіргі жайлы мектептердің бір ұтымдылығы, қауіпсіздік жан-жақты қарастырылған, –деді аймақ басшысы.

Бір сабақта 25 оқушы қатыса алатын хореография залы екінші қабатта орналасқан. Қабырғалары айналармен көмкерілген залда би станоктары, музыкалық орталық тұр. Ал, салтанат залы жанында 2 гримдеу, 2 киім ілгіш бөлмелері қарастырылыпты. Бейне бір театрға кіргендей әсер қалдыратын зал жұмсақ жиһазбен, қажетті музыкалық құралдармен, LED -экранмен жабдықталған.

Мектеп кітапханасы үшінші қабаттан орын тепкен. Онда шағын оқырман залы, медиатека, 30 мың кітап сақтауға мүмкіндігі бар қор, кітап беру бөлімі, бәрі-бәрі жан-жақты қамтылған. Мектепке кіріп-шығу жағы да жоба бойынша үш жақты қарастырылған. Бастауыш, орта, жоғары буын оқушылары бір-біріне кедергі келтірмес үшін өздеріне белгіленген есіктерден кіріп-шыға алады. Сонымен бірге, мектепте ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инсклюзивті қолдау көрсету кабинеті, сенсорлық бөлме де бар.

– Біздің елімізге келешекте озық ойлы, білімі терең, денсаулығы мықты азаматтар керек. Сондай жастарды тәрбиелеп, оқытып шығару үшін осы жоба қолға алынды. Ақмола облысында 9 «жайлы мектеп» бой көтерді. Соның екеуі Көкшетауда салынды. Бірі осы мектеп-гимназия болса, екіншісі осы шағын ауданда орналасқан аралас тілде оқытатын мектеп-лицей. Бір атап өтерлігі, осындай жайлы мектептер облыстың ауылдық жерлерінде де салынуда, – дей келе, өңір басшысы мұғалім мәртебесі, білім берумен қатар, балаларды адамгершілік тұрғысында тәрбиелеу бағытында әңгіме өрбітті. Одан әрі жаңа мектеп ұжымының жұмысына сәттілік тілеп, жас мамандарға үлкен сенім артты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы 2022 жылдан басталды. Бұл білім ордалары бөтен адам кірмейтін қауіпсіз болуы шарт еді, әрі оқушыларға білім алуға барлық жағдай толық жасалуы тиіс-ті. Біз бүгін сол бастама мұратына жетіп, осындай бір игі істің жүзеге асып, балалар игілігіне, келешек ұрпаққа тапсырылып жатқанының куәгері болып отырмыз. Ұстаздар ұжымы да алға ұмтылған жандар екен. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші, бұл мектептің оқушылары да сондай өрлеуге талпынатын, биікке ұмтылатын жастар болып қалыптасады деп сенемін, –дейді зейнеткер ұстаздардың бірі. Сонымен бірге, мектептің ұжымы да, ата-аналар да мемлекет тарапынан іске асырылып жатқан осындай бастамалардың барына алғыстарын білдіріп, облыс әкіміне игі тілектерін арнады.

– Қазақстан бойынша 208 мектеп салынып жатыр. Оның 104-і өткен 2024 жылы аяқталып, пайдалануға берілді. Облыс әкіміне қолдағаны үшін алғыс білдіремін. Ақмола облысында 2024 жылы 9 жайлы мектеп толық аяқталды. Жоспарланған жобалар толық тапсырылған жалғыз облыс десе болады. Бұл жобалар Құрылыс комитетінің банкіне енді,  әрі қарай барлық мектептер осы жобалар бойынша іске асырылады. Енді ешқандай жобалау құжаттары әзірленбейді, тек осы жоба бойынша салына береді, – деді «Самұрық-Қазына Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров.

Бір айта кетерлігі, енді қалаішілік №6, 10 автобустары осы мектеп-гимназияға дейін қатынайтын болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар